Бұл жайында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек блогер Тәңірберген Бердіоңғаровқа сұхбатында әңгімелеп берді.
Ол Алматыны басқарып тұрған тұста нарықтық жүйеге сай көлік жүйесін қалай құрғанын еске түсірді.
«Қала да ағза сияқты, оны сауықтыру үшін тек бауырын емдеумен шектелуге болмайды, мәселеге кешенді келу керек. Біз ақылы тұрақтар, автобусқа бөлінген жолақтар, веложолдар, жүргіншілерге арналған жолдар, такси, автобустар, метро және ЛРТ жобасын жүзеге асырдық. Бұл шаралар кешені қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Қалада шығыны 700 миллион теңгеге жеткен «Алматыэлектротранс» компаниясы болатын. Оны сенімді басқаруға беріп, мәселесіне нүкте қойдық. Біз көлік саласын басқаруда табысқа жеткен компанияларды өзге өңірлерден де қарастыра бастадық. Соның бірі Шымкенттегі «Green bus» болатын. Оларды шақырып, келіссөз жүргіздік. Бірінші жылда олар 1,5 миллиард теңге инвестиция салып, берешегін өтеп, басқаратын болды», – дейді Бауыржан Байбек.
Бұдан бөлек, қалада «Оңай» жобасы ендірілді. Көлік саласына инвестициялар құйылды. Бірақ туындаған проблемаларға байланысты сот арқылы «Green bus»-пен арадағы шарттар бұзылды. Бұл кезде қаладағы көлік жүйесі жақсы жолға түсіп үлгерген еді. Қала 1300 автобус сатып алды. Арзанқол дизелді автобустардан газға көшті.
Алматыдан кетер алдында инвестор тартылып, ол қалада электр автобустарының зауытын салды. Бұл зауыт үшін Ресей мен Әзербайжан күрескен болатын. Кәсіпорын шығарған Мерседес стандартындағы электрлі автобустар Төле би көшемімен жүріп жүр. Бұл компания Нұр-Сұлтанда төл автопаркін ашты. Қоғамдық көлікті дизельден газға, газдан электрге көшіру міндеті тұрды. Алматылықтар оған куә, өз көздерімен көрді. Біз жасыл автобустарды жолға шығардық. Мегаполисімізге келген сайын байқаймын, 10 автобус кейін 20, 50, 100-ге көбейген. Ескілері жаңасына ауыстырылуда. Алматылықтардан осы үшін жылы сөздер естіп жүрміз», – дейді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.
Алматыдағы ЛРТ (жеңіл-рельсті көлік) жобасы да осы ойдан туындапты. Оның жобасын еуропалықтар әзірлеп шыққан.
«ЛРТ десе бәрі шошиды. Соның кесірінен бүгінде бұл жоба Алматыда жалғасын таппай қалды. Дұрысы – соны жасау керек еді. Оған халықаралық баға да берілді. Оның желісін оңтайландыруға болатын еді. Сонда әлемдегі ең арзан 5 ЛРТ жобаның қатарына кіретін. Бірінші конкурсы жарияланып үлгерді. Жапония, Испания, Франция, Ресей, Қытай, Түркиядан компаниялар қызығушылық білдірді. Бірінші тұсаукесер кезеңінен өтті. Халықаралық тендер жарияланды. Оны біз, әкімдік емес, Еуропа қайта құру және даму банкі ұйымдастырды. Екінші кезеңге 4 компания өтті. Жоба осымен доғарылды. Бұл трамвайларға жақсы балама болатын еді», – дейді Б.Байбек.
LRT көлігі Төле би көшесінің бойымен жүріп отырып, жасыл базардан «Алматы Аренаға» дейін жетуге тиіс болды. Яғни, ескі қала орталығын сол ауданмен байланыстыратын. Жеңіл-рельсті көлік экологиялық таза, шуы да аз. Сол себепті Батыста үйлер арасымен де жүре береді.
Болашақта еліміздің ең ірі мегаполисі ЛРТ идеясына қайта оралуы да ғажап емес.
https://youtu.be/sW0hsZRV6dU