«Тауыққа бердік» – әлеуметтік көмек алатындарға құрттаған күріш, ашыған сүт берген
«Тауыққа бердік» – әлеуметтік көмек алатындарға құрттаған күріш, ашыған сүт берген
362
оқылды

Оның айтуынша, ай сайын берілетін азық-түлік себетін балаларға беру мүмкін емес. Себебі, қорабын тышқан тессе, ботқасының мерзімі өтіп кеткен.

Телеарнаның хабарлауынша, қызылордалық Меруерт Айтимова атаулы әлеуметтік көмек алады. Екі баласына азық-түлік себеті тұрақты беріледі. Алайда, оның көмекке көңілі толмайды. Өйткені әлеуметтік қораптың ішіндегі күріш, ботқа, өзге де тауарлардың сапасы сын көтермейді. Соңғы келген күріштің ішінен тіпті құрт шыққан.

Қала тұрғыны Меруерт Айтимова: «Өздеріңізге көрсеткендей, күріштің тең жартысы құрт. Берілген заттар құнарсыз. Оны бала жемейді. Жазбаша түрде ұсыныс тастадық. Ауызша да айтып жатырмыз, соцпакеттің құрамын ауыстырса, біз өзіміз барамыз ғой қол қоюға, аяқасты болып жатады. Өңкей бала жемейтін, адам жемейтін қайдағы фасоль, гречка берген. Күріштің ең ұсағын берді. Жемейтін болған соңғы тауық ұстайтындарға беріп жібердік»,– дейді.

Сақтау мерзімі өтіп кеткен ботқа, тышқан тескен қораптарға қатысты мәселеден Еңбек министрлігі хабардар. Жарамсыз тауарларды көрген жағдайда жұмыспен қамту орталығына апарып, алмастырып алуы керек. Тым болмаса 1411 телефон нөміріне хабарласып, түсіндірген дұрыс дейді.

Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова: «Әрине, ондай проблемалар болуы мүмкін. Негізі жергілікті атқарушы органдар, жұмыспен қамту орталықтары айналысады. АСП алушы 1411 нөміріне немесе тікелей жұмыспен қамту орталығына хабараласа алады. Олар проблеманы шешуге міндетті»,– дейді.

Ал министрліктің мәліметінше, наурыз айының соңына дейін әлеуметтік қорап барлық отбасыға жеткізіледі. Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуова: «Атаулы әлеуметтік көмек алатындарға азық-түлік себеті беріліп жатыр. Наурыздың соңына дейін қаңтар-ақпан айлары үшін өңірлерге толық таратылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай көмек тоқсан сайын беріледі»,– дейді.

Анығы жыл соңына дейін кепілдендірілген әлеуметтік пакетке бірақатар өзгерістер енгізілуі мүмкін. Атап айтқанда, көмек алатындар арнайы әлеуметтік портал арқылы азық-түлік түрін өзі таңдап, көңілінен шыққан тауарға қол жеткізуі мүмкін.

*Ескерту: Кейіпкерлердің сөзі қаз қалпында берілді.