Қылмыскерлер тағы бір елден қайтарылады
Қылмыскерлер тағы бір елден қайтарылады
5,178
оқылды

Қазақстандық қылмыскерлерге бас сауғалап қашатын өріс тарылып барады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін бірқатар шартты ратификациялады. Бұдан былай екі мемлекет бір-біріне іздеуде жүрген азаматтарын ұстап беретін болды.

Мұндай норма «Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы адамдарды ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы» заңда жазылған. Сондай-ақ бұл келісімде ұстап беруге, бас тартуға, ұстап беруді кейін­ге қалдыруға және рәсімді оңайлатуға негіз болатын ережелер де қамтылған. Отырыс барысында қабылданған тағы бір құжат – «Қазақстан мен Солтүстік Маке­дония арасындағы сотталған адам­­дарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң. Ол екі ел арасындағы құзыретті органдардың өзара іс-әрекетіне және сотталған адамдарды беру туралы келісім жасауға мүмкіндік береді. Құжатта экс­­традициялау, ақпарат алмасу, сотталған адам­дарды жеткізу шарттары жазылған. Бұдан бөлек, сотталған адамдарды беру кезіндегі шы­ғындарға бай­ланысты нормалар да қарастырылған. Сонымен қатар сенаторлар қос мемлекет арасында қылмыс­тық істер бойынша өзара құ­қықтық көмектің барлық ұйым­дастырушылық-құқықтық тетігін реттеу және іске асыру үшін «Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құ­қықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заңды құптап, Президенттің қол қоюына бағыттады. Құжаттың кейбір нормалары банк шоттары мен қаржылық ақпараттарды анық­тау, қылмыс­тық істер туралы құ­жаттарды, материалдарды не­месе заттарды және ақпараттарды алмасу мәселелеріне арналған. Үш заң бойынша пікір білдірген Сенат Төрағасы олардың ел азаматтарының құқықтарын қор­ғауда маңызы зор екенін айтты. – Бүгін қабылданған заңдар Қазақстан мен Солтүстік Македония арасындағы құқық қорғау саласындағы ынтымықтас­тық­ты дамытуға бағытталған. Олар қыл­­мыскерлерді жауапкер­ші­лікке тартудың әртүрлі кезеңін қамтиды және қылмыспен күрес­ті күшейту үшін мемлекетаралық қатынастардың құ­қықтық негіздерін қалыптастырады. Со­ған сәйкес, қылмыстарды тер­геу процесінде жан-жақты көмек көрсету, қылмыскерлерді ұстау және оларды экстрадиция­лау, сотталған адамдарды беру сияқты өзара іс-әрекеттер қарас­тырылған. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ азаматтарымыздың құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев. Қазақстанның құқық қорғау қызметтерінің ақпаратынша, қа­зір екі ел арасында ұстап беруге жататын азаматтар жоқ. Жалпы, еліміз бұған дейін 30-ға жуық мемлекетпен осындай шарт жасасқанын айта кеткен жөн. Шетелдерде 922 қазақстандық жазасын өтеп жатыр.

Елдос СЕНБАЙ