Ұзақ өмір сүрудің кілті
Ұзақ өмір сүрудің кілті
1,067
оқылды

Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы туралы жиі сөз болады. Өйткені бұл көрсеткіш мемле­кеттің қаншалықты жайлы екенін, салауатты өмір салтын негізге алатынын білдірсе керек-ті. Қа­зір әлемдегі орташа өмір сүру ұзақтығы – 72,83 жас. Ал халқы ең ұзақ өмір сүретін ел – Гонконг (85).  2030 жылға қарай Оңтүстік Корея аталған цифрды 90-ға көтеруді жоспарлап отыр. Де­мек, өзге де елдер қалыспай шетелдік тәжірибені негізге алады. Осы орайда еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы қанша? Мамандар нені негізге алып жүр?

Зерттелмеген жайттар бар

Кім ұзақ өмір сүрудің құпиясын білгісі келмесін?! Сол үшін газет-журналды ақтарып, түрлі әдіс-тәсілдерді түртіп алатынымыз бар. Содан ба, еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Әрине, бұған денсаулық сақтау саласындағы кешенді зерттеулер мен жетістіктер де әсер етіп жатыр. Нақты дерекке сүйенсек, елімізде 1970 жылы орташа өмір сүру жасы 62 жас болған. 1990 жылы көрсеткіщ 68 жас болса, 1996 жылы 64 жасқа кеміген. Ал өткен жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 73,9 жас деп белгіленді. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 2026 жылға қарай аталған көрсеткіш  75-ке жетуге  тиіс екенін мәлімдеген. Өйткені адамның денсаулығы мен әл-ауқатын арттыру бірінші орында тұр. Оған қоса атқамінерлердің сөзіне сенсек, 2026 жылға қарай мерзімінен бұрын өлім қаупі 15,43%-ке төмендейді. Негізгі көрсеткіштер бойынша халықтың денсаулық жағдайы жақсарады. Яғни, иендегі ауылда құдықтан су ішіп отырғандар мен толық тексеруден өте алмай жүргендердің «аузы аққа тиеді» деген сөз. Иә, мәлімдемедегі уақытқа да көп қалған жоқ. Аяқ-алысты дүйім ел болып бақыларымыз хақ.  Өйткені министрліктегілер өлім-жітімнің негізгі себептері бойынша жүйелі, жоспарлы жұмыс жүргізіп жатқанына сендірді. Төртінші жыл қатарынан тиісті үйлестіру кеңестері жұмыс істеп жатқаны тағы бар. Соның ішінде онкологиялық аурулармен күрес жөнініндегі кешенді жоспар, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту да жолға қойылмақ. Осы тұста продюссер Нұрлан Қоянбаевтың бір сұхбатында Нұр-Сұлтандағы теміржол ауруханасына жедел жәрдеммен зорға жеткені туралы айтқаны еске түседі. Сондағы аурухананы сипаттағанына тіпті таңырқайсыз. Демек, жоғарыдағы дамыту жайын шындап қолға алу керек-ақ. Одан кейін министр орташа өмір сүру ұзақтығы жайында ана мен бала өлімі көрсеткішін төмендету туралы жедел жоспарды атап өтті. Байқап қарасаңыз, өңірлерде ана мен бала өлімі туралы факт көп. Перзентхананы жемқорлық жайлағаны айтпаса да белгілі. Аудан мен кішігірім қалалардың  өзінде айы-күні жақындаған келіншектер ай бұрын дәрігердің қолына 20 мың теңге ұстатады деседі. Сонда пара бермегендер қайтпек? Әртүрлі негіздегі жоспарды құра бергенше, іс жүзінде тексеруді бастаған жөн бе деп ой түйесіз. Бірді айтып, бірге кетіп қалғандай әсер еткен болар. Дегенмен мұның бәрі – елдің орташа өмір сүру ұзақтығына әсер ететін фактор. Оның үстіне, әлеуметтанушылар да жағдайды тереңірек зерттеу керек деп отыр. Мәселен, Салтанат Оразбаева елімізде герантология мәселесі зерттелмеген деп отыр.

