16 сәуір күні Қорғаныс министрлігіне қарасты Су-30 СМ ұшағы Қарағанды облысының аумағында апатқа ұшырады. Құны шамамен 30 млн доллардан асатын ұшақ авиациялық оқу орталығында өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде қону алаңына жақындай бере құлаған еді. Абырой болғанда, экипаж мүшелері аман. Бір айдан астам уақыт бұрын Алматы әуежайының маңында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық қызметіне тиесілі ұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған. Ол кезде төрт адам қаза тапқан. Әскери ұшақтардың ел тарихындағы апаттарының хронологиясын жасап, себептеріне тоқталғанды жөн көріп отырмыз.
1996 жылы 14 қазанда Қорғаныс министрлігінің Миг-23 ұшағы Талдықорған қаласында құлаған. Оқиғаға қатысты аса ақпарат жоқ. Нақты себебі айтылмаса да, бір себебі ретінде қонуға беттеген кезде құспен түйісіп қалған деген нұсқа айтылады. Араға екі жыл салып, Әскери-әуе күштерінің Миг-29 УБ ұшағы апатқа ұшырады. Жамбыл облысындағы Құлан ауылына құлаған жойғыш ұшақ Луговой әуебазасында тіркелген. Ұшқыштар катапульта жасап, аздаған жарақат алған. Себебі ретінде адами фактор деп көрсетілген. Жаңа ғасыр басталған тұста, 2000 жылы Балқаш аэродромында апат болды. МиГ-21 УБ жойғыш ұшағы ұшып-қону жолағында екпін ала бергенде форсаж режимі қосылмай қалады. Отын жүйесі шіріген резеңке бұйымдарына толып қалған. Осылайша, ұшақ тиісті биіктікке көтеріле алмай, аңғарға құлаған. Ұшқыштар катапульта жасап үлгерген. Ұшақ тізгінінде полковник Ж.Сандыбаев болса, авиация генерал-майоры А.Старыш инструктор болған. Кейіннен МиГ-21 ұшақтары пайдаланудан алып тасталды. 2001 жылы 19 қаңтарда Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Ми-8 ішінде сол кездегі Қорғаныс министрі, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев болған еді. Леңгір маңында болған әуе апатынан бас штаб офицерлерінің бірі қаза тауып, он жолаушы түрлі жарақат алған. Апаттың себебі ретінде техниканың істен шығуы аталады. Соның салдарынан экипаж басқара алмай, Ми-8 12 метр биіктен құлаған. 17 жыл бұрын, 2004 жылы оқу-жаттығу полигоны кезінде екі кісілік ЯК-18 ұшағы Ақтөбе облысындағы Хлебодаровка ауылында апатқа ұшыраған. Салдарынан нұсқаушы мен Ақтөбе жоғары әскери авиациялық училищесінің курсанты қаза тапты. 2007 жылы Қарағандыдағы Сарыарқа әуежайынан 5 шақырым жерде Әуе қорғаныс күштерінің МиГ-31 жойғыш ұшағы құлады. Оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы жағдайдан экипаж қаза тапты. 2008 жылы МиГ-29УБ жойғыш ұшағы Алматы маңында құлаған. Екі қозғалтқышы істен шыққан. Ұшқыштың бірі сол жерде көз жұмған. Сарапшылар бұл әуе апатына қатысты түрлі нұсқа айтады. Кейбірі қозғалқыштар ескірген десе, енді бірі жөндеу жұмыстарының салғырт жасалғанын себеп ретінде атаған. 