Біз, қазақтар, мына пандемия жексұрынға әлі сенбей келеміз. Көз алдымызда туыстарымыз, дос-жарандарымыз ана дүниеге аттанып жатса да: «Ее, дәрігерлер пандемияға жаба салды» дейтінімізді, сөйтіп, кейін опық жейтінімізді қайтерсің?
Пандемияны мазаққа, өздерімізді тозаққа айналдырдық. «Пандемияның қашан келіп, қашан кететініне дейін министрлер қайдан біледі? Бәрі өтірік, бұл – саясат!» деп соқты менің бір құрбым. Апталдай азаматтардың бірінен соның бірі кетіп жатқанда да: «Ажал ғой, ажалы жеткен де. Қайдағы пандемия?» дейтін былқ етпес адамдарды да көрдік. Әсіресе, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Тараз өңірлерінде жасырын той-томалақтар көп.Өзім де талай тойға бардым. Ойладым, отыз-қырық шақты адам шығар деп.Бірақ, алдынан емес, артынан кіреміз. Тойхананың алды тым-тырыс. Бір көлік көрінбейді. Көліктерді әр жерге қойғызып, шашыратып жібереді. Адамнан қулық артылған ба? Мұндайда полицейлер де қөрмей, соқыр бола қалады. Шеттерінен соқыр. Көрсе де, көрмейді. Бір-екі тойды «показуха» үшін тексеріп, жандарын шығарып, қуып шығады, желілерде насихаттайды. Болды. Ал, Шымкентте, Құдайым-ау, күнде той ғой, күнде той! Жаппай жазалап, жаппай тазалап жатқан құқық қорғау қызметкерлерін көрмейсің. Неге дейсіз бе? Бәріне кінәлі адамдар емес, ақша! Бұл ақшаның жүрген жеріне шөп те, шөңге де шықпайды! Той иелері ақша беріп, ауыздарын жабады. Едірейіп, екіленіп келгендер, ақшаларын алған соң, қойдан жуас бола қалады.
Осындай қызықты тойлардың бірінде әнші Майрат Мұртас неғып жүр десеңші? Қайта ол жұртты жинап алып, жиналыс ашпай ма? «Ағалар, әпкелер, құрдастар, тойды қоя тұрыңыздар, өмірімізді сақтайық!» демейді ме? Демейді. Өйткені, ол – Майрат Мұртас. Өйткені, оған бәрі бір.Бірде Алматыдағы бір тойды құзырлы органдар тексере бастады. Той иелері әкіреңдеп, оларға қатты-қатты сөз сөйлеп, жағаларынан ала жаздап жатқанда, Майрат ініміз залдағы перденің артына тығылып қалды.
– Майрат қайда, Майрат? –деді біреу.
– Ол тығылып қалды ма?
– Жаңа ғана «Коко-кола» ішіп тұр еді ғой?
– Оған бәрібір ме?
– Ақшасын беріп, айыппұлдан құтыла салады ғой?
– Ақтауда да ұсталып еді дейді.
Ұяты қайда?
– Қалтасында.
– Намысы қайда?
– Ұшып кеткен...
Мұны естіген Майрат ініміз тойханадан қашып кетті. Қашқанымен, қайда барсын, ұсталып қалды. Өтірік ұялып қалды. Өтірік намысшыл бола қалды.
Жалғыз Майрат ініміз дейсіз бе? Әншлердің дені тойларда ән шырқап, нәпақаларын тауып жүр. Тек көзге түспейді екен. «Невидимкалар».
Қалай десек те, пандемиядан оңбай таяқ жесек те, үкімет орнатқан заң бәрімізге бірдей. Тіпті, Президентіміздің өзі жарғақ құлағы жастыққа тимей, шырылдап жүр.Ал оны тыңдар құлақ бар ма? Өзімізге өзіміз қастық жасайтындай, не көрінді десеңізші?
Әлеуметтік желілерде де жастары бар, жасамысы бар, «Құдай-ау, қашан тойға жетеміз?» деп еңіреп жылап жатады. Сонда деймін-ау, той болмаса, аштан қатып қаламыз ба? Той болмаса, қақиып қаламыз ба? Той болмаса, бойымыз өспейді ме? Оу, Екінші дүние жүзілік соғыста да жаппай той болған жоқ қой? Қаралы хабарлар келіп жатқанда, той жасамаған шығар?Мына пандемияның лаңы соғыстан кем емес!Соны неге түсінбейтіндерге таң қалыпотырсам, құрбым телефон шалды.
– Ақмарал, Ләйла құрбымыз тұрмысқа шығыпты, тойға барасың ба?
–Жоқ, Пандемия ғой.
–Пандемия, пандемия, дегенің не? Маска тағып барсақ болды емес пе?Құдай сақтасын!
–Құдай сақтағанды сақтайды.
– Туу, барайықшы?
Көрдіңіз бе? Олардың ойлары осындай. Той бола жатар, асықпаңыз, ал пандемия жексұрын асығып жатыр!