Аграрлық сектордың мәселелері қанша айтса да, таусылмақ емес. Әсіресе, мал шаруашылығына қатысты түйткіл көп. Олар әр өңірде әртүрлі. Айталық, бұрын Атырау облысы еділбай тұқымды қойларымен де танылған еді. Қазір тек мұнайы ғана айтылады. Осы ретте біз ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ирзағалиевпен сұхбаттасып, өңірдегі және еліміздегі қой шаруашылығы, саланың түйткілдері жайлы сұрадық.
– Қосыбек Салтанатұлы, Атырау мұнайлы өлке болғанымен, облыс экономикасында аграрлық сектордың да өз үлесі бар. Бүгін біз өңіріміздегі ата кәсіптің жағдайы туралы білсек деп едік. – Қандай мемлекет болмасын, өркендеу жолында өзінің ата кәсібін басты назарда ұстайды. Бізде төрт түлікті күтіп-бағып өсіру, олардың өнімдерін өндіру, өңдеу, ұқсату технологиясы басқа елдермен салыстырғанда өзгеше. Өйткені бізде қай малдың түрі болсын, жыл он екі айдың көпшілігінде ата-бабамыз аманаттап қалдырған алыс жатқан жайылымдарда мал отар-отар, табын-табын болып бағылады. Одан өндірілген өнім экологиялық таза, сапалы, өзіндік құны өте төмен емес пе?! Оған қоса суармалы шабындыққа айналдыратын жер де жеткілікті. Міне, осы жерлерді тиімді пайдалансақ, арзан және өте сапалы мал өнімдері бізде өндірілетіні анық. Басқа елдердің мал өсіру технологиясына қызығушылық таныту, еліктеудің қажеті жоқ. Жердің киесі бар. Оны баптай білсек, малға өріс, елге құт. Қазір Атырау облысы аумағының 80 пайызы жайылымдылық және шабындық жерлер. Бұл ауқымды алқаптарды өз мақсатында пайдаланса, арзан да сапалы мал өнімдерін өндіруге жеткілікті. Кейінгі жылдардағы дерек бойынша, облыстағы барлық санаттағы құрылым мен қосалқы шаруашылықтар аталған алқаптардың 35-40 пайызын пайдалануда. Олардың көп бөлігі құмды және сазды жерлерге, шөл және шөлейт аймақта орналасқан. Әсіресе, Нарын бойындағы жерлердегі мал жайылымдары ежелден бері мал жаюға құтты мекен болып келген. Кеңес Одағы кезінде бұл өңірлерге мал қыстату, қоныстану шаруашылықтар мен жеке малшылар арасында талас-тартыс туғызатын. Қазір осы жерлердің көпшілігі бос жатыр, пайдаланылмайды. Оның себебі облыста мал басының азаюы, бұрынғы жайылымдық алқаптарда тұщы жерасты су көздерінің сарқылуы және экологиялық, антропогендік факторлар әсерінен болып отыр. Қазіргі кейбір шаруа қожалықтары малдарын шалғай, құнарлы жайылымдарға шығаруға көңіл бөлмейді. Бүгінде заманауи мал шаруашылығын қарқынды дамыту үрдісінде ежелгі бабалар әдісінің ескерілмеуі өкінішті. Ал қысы-жазы бір орында отырғандықтан жер тозып, мал азықтық өсімдіктердің түрі азайып, жайылымдар шаруашылық айналымынан шығып, жаппай эрозияға ұшырап жатыр. – Сонда мұнайға сүйенген облыс мал шаруашылығындағы мәселелерге назар аудармай отыр ма? – Бірден кесіп-пішіп олай айтпас едім. Бірақ мал шаруашылығындағы басты мәселе – табиғи жайылымды тиімді пайдалану. Осы бағытта нақты жұмыстар жүргізу қажет. Бір ғана мысал айтайын, тереңде жатқан жерасты сулардың көздерін табу жұмыстары ұмытылып барады. Облыс көлемінде бұл жұмысты жүргізу ғарыштық зерттеулер түсірілімдеріне сүйенсе ғана шешіледі. Қазір мал шаруашылығын жүргізу мен дамыту үшін шаруашылықтарды кооперациялап, ірілендіру, инновациялық жаңа технологияларды, озық тәжірибелер мен ғылым жетістіктерін енгізу қажет. Сонда еңбек өнімділігі жоғары, өндірілген өнім сапалы, арзан, бәсекеге қабілетті болады. Ол үшін үкімет, жергілікті атқару органдары