2009 жылы екі бірдей апат тіркелген. Біреуі Алматы облысында 17 маусымда болса, екіншісі сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында 8 қыркүйекте болған. Алғашқысы – Қорғаныс министрлігінің иелегіндегі Ми-24 тікұшағы. Апаттың себебі – тікұшақ өздігінен сол жаққа, төменге қарай тартып кеткен. Экипаждың үш мүшесі де аман қалды. Ал екінші апат Ми-8 тікұшағында болды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі техника шекара бұзған адамдарды ұстауға шыққан. Аталған апаттан 10 адам қаза тауып, үш адам жараланған. Апат себебі кейін белгілі болды. Тікұшақтың артқы бөлігі тау тасын байқамай іліп кеткен екен. Әуе апаты көп болған жылдардың бірі – 2012 жыл. 22 тамызда елорда әуежайының маңында әскери жаттығу мақсатында көкке көтерілген Ми-19 тікұшағы құлады. Тікұшақ екіге бөлініп, өртеніп кеткен. Төрт әскериден тұратын экипаж түгел қаза тапты. Апаттың бірнеше себебі аталған. Соның бірі – тікұшақтың басқару жүйесі өздігінен істен шыққан. Желтоқсанда ел тарихындағы ең үлкен апаттың бірі болды. Ан-72 ұшағы 27 адамның өмірін жалмаған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне тиесілі ұшақ бас қаладан Шымкентке бет алған. Әуе кемесі Шымкент әуежайынан 20 шақырым жерде Тассай ауылының маңындағы карьерге құлаған. 2013 жылы сәуірде Қарағанды облысының Просторное ауылы маңында оқу-жаттығу кезінде Миг-31 құлаған. Экипаж катапульта жасады, штурман жарақат алған, бірақ ұшқыш қаза тапты. Себебі – қозғалтқыштың істен шығуы. 2014 жылы қыркүйекте Талдықорған базасына қарайтын Су-27 құлаған. Себебі ретінде техниканың істен шыққаны айтылған. 2016 жылы екі бірдей Су-27 құлаған. Қазандағы әуе апатының себебі — ұшқыштың ұшақты қондырар кезде шассиді шығармауы. Салдарынан әуе кемесі ұшуға мүлдем жарамсыз болып қалған. Осыған ұқсас оқиға араға аз уақыт салып болды. Қарашада Талдықорғаннан 20 шақырым жерде Су-27 ұшағын апатқа ұшырады. Оған ұшқыш Әділбек Ысқақов себепші болды делінеді. 2019 жылы наурызда Қорғаныс министрлігінің Ми-8 тікұшағы құлады. Аталған тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Бортта болған 13 әскери қызметкер қаза тапты. Сарапшы Стальбек Әлімқұлов бұл оқиғаға қатысты пікір бергенде мынадай нұсқа айтқан: «Мұндай типті тікұшақтар бес минутта өртеніп кетеді. Азаматтық ұшқыштар 2 100-2 400 метр биіктікте ұшса, әскерилер ондай биікте ұша бермейді. Шамамен 300-400 метрде ұшады. Таулы жер емес, демек ауа райы кедергі болмайды. Жол жиегінде ұшқан болса керек. Қозғалтқыш істен шықса, қонуға болар еді. Біреуі болмаса, екіншісі бар. Екеуі де істемей қалса да, авторотациямен қонуға мүмкіндік бар. Меніңше, ұшқыш басқара алмай, аударып алған сияқты» деген еді. 2020 жылы сәуірде жоспарлы дайындық жасап жатқанда Қарағанды маңында МиГ-31 құлады. Ол Қазақстанның Әскери-әуе күштеріне тиесілі болған. Әрі құны да арзан емес. Шамамен 35 млн доллар. Ұшқан соң қозғалтқыштардың бірі отқа оранған. Биыл болған екі апаттан көпшілік хабардар. Міне, байқасақ, тәуелсіз Қазақстан авиациясында апат аз болған жоқ. Біздің тізіп шыққанымыз әскери ұшақтар мен тікұшақтар ғана. Одан бөлек, азаматтық авиацияда да апатты жағдай көп тіркелді. Көбіне әскери ұшақ апаттарының себептері жіліктеп айтылмайды. Бар болғаны техника істен шыққан, болмаса адами фактордың кесірінен деумен шектеледі. Әлбетте, отандық әуе паркіне жаңа техника керегі жасырын емес. Дегенмен ұшқыштардың кәсібилігі, форс-мажорға дайын болуы да маңызды. Мәселен, күні кеше апатқа ұшыраған Су-30СМ ұшағы Иркутск зауытынан 2015 жылдан бері алына бастаған. Су жаңа ұшақтардың Қарағанды авиациялық базасына келіп жеткені туралы жаңалық та былтыр шыққан. Соған қарамастан апат саны азаяр емес.Жадыра АҚҚАЙЫР