М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығы ғалымдарының ізденісінің нәтижесінде хакім Абайдың Шымкентте жерленген перзенті Тұрағұл Ибраһимұлына қатысты тың дерек табылды.
1990 жылдары Мәкен Тұрағұлқызы әкесінің аты өшпесін һәм тарихта мәңгі қалсын деген ниетпен мемориалды тақта жасатыпты. Бір ерекшелігі, ол мемориалды тақтада тек Тұрағұлдың ғана емес, Абайдың өзге де ұрпақтарының қай жылы, қай жерде жерленгені туралы ақпарат берілген. Біз осынау сүйінші жаңалықты естіген соң ғылыми орталыққа хабарласқанбыз. «Мұхтартану» ғылыми орталығының маманы Әзімхан Исабек біршама жайдың бетін ашты.Тұрағұл ма, Тураұл ма?
Ғылыми орталық қызметкерлері алдымен Тұрағұлдың қандай еңбек сіңіргенін, кім екенін, ол туралы айтылмай жүрген деректер туралы жариялауды жөн көрді. «Фарабитанушы Ақжан Машанов: «Абай әдебиеттің шеңберіне сыймайды» депті. Хакім кеткеннен кейін де ұрпақтары қилы заманның салдарынан тарыдай шашырап кетті. Сол ұрпақтарының бірі һәм бірегейі Әйгерімнен туған тұңғыш перзенті – Турағұлдың тағдыры. Алаштанушы Мұратбек Кенемолдин «Турағұл» есіміне қатысты: «ұлы Абайдың өзі бұл ұлын «Тураұл» деп атаған екен де, ел аузында «Тұрағұл» болып кеткен» десе, Бағашар Тұрсынбайұлы: «Мұхтар Әуезов те, Қайым Мұхамедханұлы да Тураштың есімін «ұ» әрпімен Тұрағұл демей, «у» әрпімен Турағұл деп жазады. Кейінгі кезде ел ішінде, жазу-сызудың айналасында жүрген жандардың көбі «Тұрағұл» деп жазатын болды. Біз де бір рет осылай деп жазғанымызда, Семейдегі абайтанушы, Қайымның шәкірті Арап Еспембетовтен ескерту алдық. Турағұл тура жолдағы Алланың құлы деген мағына беретін ер есімі болса керек» деген пікірлер айтады. Осы ізбен біз де тұлғаның есімін «Тұрағұл» емес, «Турағұл» деп атауды жөн көрдік», – дейді ғылым магистрі Әзімхан Исабек.Аманатқа адалдық,тастұғыр қалай табылды?
Сонымен, ғылым магистрі сүйінші хабардың мән-жайына тоқталды. «Шындығын айтқанда, Турағұл Ибраһимұлы жайлы былтырдан бері қатты ойланып, толғанып келемін. Мүрдесі туралы осы күнге дейін көп айтылып та, жазылып та келеді. Тіпті, бір абайтанушылар тұлғаның сүйегі қорғасын зауытының астында деп жаңсақ пікір айтса, бір тобы «Химфарм» зауытының астында қалып қойды деп келеді. Міне, осы таласқа ақыры нүкте қойылды», – дейді ғалым. Ол Тұрағұл марқұмның дүние салар сәтінде жанында болып, өз қолымен жөнелткен қызы Мәкен апаның ауызекі естелігін хатқа түсіргендерін айтты. «Сол естелігінде: «Ағамның басында өзім отырдым, 1934 жылы 6 наурыз күні менің қолымда қайтыс болды. Бір күні мен ағамның ауыр жағдайда жатқанын көріп, үстіне құладым: – Аға, сен де кетейін деп жатсың ба? – деп егілдім. Сол кезде жерде жатқан менің басымды көтеріп алып: «Сен мені өлмесін дегенің, қарғағаның ғой. Мен сенің қолыңда өліп алайын деп жатырмын, шырағым. Егер де сенің қолыңда өлмесем, онда мен түрмеде өлем, – деді», – депті Мәкен апа». Зерттеуші осы естелікті негізге ала отырып зерттеу жүргізуді бастағанын айтады. «Саналы ұрпақ» клубының жетекшісі Сакен Сағындық есімді жігітпен бірлесіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Тұрағұлға ауқымды зерттеу жүргізейік деген ниетпен арнайы жобаны қолға алдық. Филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, абайтанушы, ұстазым Ақжол Қалшабек ғалым ретінде бұл мәселеге атүсті қарауға болмайтынын айтып, зерттеу жұмыстарын жүргізу керегін ескерткен болатын», – деді Әзімхан Исабек. Кейін