«Қазгидрометтің» мәліметінше, антициклон әсерінен ауа райы жауын-шашынсыз болады.
Тек еліміздің батысында атмосфералық ағындардың өтуіне байланысты кей жерлерде жаңбыр, солтүстік-шығыста аздаған қар жауады.
Өңірлерде тұман, көктайғақ болады, жел күшейеді, батыста жаяу бұрқасын, күндіз оңтүстік-батыста шаңды дауыл соғады.
Маңғыстау облысында найзағай ойнап, жел соғады, кей жерлерде жылдамдығы 17-22 м/с-ке жетеді, күндіз шаңды дауыл күшейеді.
Ақтөбе облысында жаяу бұрқасын соғады, күндіз кей жерлерде көктайғақ болады, жел 15-20, күндіз екпіні 23 м/с күшейеді.
Қызылорда облысында тұман түседі, жел түнде кей жерлерде 15-20 м/с, күндіз 15-20, екпіні 23 м/с күшейеді.
Жамбыл облысында тұман түседі, жел 15-20, күндіз екпіні 23-28 м/с-ке жетеді.
Батыс Қазақстан мен Қостанай облысында тұман түсіп, көктайғақ болады, Батыс Қазақстан облысында жел екпіні 15-20 м/с-ке күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысында тұман түседі, түнде кей жерлерде жел 15-20 м/с күшейеді.
Ақмола, Түркістан, күндіз Қарағанды облысында жел 15-20 м/с, Атырау облысында жел екпіні 17-22 м/с күшейеді.
Алматы, түнде және таңертең Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түсуі мүмкін.