Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін оқу қолжетімді бола түседі. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бюджет заңнамасын жетiлдiру және инклюзивті білім беру мәселелеріне қатысты заң жобаларын мақұлдады.
Алдымен депутаттар «Кейбiр заңнамалық актiлерге бюджет заңнамасын жетiлдiру мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасын І оқылымда құптады. Н.Нығматулиннің байламынша, мемлекеттің сыртқы қарызының қаражатын игермегені үшін мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана жазалануы тиіс. Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар шетелден тартылған қарыз ақшаны игеру үшін меморгандардың және әкімдердің жауапкершілігін арттыру мәселесін көтерді. Осы орайда олар бюджеттік бағдарламаны әзірлеген ведомствоның тек бірінші басшысының дербес жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Ал Үкімет енгізген заң жобасында бірінші басшы немесе оның орынбасары жауапкершілік арқалайды деп көрсетілген болатын. Салдарынан министрлер мен әкімдер өз орынбасарын айыпты қылып шығаруы мүмкін. – Шетелдік заем қаражатын игермеу үшін жауапкершілік бұлыңғыр болмауы керек. Ол айқын жазылуы керек. Себебі әңгіме салық төлеушілер есебінен өтелетін мемлекеттің сыртқы борышы туралы болып отыр. Бұл қаражаттарды игермеу бюджеттен қосымша шығын шығаруы мүмкін. Сондықтан бұл норманы заңнамада нақты бекіту қажет. Мемлекеттік органның бірінші басшысының дербес жауапкершілігі болуы тиіс, – деді Мәжіліс Төрағасы. Оның пікірінше, жергілікті бюджетті болжау кезінде өңірлердің ерекшелігі ескерілгені жөн. Депутаттар жергілікті бюджетке түсімдерді болжау тәртібін жергілікті уәкілетті органдарға беруді ұсынады. Жиында Мәжіліс «Кейбір заңнамалық актілерге инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Мәжіліс Төрағасы білімді дамыту, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмауы керегін айтты. – Себебі ол біздің ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы білім, соның ішінде ерекше білім беру талаптарын жетілдіру туралы арнайы тапсырма берген. Осыған орай әзірленіп, бүгін мақұлданған заң жобасында бірқатар маңызды мәселелер қамтылып отыр, – деді ол. Енді инклюзивті білім берудің заманға сай стандарттары енгізіледі. Бұл ретте ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескеріледі. Нұрлан Нығматулинің пікірінше, осы санаттағы балалардың мәртебесі заң деңгейінде толықтай және нақты реттеліп отыр. «Бұл заң жобасы мүмкіндігі шектеулі балаларға басқа құрбы-құрдастарымен бірдей, сапалы білім алуға, осы саланы білікті мамандармен қамтамасыз етуге, инклюзивті білімді жоғары деңгейде ұйымдастыруға жол ашатын болады» деп түйді палата Спикері.Айхан ШӘРІП