зерттеушілерді «Химфарм» акционерлік қоғамының әкімшілік менеджері Бекен Жақыпбеков пен компания қызметкері Аян Тоқсанбаев шақырып, зауытта тоқсаныншы жылдардан бері Абай ұрпақтарының есімі жазылған ерекше мемориалды тақтаның сақталып тұрғанын айтқан. «Ал «бұл қандай тақта, оның тарихы қандай?» дегенге келсек, 1994-1995 жылдары «Химфарм» зауытына кірген Мәкен апа бұл туралы өзінің әңгімесінде: «Мен Абайдың немересімін дегеннен кейін әлгі байғұс балалар мені зауытқа кіргізді. Шымкентте Әубәкір (Ақылбайдың ұлы), ағам (әкесі – Т.Ибраһимұлы), Әубәкірдің әйелі Камалия, Микайлдің әйелі Дәмежан жатыр. Сол төртеуіне тас қоймақшы болдым. Өткен-кеткен әлгі тасқа Абайдың ұрпағы деп қарайды ғой», – дейді. Міне, перзенттің тілегі қабыл болып, сол кездегі мекеме басшылығы қаржы бөлдіріп, Шымкентте жерленген Абай ұрпақтарының есімі жазылған арнайы мемориалды тақтаны жасап шығады. Ал бұл тақта мәселесі бізге әлі күнге дейін беймәлім болып келген ерекше оқиға», – дейді ғалым. Сонымен бірге тақтада Абайдың: Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек, Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек. Басқан із, көрген қызық артта қалмақ, Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек, – деген өлеңімен қоса Абай Құнанбаевтың Шымкент қаласында жерленген үрім-бұтағы, оған қоса 4 адамның есімі, қай жылы, қай жерде жерленгені қазақ-орыс тілдерінде қашап жазылғанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, тақтада былай көрсетілген: Тұрағұл Абайұлы – Әйгерімнен туған. 1934 ж. ХФЗ аймағы. Келіндері: Дәмежан – Микайлдің әйелі. 1960 ж. Шұқырсай. Камалия – Әубәкірдің әйелі. 1962 ж. Қасқа зираты. Немересі: Әубәкір – Ақылбайдың ұлы. 1933 ж. Көксай Турагул Абайулы – сын Айгерим. 1934 г. Р-Н ХФЗ. Жены сыновей: Дамежан – жена Микайла. 1960 г. Шукырсай. Камалия – жена Аубакира. 1962г. К-ше Каска. Внук: Аубакир – сын Акылбая. 1933 г. Коксай.Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында ма, аумағында ма?
Ал осы күнге дейін айтылып жүрген Тұрағұлдың сүйегі зауыт астында қалған деген деректерге тоқталған зерттеуші бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтты. Ғалымдар осы мәселені анықтау үшін сол жердің тұрғылықты адамдарынан сұрап көргенде, зауыттың орнында өткен ғасырларда ешқандай зират болмағанын анықтаған. Ал тақтада қашалып жазылған Абай ұрпақтары мен жерленген жері, тіпті ұлы ақынның өлеңіне дейін Мәкен Тұрағұлқызы берген деректер негізінде жазылған. Яғни, мәрмәртаста «зауыттың астында» емес, «аймағында» деп жазылған. Бұл – зираттың сол төңіректерде болуы мүмкін екенін көрсетеді. Өйткені сол маңда орналасқан Әубәкірдің әйелі Камалия жерленген «Қасқа» зираты да өткен ғасырда «Химфарм» зауытының аймағы болып саналған. Зауыт орнында ешқандай зират болмағанын, керісінше ол мекеменің 1880 жылдары салынғанын, ал Тұрағұлдың 1934 жылы қайтыс болғанын ескерсек, тұлғаның топырағы зауыт астында қалды деген сөз шындыққа жанаспауы мүмкін. «Біз осы уақытқа дейін Тұрағұл зауыт астында қалып қойды деп келдік. Алайда жағдай олай емес сияқты. Мәкен апамыз қателесуі мүмкін емес қой», – деді жеткізді Әзімхан Исабек. Әрине, бұл деректер әлі де зерттеуді қажет етері сөзсіз. Егер Абай ұрпағының зираты зауыт ғимаратының астында қалмаған болса, заманауи тәсілдер арқылы оның жатқан жерін анықтау мүмкіндігі де туатын шығар.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы