Кей түлектерде мектеп бітірерде «бастысы, грантқа түссем болды» деген ой ғана болады. Соның ішінде ауыл жастары квота барына қуанады. Әйтсе де, алмақтың да салмағы бар. Ауыл квотасы арқылы мемлекеттік тапсырыспен оқығандар үш жыл көлемінде ауылда жұмыс істеп, өтеуге міндеттеледі. Бакалаврда өтетін алдағы төрт жылды келместей көретін болса керек, кейбірі өтеу туралы ойламайды да. Әйтсе де, университет қабырғасында жүргенде уақыттың қалай зымырағанын байқамай қалып, қолға диплом алған соң «ал енді ауылға аттан» десе, тартыншақтап жатады. Қалада қызметін жалғастырғысы келіп, ауылдан қашқандар оқу ақысын Үкіметке қайтаруы тиіс. Ал бәрін үстінен бақылап отыратын «Қаржы орталығы» есесін де, ақысын да жібермейтіндер қатарында. Ауыл квотасы жеңілдігінің қандай ауырлығы барын талқыға салып көрелік.
Сотқа сүйрелген жас маман көп
Бұл мәселе жайлы газетімізде аз жазылған жоқ. Түлектердің жанайқайын жеткізіп-ақ келеміз. Рас, арасында оқуға тегін түсіп алып, артынша міндетін орындауға құлықсыздар да кездеседі. Әйтсе де, дәл осыны жұмыспен өтеуде «кетем, кетем дегенмен, кете алмайсың сен менен» деп әндетіп тұратын жер бар. Ол – «Қаржы орталығы». Жыл сайын мониторинг жүргізіп, қатаң бақылауда ұстап отырады. Мұнысы – құптарлық іс. Әу баста келісімшартқа қол қойғандықтан, бұл ретте ренжу негізсіз. Дегенмен бұл тұста кемшілік те, шикілік те көп болып тұр. Соларды Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева әбден жіліктеп, депутаттық сауалында мәселе етіп көтерді. Смышляеваның айтуынша, мемлекеттік тапсырыспен оқыған ауыл жастарының 10 пайызға жуығынан оқуға кеткен қаражатты қайтаруын талап ететін көрінеді. Ондағы себеп – өтеу бойынша міндеттемелерді орындамауы. «Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, соңғы екі жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны үш мыңнан асқан екен. Шағымның себебі – мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқығаны үшін кеткен шығынды өндіріп алу. Бұл жерде оқу орнын аяқтаған соң үш жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттелетін ауыл жастарына ерекше мән беріп айтып отырмын. Жылына өтеуге міндеттелетінін де, міндеттелмейтінін есептегенде 10-13 мың түлек оқуын тәмамдайды. Демек, бұл тіпті он пайызынан да көп деген сөз», – деді депутат. Бір айта кетерлігі, ауылдық жерлерде жұмыс істеуден қашпаса да, бос орын болмайтыны да бар. Ондайда түлек жұмыссыз ретінде есепке тұруы тиіс. Егер тіркелмесе немесе негізсіз есептен алып тасталса, оның үстінен шағым түсіріліп, ісі сотқа жіберіледі. Сонда осы жерден шеті шыққан мәселе – ауылдан жұмыс таппаған маман үш жыл бойы жұмыссыз жүруі керек. «Қаржы орталығының» жауабы сондай. «2012 жылғы 30 наурыздағы № 390 ҚР ҮҚ-ның 17-1-тармағына сәйкес бос жұмыс орындары болмаған жағдайда жас маман/философия докторлары (Phd) тұрғылықты жеріндегі халықты жұмыспен қамту орталығында тікелей не «электронды үкіметтің» веб-порталы немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркеуге тұруға және Жұмыспен қамту орталығында тіркеуге тұрғанын растайтын құжатты «Қаржы орталығы» АҚ-дағы жетекші менеджерге ұсынуға тиіс. Айта кетер жайт, оның жұмысты өтеу мерзімінде жұмыссыз ретінде есепте болған уақыты жұмысты өтеу мерзіміне есептеледі» делінген. Яғни, жасы жиырмадан асқан қыз-жігіттер тұрғылықты жерінен жұмыс таппаса, басқа жерде істеуіне болмайды. Себебі жіті бақылауда жүрген олар ресми жұмысқа кіре қалса, «дабыл» қағылады. Депутаттың көтеріп отырған мәселесі де – осы. Ол «өзі жұмыссыз, қызметке тұра алмай жүрген жас маманнан оқу ақысын қайтаруды сұрау қаншалықты ойға қонымды?» деген сауал тастаған еді. Иә, бұл жерде жағдай біршама шиеленіскен. Өйткені «сенікі де дұрыс, оныкі де дұрыс» деп бас қатыратын мәселе. Таразының бір басында амалы жоқ жас маман тұрса, екіншісінде – сіз үшін қаражат шығарған мемлекет тұр. Қайтарымсыз дүние емесі тағы белгілі.Заңды нашар білгеніміз басты себептің бірі ме?
