Пандемия көпшілікке онлайн жұмыс нәтижесінің оффлайндағы жұмыстан айырмасы жоқ екенін дәлелдеді. Кейбірі табысын еселеп, екі-үш жұмысты қатар атқарып жүр. Десе де, еліміздегі жұмыссыздардың саны артып келеді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қажетті мамандықтар атласын жасап жатыр. Картадан жойылып бара жатқан мамандықтар мен жаңа пайда болған салалардың тізімін таба аласыз. Сонымен, елімізде қандай маман тапшы?
Дәрігер мен IT маман керек
Иә, республикада ресми түрде тіркелген 449 мың жұмыссыз бар. Әрине, бәрін бірден жұмыспен қамту мүмкін емес. Бірақ түрлі мемлекеттік бағдарлама мен жобаның маңызын айта кеткен жөн. Біразы «Еңбек» бағдарламасы арқылы нәпақасын тауып жүр. Жағдай соңы осы сценарийге әкелмес үшін министрлік мамандықтар атласын жасауды қолға алған-ды. Сондықтан ата-аналар мен оқушыларға мамандық таңдар алдында картаға бір қарап алған дұрыс деп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, қазір еңбек нарығының құрылымы өзгеріп жатыр. Кей мамандықтар мүлдем жойылған. Оған қоса, бірқатар қызмет түрінің онлайнға ауысқаны бар. Өз кезегінде министрлік өзгерістен алыс қалмай, қажетті мамандықтар атласын жасап шыққан. Нәтижесінде, 239 жаңа мамандық пайда болды. Жаңа мамандықтар цифрлы технологиялар саласына қатысты түзілген. Мысалы, қазір есепшілер, жалақы санайтын мамандықтар жойылып барады. Себебі жаңа автоматтандырылған технологиялар енгізіліп жатыр. Бара-бара бұл жұмыс орындарының қысқарып, автоматтандырылатынын нұсқайды. Осыған сай, министрлік жаңа пайда болған мамандықтарға байланысты оқыту курстарын ұйымдастыруды қолға алады. Қанша жаңа мамандықтар дәуірі дегенімізбен, елімізде әлі де денсаулық сақтау мамандарына сұраныс көп. Әсіресе, білікті дәрігерлер жетпейтін өңірлер жетерлік. Одан кейін еңбек нарығына онлайн форматта жұмыс істейтін IT мамандар да керек. Сол үшін министрлік қажетті мамандықтар картасында өңірлер бойынша талдауды қолға алмақ. Бұл бір жағынан аймақтағы тапшы мамандықты анықтап берсе, екінші жағынан дипломы бар жұмыссыздарға көмек болмақ.Менеджерлерге сұраныс басым
Әлеуметтік желідегі жарнама мен жұмыс іздеу порталдарындағы сұранысқа сай осындай тұжырымға келдік. Онлайн болсын, оффлайн болсын бизнестің қызып тұрған шағында менеджерге қолқа салатындар көп. Байқасаңыз, карантиннен кейін бизнесті жандандырып, оны цифрлы түрге лайықтау да менеджердің ықпалындағы іс. Әсіресе, шағын және орта бизнес үшін аса қажет мамандық екені дауыс. Оның үстіне, аталған бизнестің еліміздің ІЖӨ-сі (29,5%) үшін маңызды рөл ойнайтыны тағы бар. Дегенмен бұл тек аталған сала үшін емес, ойын-сауық, коммерция, жарнама мен білім саласы үшін де керек. Мәселен, қосымша білім беретін орталықтар локдауннан кейінгі жағдайды түзеу үшін менеджердің көмегіне жүгінді. Ағылшын, араб, орыс және түрік тілін үйрететін орталықтың жетекшісі Малика Қыдыржанның айтуынша, локдаун кезінде орталықтың жұмысын оффлайннан онлайнға көшіруге білікті менеджердің септігі тиген. Нәтижесінде, қатаң карантин кезінде де табыс түсіп отырған. Менеджерлермен қатар E-commerce және IT технологиялар саласы мамандарына да алдағы 5 жылда сұраныс артпаса, төмендемейді. Өйткені аталған мамандық иелері бизнестің онлайн форматқа көшуіне тікелей себепші. Соның ішінде IT мамандарды алатын болсақ, таргеттік және контекстік жарнама беру, digital-маркетологтер, SMM мен SEO-мамандар, мобильді қосымша жасаушылар, инженерлерге сұраныс көп. Экономика үшін алмағайып кезең екені белгілі. Кәсіпкерлер қашан локдаун болатынын, қай кезде акция түсіп, қашан құны көтерілетінінен хабарсыз. Сол үшін көпшілігі Big Data талдаушыларының көмегіне сүйенеді. Мұндай мамандар талдаумен, деректерді бағалаумен, статистикалық ақпаратты өңдеумен айналысады. Бұдан кейінгі кезек сату жөніндегі мамандарда. Байқасаңыз, әлеуметтік желіде қандай да бір тапсырыс жасағыңыз келсе, белгілі бір нөмірге жазуды өтінеді. Міне, сізбен байланысқа шығатын осы – сату жөніндегі мамандар. Сізге ненің керек екенін нұсқап, қалаған сұрағыңызға жауап береді. Сол үшін сауда секторында жұмыс істейтіндер жарнаманың артықшылығын түсініп, заманауи ерекшеліктерді жақсы білетін мамандарды қолға түсіргісі келеді. Алдағы онжылдықта нанотехнология мен робототехниканың қарыштап дамитын кезеңі екенін ескерсек, инновация саласындағы мамандардың көмегі керек. Ғылымның еңбек нарығындағы кей мамандықтың жойылуына ықпалы тағы бар. Өйткені ірі кәсіпорындар роботтардың көмегін қабыл алуға дайын. Болашақта әуежайда, қонақүйлерде, мекемелерде роботтар жұмыс істейтіні айтылады. Тіпті, күнделікті жаңалық оқитын дикторларды құлтемірлер алмастыруы мүмкін. Жоғарыдағы мамандықтарға шолу жасағанда еңбек нарығының түрленгені көрініп-ақ тұр. Дене еңбегін қажет ететін жұмыс түрлері біртіндеп нарықтан шыға бастайды. Өйткені техниканың адамның орнына жұмыс істеп жүргенін көз көріп жүр. Ой еңбегіне қатысты бірқатар салада да өзгеріс бар. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» дегендей жаңа мамандықтарды игеріп, өмір бойы білім алатын уақыт жетті. Оның үстіне, заманауи мамандықтар жайында оқытатын қысқа курстар көбейіп кеткені тағы бар.Айбике ЖАНАСЫЛ