Хакім Абайдың мұрагері – Ақылбай ақын
Хакім Абайдың  мұрагері – Ақылбай ақын
741
оқылды

Абайдың ақындық мектебі өкілдеріне баға берген ғұ­лама ға­лым, кемеңгер жа­зушы М.Әуезов: «Мұн­­дай ақын – төр­теу. Оның екеуі Ақыл­бай, Мағауия – Абай­дың өз балалары. Қал­ған екеуі – Көк­бай, Шәкәрім. Осы төрт ақын Абайдың на­ғыз толық мағы­на­дағы шә­кірттері», – дей­ді. Аңғар­ғаны­мыз­дай, Абай шәкірт­терінің тұлғасын ай­қын­­даған абайтану ғы­лымының асқары Мұхтар Омарханұлы Ақылбай шығарма­шы­лы­ғына ерекше тоқ­талады. Оның тұл­ғасы ерек туындылары мен айтар ойы те­рең шығарма­лары­на бойлайды. «Құнан­бай­дың мырзасы» ата­нып, артынша Абайдан тағылым алған Ақылбай ха­қын­да аз-кем әңгіме айт­қанды ұйғардық.

Ақылбай – Абайдың 1861 жылы Діл­дәдан туған тұңғыш баласы. Алғашқы балалық шағын және жігіттікке жеткен кезін Ақылбай өз әкесінің үйінде өткізбейді. Үлкен әкесі Құнан­байдың кенже баласы атанып, оның төртінші әйелі, ең соңғы тоқалы Нұрғанымның қолында өседі. 10 жасқа шыққан кезінде Ақылбайды Ғабитхан деген та­тар молдаға оқуға береді, онда 4-5 жыл оқиды. Осындай тәрбиелік жағдайының есебінен Ақылбай Абайға көбінше іні ре­тінде қарап өскен. Абайдың анық ұлғайып, үлкен білім иесі, атақты ақын болған кезінде ғана Ақылбай оның өз тәрбиесіне ауысады. Бірақ жас кезі, жігіттік шағы Абайдай әке­ден аулақта өткендіктен, Ақылбай орысша оқи алмай қалған. Оның оқу - білімі ауылда оқы­ған мұсыл­манша, ескіше оқудың ор­таша дәрежесі болды. Құнанбай өзі сияқты қарадан шығып «хан» болған, яғни аға сұлтан болған, өзімен теңдес Қи­сықтың Жұмақан деген бала­сы­ның қызы Ізіқанға құда түсіп, Ақылбайды үйлендіреді. Үй­ленген соң Ақылбайға енші бөліп беріп, Құнанбай бұл бала­сын да жеке бір ауыл етеді. Бұл Ақылбай сияқты Құнан­бай­дың жаңа отау көтерген мырзасының ауылы болып, сауық-сайранмен өтеді. Жасынан көрген тәрбиесі, ұшқан ұясы, Құнанбай аты Ақылбайды масаттандырады. Ақылбай жас күнінен талантты домбырашы, өлеңші де болады. Бірақ ол Құнанбай ата­ғына, нағашыларының ата аруағына масат­танатын. Бұл кездердегі Ақылбай айтатын өлең сарыны: – Нағашым ер Қазыбек әулие өткен, Фәниден уақыт жетіп о да кеткен, Сасқан жан жер шетінен бабам десем, Аруағы көз ашқанша келіп жеткен, – деген сияқты болатын. Ақыл­байдың «Нағашым ер Қа­зы­бек» дейтіні Қаракесек, Қаз­дауысты Қа­зыбек би. Оның баласы Бекболат би, оның баласы Тіленші би, Тіленшінің баласы Ал­шынбай би, Алшын­байдың баласы Жү­сіп. 1860 жылы Жүсіптің қызы Ділдәмен әке­сі Абай отау құрады. Ақылбай Абай маңына да жақын тартып жуыңқырамай, сирек қатынасып жүреді. Соны­мен қатар Ақылбай сонша­ма ақкөңіл, алды-артын ойламай­тын, аңқылдаған адам болған. Бір іске көңіл аударып, бет қойып беріліп кетсе, аса қабі­летті де болады. [caption id="attachment_125190" align="aligncenter" width="872"]Ақылбай Суреттің авторы Н.