QAZBILIM жобаларының негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы мәселенің түсіндіру жұмыстарына келіп тірелетінін айтып отыр. «Меніңше, бұл жерде мектеп түлектеріне толық ақпарат берілмеуінде сияқты. Өйткені өз басым қанша маманмен тілдестім. Көпшілігі ауыл квотасы арқылы түскенде оның артында мұндай міндеттеме тұратынын білмеген болып шығады. Яғни, заңдық талаптарымен таныс емес. Демек, грантқа құжат тапсырған кезде жеңілдік жайлы толық ақпарат беру керек. Сонда бәрі саналы түрде шешім қабылдайды», – дейді ол. Сарапшы сөзінің жаны бар. Көштен қалмау үшін грантқа құжат тапсырып, оның қандай жауапкершілік жүктейтінін білмеген талапкер баршылық. Бір жағы кәмелетке толмаған, ата-анасының рұқсатымен жүріп-тұрған оқушының заң тұрғысынан сауатсыздау болғаны кешірімді. Әйтсе де, университеттерде сол құжатты қабылдайтын комиссия өкілдері не болмаса баласын жетектеп келген ата-ананың бүге-шігесіне дейін білуі міндетті десе, артық болмас. Осы ретте заң не дейді? Сол туралы қысқа-нұсқа айта кетсек. Еліміздің «Білім туралы» заңының 47-бабының 17-тармағына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алған азаматтарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын бітіргеннен кейін кемінде үш жыл жұмысты өтеу міндеті жүктелген. Оның ішінде квота шегінде педагогикалық, медициналық, ветеринариялық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқығандар ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру ұйымдарында, мемлекеттік медицина ұйымдарында, мемлекеттік ветеринария ұйымдарында жұмыспен өтейді. Одан бөлек, білім беру гранты арқылы педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқығандар мемлекеттік білім беру ұйымдарында және мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жұмыспен өтеуге міндеттеледі. Сондай-ақ жас маман заңның 47-бабының 17-тармағына сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша ауылдық квота бойынша оқу бітірген болса, ол ауылдық жерде орналасқан мемлекеттік білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарында жұмысты өтеуге тиіс. Демек, қалада не жекеменшік мекемелерде істеуіне болмайды. Ол өтеген болып есептелмейді. Сондай-ақ университетті тәмамдаған соң мамандығы бойынша емес, басқа жерде істегені саналмайды.Ауыл квотасы қаншалықты қажет?
Бүгін біз талқылап отырған жеңілдік арқылы білім алғандардың бірі – Ақкүміс Жәнібекқызы. Ақтөбе облысындағы Талдысай орта мекбетінде орыс тілі және әдебиетінен беретін жас маман үш жылын өтеген. Қазір ауылда жұмысын жалғастырып жатыр. «Квотамен оқуға түскен кезде бізге ауылда істеуіміз керегін бірден айтты. Вакансияны университет ұсынды. Бірақ мен соңғы курс оқып жатқан кезде қазір жұмыс істеп жатқан әрі өзім оқыған мектеп сұраныс жіберіп, орыс тілі маманы керек деді. Сөйтіп, оқу бітірген соң мені Талдысай орта мектебіне бағыттады. Әлбетте, ауыл мен қаланың айырмашылығы көп. Соның ішінде жұмысқа алғаш кіріскен кездегі жалақы мөлшерін айтуға болады. Өзіммен бірге оқыған, қала мектебінде жұмыс істеп жатқандар ол кездері бізден көп алатын. Ауылда бір ғана сынып болса, қалада бірнеше. Сағат саны да тиісінше көбірек. Әйтсе де, ауылда тәжірибе жинап, көп нәрсе үйренуге мүмкіндік бар. Себебі мұнда бастауышқа да, үлкен сыныпқа да сабақ береміз. Ал қалада, «а», «ә» сыныптарын оқытумен шектеліп жатады. Меніңше, мұндай квота әлі де жалғасуы керек. Өйткені ауылға жоғары оқу орнын бітірген, білікті мамандар қажет. Сонымен бірге мұғалім мәртебесіне ден қойылып, жалақысы көтеріліп, жаңа мектептер салынып жатыр. Мұның бәрі ауыл мен қала мектебі арасындағы айырмашылықты азайтуға септігін тигізеді деп ойлаймын», – дейді жас маман. Ауыл квотасы қажет деген пікірді Аятжан Ахметжанұлы да айтып отыр. «Дәл қазір мұндай бағдарлама аса қажет. Егер жаппай бәріне бір стандарт бекітсе, ауылдағы мамандықтар күйрейді. Сәйкесінше, ауылдағы ахуал да төмендейді. Қаламен арадағы айырмашылық одан әрі көбейе түседі», – дейді ол.Тығырыққа тірелген түлектер
Айтпақшы, амалы қалмаған мамандар жұмыссыз ретінде тіркеліп, бейресми жұмыс істеуге мәжбүр болатын жағдайлар да бар. Яғни, «көлеңкеде» тығылып жүруге жағдайдың өзі итермелеп тұр. Сол сияқты жеке басының жағдайына байланысты жұмыс істеуге мүмкіндік болмауы да ғажап емес. Айталық, тұрмысқа шыққан жас маманға келін болып түскен үйі жұмыс істеуге рұқсат бермесе, ақшасын қайтарып беруге тиіс болады. Өйткені заңға сәйкес, жұмысты өтеу жөніндегі міндетін орындамаған жағдайда жас маман оны оқытуға бюджет қаражаты есебінен кеткен шығындарды республикалық бюджетке қайтаруға міндетті. Әрине, мемлекет аса қатал емес. Кей жағдайда келісімге келіп, жағдайын түсініп отыр. Атап айтқанда, жұбайы (зайыбы) тұратын, жұмыс істейтін немесе қызметін өтеп жатқан елді мекенде бос жұмыс орны болмаған жағдайда; I және II топтағы мүгедектер; одан әрі оқуға магистратураға, резидентураға, докторантураға түскен адамдар (ақылы негізде, мемлекеттік тапсырыста оқу немесе шетелдік білім беру ұйымына түскен кезде); жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар, сондай-ақ оны (оларды) жалғыз тәрбиелеп отырған адамдар өтеуден босатылады. Демек, ауылда істеуден «қашқандар» дипломмен тұрмысқа, одан ана болуға ұмтылады. Депутат Екатерина Смышляева тығырыққа тірелген жастардың жағдайын жақсы түсініп тұрғанын айтты. «Енді оның қандай амалы бар? Жұмыссыз болып тіркеліп, табыссыз жүре беруі керек пе? Әлде алған мамандығынан басқа жерге жұмысқа орналасып, сол тапқан ақшасын шағым бойынша төлемді төлеуге жұмсауға тиіс пе? Жұмыспен қамту орталықтары қоғамдық жұмыстар ұсынады. Егер бас тартса, тіркеуден шығарып тастайды. Сонда квалификациясы бар, білікті мамандар сондай жұмыс істеп жүруі үшін оқыды ма? Тағы бір жолы – биржада есепте тұрып, заңсыз жұмыс істеу. Осылайша, мамандығы бойынша емес, ауылда емес, көлеңкелі жұмыс істеуге мәжбүр болады», – дейді депутат. Ал енді осы шиеленісті шешу үшін ол мынадай ұсыныс айтты. Біріншіден, мақсатты түрде ауыл мамандары даярланса да, бос жұмыс орны неліктен болмайтынын анықтау. Екіншіден, тұрғылықты мекенжайы бойынша вакансия болмаса, республиканың кез келген ауылында кедергісіз жұмыс істеуге мүмкіндік беру. Үшіншіден, ауылдағы жеке мекемелерге қызметке тұруға рұқсат беру.Бет қатталып жатқанда:
Білім және ғылым министрлігі кештетіп мынадай ақпарат таратты. 2021 жылдың басында грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді. Енді жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер грантты мамандық бойынша бұрынғыдай тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алады. Демек, талай рет көтерілген мәселе ақыры жетер жерге жетті деген сөз. Баспасөз қызметінен нақтылағанымызда, аталған өзгерістің барлық мемлекеттік грантқа таралатынын айтты. Бұл да болсын – кішігірім жеңіс.Жадыра АҚҚАЙЫР