тарапынан шынайы қолдау арқылы шаруашылықтарды ірілендіруді және өнеркәсіп негізіне көшіруді жүргізу керек. Мысалы, облыстағы шаруа жағдайы біркелкі, жері суы жеткілікті шаруашылықтарға жеңілдетілген ұзақмерзімді несие, лизинг, субсидия беруді шешумен немесе инвестиция тарту жолымен оларды ірі шаруашылықтарға айналдыруға әбден болады. Олар өздері өндірген өнімдерін өңдеп, өткізу мүмкіндігіне ие болар еді. Қазақстандық мал етіне қызығушылық танытып отырған сырт мемлекеттер баршылық. Бірақ олар міндетті түрде өнім сапасының жоғары болуын талап етеді. Мәселен, Қытай, Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы қой етіне сұраныс танытып отырған көрінеді. Біз сол тапсырысты орындауға дайын болуымыз керек. Бүгінде шетелдіктер бізден қозы етін көбірек сұрап отыр. Қазір дүние жүзінде кәрі малдың етін ешкім тұтынбайды деуге болады. Өйткені оның құрамында адам ағзасына зиян заттар көп. Демек, мал басын өз төлі есебінен көбейтудің маңызы бұрынғыдан да артып отыр. – Біздің өңір одақ кезінде еділбай тұқымды қойымен танылды. Жылдар өте еділбай қойының таза тұқымы жойылып бара жатыр деген пікірлер бар. Бұл рас па? – Бұрын аймақта еділбай қойының генефоны толық жасақталған еді. Қазір оның өнімділігі мен тұқымдық қасиетін одан әрі қазіргі нарықтық талаптарға сай жақсарту мақсатында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Еділбай қойына қызығушылық танытатын, өсіруге ұмтылатын алыс-жақын шетелдіктер жетерлік. Қазірдің өзінде Ресей шаруалары еділбай қойын отар-отарымен сатып әкетіп жатыр. Өздеріне апарып, одан әрі асылдандырған соң сапалы өнімін тұтынушыға өткізеді. Тіпті, атын иеленіп кетуі де мүмкін. Сондықтан еділбай қойына шапшаңдатып «Ұлттық қой тұқымы» мәртебесін беруіміз керек. Себебі еділбай қойының таза тұқымы жойылып барады. Қазір елімізде еділбай қойы тұқымының басы қанша екенін ешкім айта алмайды. Республикадан экспортқа шығатын тек қылшық жүнді құйрықты қойдың қозысының еті. Кезінде, Кеңес өкіметінің тұсында еліміздің ет өндірісінде қой етінің үлесі 30 пайыз болды. Ол кезде Қазақстанда 35 миллионнан астам қой болған. Ал қазір статистикалық мәліметтерге қарағанда елде 18 млн қой мен ешкі бар. Бірақ жалпы төрт түлік малдың санының қанша екенін дәл анықтау қиын. Себебі жергілікті жерде мал санағы жүргізілмегендіктен шынайы мағлұматты білу мүмкін болмай тұр. Кейінгі жылдары әсірелеп, болмағанды болды деп айту, жалған ақпарат тарату жағдайлары кездесіп жүр. Сондықтан 18 млн дегенге де бірден сене салуға болмайды. Жасыратыны жоқ, ауыл шаруашылығын дамыту, жаңа технологиялар мен озық тәжірибелерді енгізу және сапалы өнім өңдеу жөнінде қолға алынып жатқан бағдарламалар жеткілікті. Дегенмен оларды жүзеге асыруды ұйымдастыру, күрделі мәселерді шешу жағы нашар. Мұны мойындауымыз керек. Өйткені ауыл жайын өз көзімен көруге, білуге жоғары деңгейдегі шенеуніктер бармайды, малшы қауымымен кездеспейді. Сондықтан бағдарламалар жоғары жақта облыстардың, аудандардың, жергілікті жердің бір-бірінен табиғи, экономикалық өзгешеліктері ескерілмей қабылданады. Өзге елдің жарқ еткен жаңалығы мен идеясын көре сала көшіріп алып, оны бізге енгіземіз деп машақаттанады. Бұл бізге опық жегізетіні анық. – Бүгінде асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мемлекеттен тек субсидия алу арқылы күн көріп жатыр. Жалпы, ауыл шаруашылығы саласында осы субсидияға байланысты