Әз-Наурыз мерекесі табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын бойына жиған ерекше мейрам екені сөзсіз. Осыны терең ұғынған бабаларымыз бұл күнді жыл басы санап, ұлықтаған. Қазір Ұлыстың ұлы күнін еліміз мемлекеттік дәрежеде мерекелеп жатқанымен, Кеңес үкіметі кезінде Наурызды тойламақ түгілі бұл мейрамның тарихынан көпшілік бейхабар еді.
Десе де, тәуелсіздігіміздің ақ таңы атқаннан кейін көп нәрсе таразыланып, ұмыт болғанымыз қайта жаңғырды. Жер-жерлерде Ұлыстың ұлы күні бар сән-салтанатымен аталып өте бастады. Ал Жамбыл жерінде Наурыз мерекесі алғаш рет қалай тойланды? Тарихқа шегініс жасап көрсек... «Асу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәскеу Нохрабеков ол кездері қалалық мәдениет бөлімін басқарған екен. Ол әз Наурыз мейрамы Жамбыл жерінде ең алғаш 1988 жылы аталып өткенін айтады. – Сол жылдары газет беттерінде Наурыз мерекесін ұлттық мейрамға айналдыру туралы там-тұмдап айтыла бастады. Содан бұл мейрамды бірінші болып неге Жамбылда мерекелемеске деген ұсыныспен қалалық және аудандық партияның атқару комитетіне шықтым. Алайда ондағылар мұндай мейрамды естімегенін айтып, сөзіме мән бермеді. Сонда да райымнан қайтпай, Жамбыл педагогикалық институтында сол жылдары жұмыс істеген профессор марқұм Қапаш Тасболатовқа барып, Наурыз мейрамы туралы мәлімет алдым. Ол маған бар білгенін айтып, әдет-ғұрыптарын түсіндірді. Шыны керек, ол кезде наурыз көженің өзін қалай әзірлейтінін білмейді екенбіз. Содан Фурманов көшесінің бойынан екі жерден қазан көтеріп, наурыз көже пісіріп, №9 ықшамауданындағы мектеп жанына киіз үй тіктік. Сонымен қатар алғаш рет алтыбақан құрғыздық. Алайда Ұлыс күнін бірінші болып тойлағанымызбен, ертесіне қалалық партия кеңесі мені шақырып алып, «ұлттық мерекені насихаттағаны үшін» деп қатаң сөгіс берді. Десе де, 1989 жылы Қазақстан компартиясының орталық комитетінің бұйрығымен Наурыз ұлттық мереке болып бекітілді. Осыдан бастап Ұлыстың ұлы күні Жамбыл жерінде заңды тойлана бастады, – дейді М.Нохрабеков. Жамбыл жеріндегі алғашқы заңды бекітілген Наурыз мерекесінде 3 000-нан астам адамды қамтыған қойылым әзірленіп, 400-ден аса киіз үй тігіліпті. – Орталық комитеттің бұйрығы шыққаннан кейін Наурыз мейрамын қалай тойлаймыз деп жан-жақты ойландық. Содан халық ауыз әдебиетіндегі ертегі кейіпкерлері мен аңыз тұлғалардың бейнесін көрсету үшін арнайы сценарий жасауға бекіндік. Бұл топқа Рахмет Өзбеков, Болат Мәуленов сияқты журналистер мен сол кезде облыстық театрды басқарып отырған Әскер Құлданов кірді. Содан мерекенің сценарийін тұп-тура бір апта дайындадық. Қойылымдарға 3000-нан астам адам қатысатын болып шешілді. Осы тұста, тұңғыш рет ұлттық киімдер мен ертегі кейіпкерлерінің киімін тіктірдік. Қордай ауданынан көріністерге қажетті үш күйме жасатып, Жамбыл ауданынан 50 ат алдырдық. Сондай-ақ Ойық совхозынан 15 түйе жеткізілді, – дейді Мәскеу Нохрабеков. Осындай дайындықпен басталған мереке күні атқару комитетінің төрағасы мен қалалық партияның бірінші хатшысының халыққа құттықтауын 10 мың дана етіп шығарып, оны ұшақпен қалаға шашқан. Бұдан бөлек, осы күні автобустар барлық бағытта тегін қатынап, қала тұрғындарына саябақтар мен сауықтыру орындары ақысыз қызмет көрсетіпті. Алғашқы мерекелік іс-шараның ашылуына Роза Рымбаеваның орындауындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Наурыз» әнінің үнтаспасы қолданылыпты. «Осылайша, жұдырықша жұмылудың арқасында өткен Наурыз тойын келесі жылы да бар салтанатымен атап өттік. Ол кезде қазіргі «Атшабарға» 400-ден аса киіз үй тігіліп, тұңғыш рет ақындар айтысы, бәйге, қыз қуу, тай көтеру, теңге ілу сынды ұлттық ойындар ойнатылды. Бұл жолғы мерекелік шарамызды «Қазақфильм» киностудиясы түсіріп, кейіннен «Жасарған Жамбыл жері» атты фильм етіп шығарды», – дейді Мәскеу Нохрабеков. Алғашқы Ұлыстың ұлы күнін Т.Рысқұлов ауданы М.Төлебай атындағы балалар музыка мектебінің директоры Бердіхан Бабасов та ерекше еске алады. Бердіхан Орынбасарұлы ең бірінші Наурыз мерекесі тойланғанда ұйымдастырушылардың қатарында болған екен. – Ол кезде мен Жамбыл педагогикалық институтының ІІ курс студенті болатынмын. «Наурыз мейрамы ұлттық мереке ретінде бекітілді» дегенді естігенде кеудемді қуаныш сезімі кернеді. Бір ғанибет сезімге бөлендік. Оған қоса, осы тұста еліміздің егемендігі туралы көп айтылып, халық үшін ұлттық болмысымызды айқындайтын төл мерекеміз ауадай қажет болатын. Міне, осындай қуанышты сәтке біз 1989 жылы жеттік. Ал бұл жылы мерекелік шараға Жамбыл педагогикалық институтының жастары толықтай атсалысты. Тіпті, институт қабырғасынан жас өнерпаздар ансамблін құрып, Наурыз мейрамының барлық іс-шарасына қатыстық. Оқу орнының жанынан арнайы сахна дайындап, халыққа тегін концерт бердік. Бір таңғалғаным, сол кезде қазақ ұлтының төл мерекесіне өзге ұлт өкілдеріне дейін келіп, қуанышымызбен бөлісіп жатты. Осылайша, біз әз-Наурыз мерекесін бірлікпен, татулықпен, ынтымақпен қарсы алдық, – дейді Бердіхан Орынбасарұлы. Иә, Ұлыстың ұлы күні Әулиеата топырағында ең алғаш рет жоғары деңгейде аталып, жамбылдықтар жыл басын жұмыла қарсы алған. Бұл тұста да халық ұлт пен ұлысқа бөлінбей, төл мерекемізде татулық пен бірлікті биік қойған екен. Бұл сөз жоқ, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы