Жер дауына қашан нүкте қойылады?
Жер дауына қашан нүкте қойылады?
332
оқылды

Көшпелі қазақ кезінде ха­лық үшін «жер дауы» деген күрмеуі қиын мәселе бо­латын. Бұл түйткіл талай ға­сыр өтсе де, толық шешілер емес. 2016 жылы ауыл шаруа­­­­­­шылығы жерін шетел­діктерге сату және ұзақ мер­зімге жал­ға беруді қа­рас­тыратын заң жо­басына қар­сылық біл­дір­ген-ді. Осы­дан соң заң жо­­­басына мора­торий жа­рия­ланғаны есі­­мізде. Биыл мо­раторий мер­зімі аяқталды. Енді жер дауы қалай шешіл­мек?

Жыл басында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пар­ламент Мәжілісіне шетелдіктерге жерді сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын жол­дады. Көп ұзамай жер рефор­ма­сына байланысты комиссия құ­рылған еді. Алғашқы отырысын 25 наурызда бастаған комиссия ендігі төрт жиын өткізіп үлгерді. Бай­қа­сақ, барған сайын комиссия мү­шелерінің пікірі сан саққа бөлі­­ніп жүр. Бірі – қазақ­стандықтарға жерді жекемен­шікке беруді сұраса, көбі бұған қарсы. Жалға беру жайында да талас бар. Су­баренданы заңдастыру да айтылып қалды. Бұдан бөлек, Жер кодексінде тал­қыға салар тұстар жетерлік. Соны­мен, жер комиссиясы нендей ұсы­ныс айтты, қандай өзгерістер енгізуге мүдделі? Комиссияның төртінші оты­ры­сында да айтылған ұсыныстар аз болмады. Соның ең бастысы «қа­зақстандықтарға жалға беруді жаңа мерзімге ұзартуға басымдық құ­қы­ғымен ауыл шаруашылығы жер­лерін 49 жылға дейін ұзақ­мерзімді жалға алу мүмкіндігін беру бойын­ша тиісті заң нормаларына өзге­рістер мен толық­тыру» болды. Әйт­се де, мұның бәрін тізбектеп жатқымыз келмейді. Бізді алаң­дататын, халық үшін өзекті бір­неше мәселеге тоқталамыз. Соның ал­ғашқысы – субаренда тақырыбы.

Субарендаға қарсылар көп

Жер шетелдіктерге сатылмайды дегенмен, субаренда соның бала­масы тәрізді дүние көрінеді. Егер Қазақстан азаматына жер жалға беріліп, ол оны шетелдікке қайта жалға бермесіне кім кепіл? Сон­дықтан субаренда қоғамның нара­зылығын қайта тудыратыны анық. Субаренданы заңдастыру мәселесін комиссия мүшелерінің ішінен «Шопан ата» қойшылар қауым­дастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев тілге тиек еткен бола­тын. Дегенмен бұған қарсылардың қарасы көп. Мысалы, Сенат депу­таты Мұрат Бақтиярұлы суба­рен­да тақырыбын мүлде жабу қажетін айтып отыр. – Жерді өз азаматтарымызға же­кеменшікке беруге әлі ерте. Се­бебі заң жүйеленбеген, кейін қа­рас­тыруға болады. Ал қазақ­стан­дықтарға жерді жалға беруге бо­лады. Дұрыс игермей жатса, мем­лекет меншігіне қай­тарып алсын. Субарендаға түбегейлі тыйым салу қажет. Жерді алып алған соң оны қалаған мүддесіне пайдалану заң­сыздыққа апаруы мүмкін, – дейді ол. Бұл мәселе комиссияның ал­дағы отырысында қаралуы мүмкін. Бірақ халық та, комиссия мүше­лерінің ба­сым бөлігі де қарсы бо­лып отырған бұл тақырыпқа нүкте қойылса керек.

Ағаш егуді де шетелден үйренеміз бе?

Енді жер комиссиясынан тыс бо­лып жатқан мәселелерге оралсақ. 14 сәуір күні «Жер қатынастары туралы» заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Се­натқа жолдады. Бір қызығы, жоба­ның 48-бабы, 2-тар­мағында шетел азамат­тарына ор­ман өсіру үшін жерді жалға бе­руге рұқсат ететіні жазылыпты. Тар­қа­тып айтсақ, құнарсыз жерді шетел­­діктер 25 жылға жалға алып, орман өсіріп береді-мыс. Кейбір Мәжіліс депутаттарының сөзіне сен­сек, жалға берілетін жерлер ауыл шаруа­шылығы санатындағы жер­лер­ден болмайды. Тек кә­сіпорын­дар маңы мен тас­жол­дардың екі жағындағы көлемі аз жерлер ағаш отырғызу үшін бе­рілмек. Ресми дерек­ке жү­­гінсек, жалпы ел ау­мағының 4 пайы­зын ғана ор­манды алқап құ­рай­ды. Яғни, жоғарыда айт­қандай, шаруа­шылық жүргізуге жатпайтын кө­лемі аз жерлерге ағаш отыр­ғы­зуды шетелдік ин­весторларға мін­деттейді екенбіз. Қазір бұл заң жобасы сынға қалды. Расымен де, «сол жерлерді шетел­дікке жалға бермейінше көгал­дандыру мүм­кін емес пе?» деген сауал бізді де тол­ғандырады. 2016 жылы белсенділер талап қой­ғанда жерді сатпауды және жал­ға бермеуді сұраған. Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл басында айтқан өз сөзінде «жер шетелдіктерге сатыл­майды және жалға берілмейді» деп нақтылаған болатын. Аңғарсақ, заң жо­басының 48-бабы, 2-тармағы Мемлекет бас­шысының сөзіне қайшы келе­тіндей. Әйткенмен, Сенат депута­ты Мұрат Бақтиярұлы бұл заң жоба­сының комиссия талқылап жатқан мәселелерге қа­тысы жоғын жет­кізді. Ал ағаш егу үшін шетел­дік­терге жерді 25 жылға дейін жалға беру жайын сенатор екіжақты қа­ра­ған жөн дейді. – Мәселен, Қызылорда мен Маңғыстау, Атырау облысында үлкен шетелдік зауыт, кәсіпорындар бар. Олар жерді қазды, маңайды бүлдірді, табиғи процестерді бұзды. Яғни, сол шетелдік кәспорындарды өндіріс аймағына ағаш егуге мін­деттеу керек. Бұл бірінші жақ­тан дұрыс. Дегенмен екінші жақтан қарасақ, елімізге әлі өндіріс жүр­гізуге келмегендерді шақы­рып, көркейтсін деп жерлерді жалға беру жөн емес. Бір сөзбен айтсам, ше­телдіктерге жер жалға берілмеуі тиіс, бірақ бұрыннан өндіріс жүргізіп жатқан шетелдік кәсіп­орындар жерге ағаш егіп, көр­кейтуге міндеттеле бер­сін, – дейді депутат.

Шешілмеген күрмеу көп

«Жерді шетелге сатпаймыз, жалға да бермейміз» дегенмен, бұған дейін қабылдап қойған шешім мен тәжіри­белерді қайда қалдырарымыз бей­мәлім. Тек ауылшаруашылық жер­лерінің көлемі бойынша Қа­зақстан әлемде 6-орын алады (219,8 млн гектар). Бірақ жерлерге кім иелік етіп, не істеп жатқаны туралы ашық дереккөзі жоқ. Егер мұндай дерек пайда болса, даудың өрши түсетін түрі бар. Жер беру цифр­ландырылмаған, бұл жа­сырын жемқорлық үлесін арттыра беретін сыңайлы. Ал жер кезегінде тұрған 1,5 млн азаматты қайда қоямыз? Дос Көшім Дос КӨШІМ, саясаттанушы, жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі: – Негізі, жер ре­фо­р­масы бойын­­ша құрылған комиссия жай ғана Пар­ламент жанындағы жұ­мыс­шы топ қызметін ат­қарып тұр. Сон­дықтан комиссия мәселені шеш­­пейді, тек ұсыныс айтады. Жал­пы, жерге келгенде мәселені екіге бөліп қарастырған жөн. Бі­ріншіден, 2016 жылы халық жер сатылмасын және жалға да беріл­месін деп талап қой­ды. Екін­шіден, қазақ­­стан­дық­­тарға жалға беру деген сөз тағы шықты. Жер рефор­масын қарауға арналған комиссия екі сұрақты әлі шешкен жоқ. Қазір комиссия Жер кодексі ішіндегі проблемаларды қарауға көшті. Содан соң ауыл шаруа­­шылығы жерлері жайлы пікірталас жүргізіп жатыр. Ал басты мәселе жайына қалды. Жерді сату-сатпау мәсе­лесіне ешкім жоламай отыр. Мүлде қозғаған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жер шетел­діктерге сатылмайды» деп кесіп айтты. Әйткенмен, соны нақтылап, іске асыру қажет. Төр­тінші оты­рыста комиссия мү­шелері жеке­меншікке беру жайын айта бастады. Алайда Жер кодексі баптарын талқылап болмай тұрып, оның бәрін тізе беруге болмас. Мысалы, Жер ко­дексінің 9-бабы, 4-пунк­тінде «Мем­ле­кет­тің ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жер учаскелерін же­кеменшікке сатқаннан түсетін қара­­жат Ұлттық қорға ауда­рылады» деп жазылған. Әлі күнге дейін тұр. Қа­раңыз, біз жерді сатпаймыз дейміз. Ал заңдағы мұндай тармақ алды­­мызда көл­денең тартады.

Мадияр ТӨЛЕУ