Герантология дейтін бір жұмбақ

Жалпы, герантология – адамның және жануарлар организмінің қартаю заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Мәселен, осы саладағы әлемдік зерттеулер 2020 жылы 60 және одан да үлкен жастағы адамдардың саны 5 жастан кіші балалардың санынан асып кететінін көрсеткен. Ал 2050 жылға қарай аталған жас­тағы адамдардың саны 2 миллиардттан асады.  Қазір мұндай жастағы адамдардың саны 841 мил­лионнан асты. Зерттеулерде адамдар ұзағырақ өмір сүре бастаса, олардың денсаулығы бұрынғыға қарағанда жақсаратыны көрсетілген. Қазір 60-тан асқан адамдар созылмалы респираторлық аурулар, жүрек аурулары, сүйек-бұлшық ет жүйелері ауруларына тап болады. Әсіресе, артрит, остеопорозға, психикалық және жүйке ауруларына шалдыққандар көп. Сол үшін дәрігерлер қарттарға табиғат аясына шығуды, қимыл-қозғалысты көбейтіп, тынығуды тапсырады. Жеке клиникалар да аталған түйіннің шешімін табуға кіріскен. Мәселен, Inject клиникасының негізін салушы Нұрлан Ахметов осы саланы зерттей келе, дәрігерлердің басын біріктірген. Клиника ашуға себеп болған дәрігер Фуркат Камалұлының патенті. Олар адамның сергек, ауру-сырқаусыз өмір сүруіне жағдай жасайды. «Орталық екі жыл бұрын Алматы қаласында ашылды. Халықтың сұранысы бойынша өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында клиниканың ашылу салтанаты өтті. Біз бірегей әдіспен жұмыс істейміз. Қабыну ауруларын жасуша деңгейінде емдейміз. Білікті дәрігер-зерттеуші Фуркат Камалұлы еңбегіне патент алды. Процесс инекция салу арқылы жүреді. Артрит, артроз ауруымен келген емделушілердің ем-шарадан кейін емін-еркін қозғалғанын көріп қуанамыз.  Одан кейін клиникада психолог жұмыс істейді. Ол келушілермен жеке-жеке тілдеседі. Өйткені көпшілік «қартайдым» деп өзін-өзі тастай салады. Сол үшін адамның ойын тазартып, оны серпілту керек. Сонда ғана ем қонады.  Емделушілердің көрсеткен қызметімізге көңілі толады. Жалпы, адам қайткен күнде ұзақ өмір сүреді? Меніңше, дұрыс тамақтанып, позитивпен өмір сүрсе, ұзақ жасайды», – дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы Inject клиникасының директоры Жеңіс Мейрамғалиұлы. Иә, мұндай ғылыми жетістіктердің көмегіне сүйеніп, аяғынан тұрып кеткендер жетерлік. Алайда салауатты өмір салтын ұстанудың бұдан көп көмегі тиеді. Мәселен, төмендегі деректерге назар аударыңыз.

Денсаулықты күтудің жолы көп

Орташа өмір сүру ұзақтығын 90 жасқа көтергісі келетін Корея алдымен тіс күтіміне баса назар аударады. Олар тіс сау болса, ағза да сау болады деген пікірде. Сондай-ақ тістің саулығы – сұлулықты сақтаудағы басты құралы. Ал қазір өмір сүру ұзақтығы бойынша көш бастап тұрған Жапония жергілікті тамақтану мәдениетімен әйгілі. Ас мәзірі балық, күріш, соя мен көкөністерден тұрады. Аталған рацион жүрек аурулары мен қатерлі ісіктің кейбір түрінің алдын алады. Соя сүйек қалпын жақсартатыны айтылады. Одан бөлек, брокколи мен түрлі түсті қырыққабат – жапондардың сүйікті тағамы. Әрине, көк шай жайында айтпаса болмас. Себебі жапондар көк шай ішкенді жақсы көреді. Бұл шай түрі тоқ ішектегі, асқазандағы ісік ауруын болдырмай, қан қысымын реттейді. Испанияға келсек, Жерорта теңізінің диетасы,  зәйтүн майы мен вино өмірді ұзартады деп ойлайды. Соның ішіндегі зәйтүн майы жүрекке пайдалы екен. Одан бөлек, испандарда «сиеста» деп аталатын әдіс бар. Олар жұмыс уақытында бір мезет тынығып алғанды жөн көреді. Түскі уақытта ұйықтап, тіршіліктің бәрін тоқтатып қояды. Қызуқанды, мәңгі жас испан азаматы болудың құпиясы осында болар, бәлкім. Рейтингі жоғары орынға ие Сингапур меди­цинаның көмегіне жүгінеді. Дамыған медицина ұзақ өмір сүруге кепіл боп отыр. Ылғалды, өмір сүруге қо­лайлы климаты да жан баласына дауа. Ал фин аза­маттары табиғат аясына шығуға, спортпен айналысуға басымдық береді. Спортпен айналысу ұлттық хобби іспетті. Халықтың 70%-ы спортпен шұғылданып, халықтың көп бөлігі жұмысқа велосипедпен барады. Исландия халқы рационында балықты көбірек тұтынса, Жаңа Зеландия ұзақ жасаудың сыры балда деп ойлайды. Үндістан қарттары тамақтарына барынша дәмдеуіш қосса, француз халқы жай ғана ас ішуден рақаттануға шақырады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