Талдықорғанда Ashyq жобасы іске қосылды
Талдықорғанда Ashyq жобасы іске қосылды
233
оқылды

Талдықорған қаласы  Ashyq  жобасына қосылды. Кәсіпкерлік нысан­дарының ішінде алғашқы болып қалалық Fortuna кафесі QR-код алды. Бұл туралы JETISÝ MEDIA ақпараттық алаңында өткен брифинг барысында Алматы облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Дәурен Оналбаев хабарлады.

Ashyq жобасына қатысты өткен баспа­сөз мәслихатына Талдықорған қалалық СЭБ басқармасы басшысының орын­басары Сәкен Мелдебаев, Талдықорған қала әкімінің орынбасары Сәуле Арзан­бекова қатысты. Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дәурен Оналбаев Ashyq жоба вирустың таралу қаупін азайтып, карантин шара­лары кезінде өз қызметін жалғастыруға мүм­кіндік беретінін айрықша атап өтті. Қосымшаны пайдалану бизнес ны­санына шектеу шараларына қарамастан, тіпті локдаун жағдайында да жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоба QR-код және ПТР дерекқорымен интеграция есебінен келушінің мәртебесін – ол вирустың тасымалдаушысы болып санала ма, жоқ па, соны анықтауға мүмкіндік береді. Кіреберісте келушінің мәртебесін анықтау үшін оның  QR- кодын сканерлейді және түсіне байланысты мәртебесін белгілеп, соған сай келушінің нысанға кіру-кірмеуі анықталады. Fortuna кафесі Талдықорған қаласын­дағы мобильді қосымшасын пайдаланған бизнес субъектілері арасында бірінші нысан болды. Тестілеу жүйесі бизнес нысаны үшін де, мекемеге келушілер үшін де қолдануға өте қолайлылығын көрсетті. Қазір Ashyq  жобасына қатысуға 17 өтінім келіп түсті. Барлық жаңа қатысушы өтінімдерін infokazakhstan.kz сайты арқылы бере алады. Кинотеатрлар, қоғам­дық тамақтану орындары, қосымша білім беру ұйымдары өтінімдерді салалық қа­уым­дастық арқылы тапсырады», – дейді  Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары. Айта кетсек, QR-код тек бизнес субъек­тілеріне беріледі. Жобаның талаптарына сәйкестігін тексергеннен кейін жеке кабинетте бір апта бойы оқуға және тест режимінде жұмыс істеуге мүмкіндік бере­тін код пайда болады. Келушілерге App Store және Play Market-тен Ashyq мобильді қосымшасын жүктеу, телефон нөмірі бойынша автор­лану, ЖСН енгізу және өзінің баруын тір­кеу үшін мекеменің QR-кодын сканерлеу қажет. Сондай-ақ шығу кезінде де  бекіту үшін оның QR-кодын сканерлеу керек. Келушіде смартфон болмаған немесе осы мобильді қосымшаны жүктеу кезінде қиындықтар туындаған жағдайда жауапты тұлғаға-мекеме қызметкеріне қосымшада рөл беріледі, оның көмегімен ол келушінің ЖСН енгізу арқылы кіруін тіркей алады. Сонымен қатар бизнестің өзі клиенттің мәртебесін ғана көреді: жасыл, көк, сары немесе қызыл. Ол адам туралы басқа деректерді көрмейді. Қызыл мәртебе қозғалысты шектеуді, амбулаториялық бақылаудағы адамдар үшін үйді оқшаулаудың қатаң режимін сақтауды білдіреді. Сары белгіде қозғалысты ішінара шектеу-пайдаланушы ПТР дерекқорында жұқтырған науқаспен байланыста болғаны жөнінде көрсетілген: пациентке үйде оқшаулану режимін сақтай отыра, үйінен 500 метр жерден аспайтын азық-түлік және аппараттық дүкендерге, дәріханаларға баруға рұқсат етілген. Көк. Бұл мәртебе үшін ПТР міндетті болатын жерлерден басқа қозғалыс шек­теулері деректер көзінде жоғын білдіреді. Жасыл күй қозғалыста ешқандай шектеу жоқ екенін көрсетеді және бұл пайдаланушы дерекқорда covid-19 теріс нәтижесі бар ПТР-тестілеуден өткен адам ретінде анықталған. Қазір Алматы облысының Кәсіпкер­лер палатасында бизнес-қоғамдастықпен Ashyq жобасы бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілуде және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі жасалып жатыр.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы.