"Бақытты отбасы" тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды.
"Отбасы банкінің" хабарлауынша, бұл бағдарламаға өтінімді тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдіктерде есепте тұрған азаматтар тапсыра алады.
Өтінім беру мерзімі: 12 сәуірден 26 мамырға дейін.
Бағдарламаның шарты: қарыз мөлшерлемесі – жылдық 2%, бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-ы, кредит 20 жылға дейін беріледі.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларында – 15 миллион теңгеге дейін, басқа өңірлерде – 10 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Бағдарлама аясында жаңа пәтер, қолданыстағы баспана және жеке тұрғын үй сатып алуға болады.
Қазақстандықтар байқау қорытындысын өтінім нөмірі бойынша 27 мамырдан кейін "Отбасы банктің" сайтынан көре алады.
"Өтінімді кезекке қойылған жылына қарамастан "Бақытты отбасы" бағдарламасының барлық санаты бере алады. Барлық өтінім 45 күн бойы қабылданады. Әрі қарай жүйе автоматты түрде қатысушылардың негізгі және резервтік тізімдерін құрастырады. Әкімдіктің кезекке қою күні, кезекке тіркелген санаты және өтінім беру уақыты қатысушының негізгі тізімге ілігуінің айқындаушы факторы болады", - делінген "Отбасы банкінің" Instagram-дағы парақшасында.
Негізгі тізім бойынша өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін, резервтік тізімде баспана кезегінде тұрғандарды бағдарламаға қатысуға шақыруы мүмкін.
"Бақытты отбасы" бойынша қалай өтінім беруге болады
"Отбасы банктің" www.hcsbk.kz сайтында электронды өтінім беру;
егер сіздің өтініміңіз үміткерлердің негізгі тізіміне кірсе, өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін келесі жұмыс күні банктен қоңырау күту;
белгіленген күн мен уақытта төлем қабілеттілігін бағалау үшін қажетті құжаттар пакетімен банк бөлімшесіне келу;
қарызды мақұлдау туралы банктің оң шешімін алу;
банктің талаптарына сәйкес келетін баспананы табу немесе банктің жылжымайтын мүлік порталында тұрғын үйді брондау және жылжымайтын мүлікті бағалау;
банктен қарыз алу.
Несие шотында қарыз сомасының кемінде 10%-ы мөлшерінде жинағы бар адамға беріледі.
Қосымша сұрақтар болса, 300 нөмірі бойынша (ұялы телефоннан тегін) банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.