Өтепбаев[/caption] Ақылбайдың жас күнінен әкесі Абайдан аулақ өскенін, оның ақкөңіл, аңқаулығын пайдаланып, Абай дұшпандары әке мен баланың арасына от жағып, зұлымдық айла жасап, екеуін мүлдем ажыратпақ та болған. Абай баласының осын­дай мінездеріне, жасынан көр­ген жағымсыз тәрбиесінен пайда болған әдеттеріне қатты кейіп, «Ата-анаға көз қуаныш» деген өлеңін жазады. Абай­дың бұл өлеңі талпынбай жүрген та­лант­ты Ақылбайға үлкен ой салып, қатты тол­ғантады. Бұл кезде Абай ауылы нағыз үл­кен үлгілі мектепке айналған болатын. Ақылбай жігіт ағасы болып калған кезі де еді. Енді бұдан былайғы Ақылбай өмірі Абай алдында ақын шәкірт болып, өзінің талантты інілеріне ақын аға, Ақыл аға атанып өтеді. Ақылбай аса шебер музыкант, домбыра, гармон, скрипкаға жүйрік, мақтаулы өнерпаз болады. Құнанбайдың мырзасы атанып, «бұлғыннан ішік киіп», бұлғақтап өткізген мағынасыз өмірін Ақылбай қалжың-шыны аралас: – Бұлғыннан ішік кидім кәмшат жаға, Сарп еттім дүниені білмей баға. Талай қыз «Ақылжан» деп тұрушы еді, Дейтұғын сұмдық шықты-ау: «Ақыл аға» деп кейін өлең етеді. Ақылбай – Абай төңірегін­дегі әржақты талантты шәкірт­терінің бірі. Ақылбайдың ақын­дығымен бірге ән шығаратын композиторлық өнері де болған. «Ақылбай сауықшыл әнші, домбырашы, скрипкашы бола­тын... Домбыраға қазақтың ескі күйлері: «Азамат қожа», «Бұлаң жігіт», «Бес төре», «Асыр қалша» деген күйлерді тартатын. Скрипкада Абайдың әншісі атан­ған Мұқадан үйренген бірнеше түрлі орыс күйлерін орындайтын. Дойбы ойынында Ақылбайды ұтатын адам бола койған жоқ» деген естелік қал­дырған екен Ақылбайдың замандасы Рақымжан Мамыр­зақов. Ақынның жастық, махаббат тақырыбына жазған бірнеше өлеңі болған. 1895 жылы Әбдірахман өліміне жазған жоқ­тау өлеңі, кейін 1904 жылы інісі Мағауияның қайтыс болуына шығарған жоқтауы да сақталған. Ақылбайды талантты ақын етіп таныт­қан оның белгілі поэмалары «Дағыстан» («Қисса-Жүсіп»), «Зұлыс», «Жаррах ба­тыр». Бұл шығармаларының ішінен бізге толық жеткені тек «Дағыстан» ғана. «Зұлыс» поэ­ма­­сының басы сақталса, «Жаррах батыр» түгелдей жоғалып кеткен. «Зұлыс» поэма­сының басқы бір-екі бөлімі ғана сақталған. Бұл поэманың үзіндісі 1924 жылы «Сана» журналының 2-3 са­нында басылған. «Дағыстанның» («Кәрі Жүсіптің») үзіндісі 1918 жылы «Абай» журналының 5 санында жарияланған. Ақылбай жас кезінде 4-5 жыл Құнанбай ауыл молдасынан ескіше оқып, хат та­нығаннан басқа, ұзап оқымаған. Абайдың үлгі-өнегесімен Ақылбай зама­нының саналы азаматы, әде­биетке шын берілген ақыны болады. Абайдың әдебиет, өнер-білім жайындағы, адамгершілік, мәдениет жайындағы өсиеті Ақылбайдың дүниеге көзін ашады. Әсіресе, орыс мәде­ние­тінен өнеге алуы, орыс әдебие­тінен үлгі алып өсуі, ақындық талантына кең жол ашады. Ақыл­бай Абай өсиетін тыңдап қана емес, өз бетімен орыс ақын­дарын оқуға, терең түсініп ұғуға қолы жетеді. Пушкин мен Лермонтов Ақылбайдың сүйікті ақындары болады. Осындай ұлы ақындарды оқып, өнеге алған Ақылбай қазақ әдебиетінде тұңғыш Кавказды жырлаған ақын. Ақылбай – ұстазы Абайдың ақылымен тау халқының өмірі­нен «Дағыстан» («Кәрі Жүсіп») сияқты, Африкадағы зұлыстар жайы­нан «Зұлыс» сияқты тама­ша роман­тикалық поэмалар жа­зып, қазақ әдебиетінде поэма жанрының жаңа түрін дамытқан, талантты, мәдениетті ақын. Ол әкесі Абай­мен бірге 1893-1894 жылдар Семей қала­сындағы Бастауыш білім беру ісіне қам­қорлық жасайтын қоғамның толық мүшесі болады. Сөйтіп, өз тұсында мәдени-ағарту ісіне де қатысқаны байқалады. қанат «Дағыстан» поэмасының тақырыбын ақын шәкірттеріне Абай өзі ұсынады. Бұл поэманы жазуға Ақылбай, Мағауия, тағы бірер шәкірті кіріседі. Поэманы бәрінен бұрын жазып шығып, оқыған Ақылбай бо­лады. Ақылбай жазған «Дағыстан» Абайға, барлық ақын шәкірт­терге ұнайды да, бұл тақырыпты меңгерген Ақылбай деп ұйғар­ады. Ақылбай ақын «Зұлыс» атты үлкен поэ­масын 1900-жылдары жазған. Зұлыстар туралы поэма­ны әуелде Мағауия жазбақ бо­лып жүреді екен. Кейіннен Мағауи­яның денсаулығы нашар болуы себепті жазбақ поэмасы­ның ойлаған оқиғасын ағасына ай­тып беріп, «Зұлысты» Ақыл­бай жазып шығады. Ақылбай поэмасын толық жазып шық­қан соң қолжазбасы қолдан-қолға тарап ке­теді. «Зұлыс» – Ақылбайдың аса қою оқиғалы роман-поэма түрінде жазылған үлкен көлемді шығар­масы еді. Сол ұзақтық себебінен алғаш жазылып шыққан жылын­да ұқыпты көшірушінің қолына кездеспеген. Жас оқушы Ақыл­бай қасындағы жігіттер ақынның қолжазбасын біреуінен-біреуі ауыстырып, қыдыртып жүріп, көшіріп алуға еңбек етпеген. Қарындашпен жазылған жал­ғыз қолжазбасын Ақылбай өзі де қайта­дан көшіруге үлгермей қалады. Бұл поэма оның өзі қай­тыс болардың алдында, соңғы жылдарында ғана жазылса ке­рек. Ол кезде інісі Мағаштың қатты науқасы, оның қаза болуы және әкесі Абайдың қайтыс болуы – барлығы қат-қабаттап, Ақылбай өз поэ­масын тарата алмай кетеді. Жалғыз қолжаз­баның өзі де кейін 1918 жылы өртеніп, өкінішті түрде із-түзсіз жоқ болады. Ақын өмірінің соңғы жыл­дары ауыр қай­ғымен өтті. Әйелі қайтыс болады, 1895 жылы інісі Әбдірахим (Әбіш) қайтыс болады, 1904 жылы екінші інісі Мағауия қайтыс болады. Мағауи­яның соңынан көп ке­шік­пей әкесі Абай қайтыс болады. Ақылбай Абай өлімінен қырық күннен соң әкесінің қырқын берген күні, 1904 жылы 43 жасында Семей қаласында кенеттен қайтыс болады. Ақыл­бай­­дың бейіті Абай ауданы, өз қыстауы Тышқан бұлағының басында. Қасиетті қара шаңырақ Абай­дың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің қорында А.Құнанбайұлының ұлдары Ақылбай және Тұрағұл­мен түскен фотосуреті сақталған. Суретті 1896 жылы Семей қала­сы­нда фотограф Н.Кузнецов түсірген. Түпнұсқа. Ұзындығы мен ені – 9-13 сантиметр. Кар­тон қағазға мұқият жапсырылған. Абай музейіне 1941 жылы 6 ақпанда №40 қабылдау акт бо­йынша өткізілген. Фотоны та­уып, сақтап Абайдың жаңадан құрылған музейіне өткізген М.Әуезов болатын. Бұдан бөлек, Ақылбайға қатысты естеліктер, поэмаларының араб графика­сындағы қолжазбалары да бар. Ақын мұрасын насихаттау мақ­сатында бұл мағлұматтар музей­дің «Абайдың ақындық мектебі» залынан орын алған. Ақылбай мұрасы абайтануға қызығу­шылық танытқан таны­мы бөлек оқырман­ның ой тоқ­татып, көңіл бекітуге тұрарлық рухани қазынасы деуге болады. Оның туындылары арқылы ха­кім Абайдың әсері, үш қайнардан қанып ішкен ақынның әдеби мектебі өкілдерінің өнері үстем бола түседі.

Бұлбұлназ МҰРАТҚЫЗЫ, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми қызметкері