мәселелер түйіні шешілмеген дегенге келісесіз бе? – Бүгінде нарықтық экономиканың қысымы, шаруашылықтардың ішкі мүмкіндігінің тапшылығы, мал өнімдерін өндіру мен өткізудің науқаншылығы және өз дәрежесінде өтпеуі қаржы-экономикалық ахуалын нашарлатып отыр. Демек, өнімдерімізді орталықтандырып өткізетін тетік керек. Әлбетте, көктем шыға мал шаруашылығында кезек күттірмейтін науқандық жұмыстар – төл алу, қой қырқу, малды жайлауға шығару, оның азығын дайындау басталады. Әйтсе де, асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға, оның сапасы мен өнімділігін арттыруға жергілікті бюджеттен бөлінетін субсидия жыл соңында ғана ұсынылады. Міне, осы аталған субсидияның 40-50 пайызын шаруашылық құрылымдарға жауапты науқандарды жүргізу алдында берген жөн сияқты. Бұл жөнінде мен 2016 жылы облыс әкімдігіне мәселе етіп қойғанмын, мәселені шешудің орнына министрліктің бағдарламасынан бір сөйлемді жазып жіберген. Президенттің тапсырмасымен ел Үкіметі ауыл шаруашылығын дамытуға қыруар қаржы бөліп отырғанын айтуға тиіспіз. Жасыратыны жоқ, асылтұқымды мал өсіретін шаруашылықтар мемлекеттен тек субсидия алу арқылы күн көріп отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкімет назарын ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға аударып, оларды шағын несиелендіруді тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты облыста республикалық «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның, «Агро Несиелік Корпарация» АҚ-ның, «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның тағы да басқа филиалдары құрылып, «Алтын асық», «Сыбаға», «Құланды», басқа да бағдармалар жұмыс істеп жатыр. Бұларды Үкімет жылма-жыл үстемелеп тұрақты түрде қаржыландырып тұр. Құптарлық іс. Алайда осы филиалдардың жұмысы көңіл көншітпейді. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» демей ме?. Жалпы, бұл бағдарламалардан қоғамға түсетін пайда шамалы. Жұмыстарында көзбояушылық көп, сондықтан оларды бір жүйеге келтіру қерек немесе тоқтату қажет. Негізі, мемлекеттік қаржының бір қолда болғаны тиімді. Сондықтан елімізде дербес Агроөнеркәсіп банкін ашу керек. Жалпы, ауыл шаруашылығына мемлекеттен субсидия беруді ширек ғасырдан астам уақыт бұрын бастасақ та мұны бір жүйеге келтіре алмай келеміз. Мысалы, 2000 жылдары асылтұқымды шаруашылықтарға сатқан малының түріне, жасына қарай сату бағасына шектеу қойып, аз да болса субсидия берген болатын. Бұл өте дұрыс. Себебі асылтұқымды малды өсіру оңай емес. Шаруашылық біраз шығын жұмсайды. Ғылым мен өндірістің бірлесіп атқарған жұмысының нәтижесінде сапалы мал өсіріледі. Ал 2007 жылдардан бастап субсидия мал сатып алған кәсіпкерге берілетін болды. Асылтұқымды мал сатып алған шаруа малының сапасын, өнімділігін жақсартты ма, малы асылтұқымды малға айналды ма? Оны қадағалап отырған инспекцияға тексеруге тыйым салынды. Бұл жағдай асылтұқымды мал сататын шаруашылықтардың жауапкершілігін төмендетеді. Ал асылтұқымды малды сатып алушы, оған қоса мемлекеттен қомақты жәрдем ақы алады. Сондықтан мемлекеттен берілетін жәрдемақыны бұрынғыша мал сатушы шаруашылықтарға берген тиімдірек. Жалпы, біз әлі нарықтық экономикамен үйлеспейтін әдеттерден арыла алмай келеміз. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламалардың барлығын қайта қараған жөн шығар. – Әңгімеңізге рақмет!Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы