Жыл басынан бері қоғам назары жер мәселесіне ауды. Себебі 2016 жылы елімізде ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату және ұзақ мерзімге жалға беруді қарастыратын заң жобасына жарияланған мораторий мерзімі аяқталмақ. Наурыздың соңында жер реформасы жөнінде комиссия құрылды. Комиссия мүшелері өздерінің 5 отырысында жер иелігіне қатысты нормаларға жыл соңына дейін белгіленген мораторий мерзімін тағы 5 жылға созу жөнінде шешім қабылдады.
Комиссия төрағасы Ералы Тоғжанов жиында айтылған ойларды, қоғамның пікірін, сондай-ақ бұл мәселенің еліміздің ауыл шаруашылығы мен экономикасы үшін маңыздылығын ескеру керегін жеткізген. Әйтеуір отырыс соңында сөз алған төраға халықтың сенімінен шығатын шешім қабылдау қажетін жиі айтып отырды. Одан бөлек, топырақ құнарлығын анықтау мақсатында ел бойынша ауылшаруашылық жерлеріне толықтай инвентаризация жүргізу жайы қозғалған. Ауылшаруашылық жерлерінің кадастрлық құнын қайта қарау туралы да сөз болды. Мамандардың айтуынша, бұл он жылдан бері қаралмаған мәселе екен. Ақыры жиында жер иелігіне қатысты нормаларға моратирий енгізу ұсынылып, оны жиынға қатысқан 67 комиссия мүшесінің 63-і қолдап, 4-уі қалыс қалды. Комиссия ұсыныстарының іске асуы Парламент шешіміне байланысты. Әйткенмен, Үкімет ерекше назар салған комиссияның ұсыныстарын депутаттар да айналып өтіп, елеусіз қалдыра қоймайтын сыңайлы. Сонымен кезекті рет мораторий жариялауға қандай қажеттілік бар? Ал сол комиссияның мүшелері мораторий жайлы не дейді? Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы, жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі: – Менің ойымша, мораторий мерзімін ұзарту қай тараптың да ортақ шешімі болды. Сол себепті қолдадым. Комиссия мүшелері түрлі ой айтқанын білеміз. Жерді жекеменшікке беруге болмайды дегенмен, жер қожайынсыз қалмауы да керек. Әйтсе де, жекеменшікке беруге жағдай келмейді, қоғам әлі дайын емес. Экономикалық қатынастар да лайық емес. Егер қазір жерді сатылымға шығарсақ, халықтың емес, байлардың қолына өтіп кетуі мүмкін. Мұндай дәйектемелер көп. Әзірге осымен шектелгеніміз жөн болды. Ал 49 жылға дейін жалға беру – бөлек әңгіме. 49 жылда шаруа ол жерді толыққанды игеріп, пайда тауып үлгере алады. Алайда жалға алған жеріне адам өз жеріндей қарамайтыны тағы бар. Сонымен, мораторийдің тиімділігіне оралсақ. Мәселені 5 жылға тоқтатып, сол жылдардың ішінде жердің экологиясын реттеу, құнарының төмендеуі, субаренданы жою, өзгеге кеткен жерлерді қайтару секілді проблемаларды шешіп алуға болады. Әйтеуір, жердің сатылмайтыны анық. Кейбіреулер жерді сату жайын үзілді-кесілді заңмен шешуді сұрайды. Бірақ заң да соңғы түйін емес. Сезімтал мәселеге біржақты қарамаған жөн. Талап өзгерсе, заң да өзгеріп отырады. Сондықтан мораториймен шешілді ме, әлде заңмен бекітілді ме, мейлі, жер сатылмайтынын нақтыладық. Парламент те комиссия ұйғарымымен санасып, келісетініне сенім мол. Алмасбек САДЫРБАЕВ, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы, жер комиссиясының мүшесі: – Санаулы дүние болмаса, негізі комиссия біраз мәселенің басын ашып алды. Соның бірі – жалға алған жерін шаруалар басқа шаруаға пайдалануға беріп, мұраға қалдыра алатын болды. Дегенмен қазақ шаруаларына жекеменшікке жер берілмейтіні қиын. Көбі бұған үреймен қарайды. Бірақ комиссия құрамындағы көптеген адам әлемдік тәжірибені ескерусіз қалдырды. Елдің пікіріне қайшы сөз айтса да, келешек үшін әділ пікірді айту қажет еді. Жерді шаруаға жекеменшікке беру бүкіл әлемде бар тәжірибе. Біз тек қауіптермен жұмыс істеуіміз қажет. Мәселен, жыл сайын жердің құнары кеми береді. Ел аумағының 32 пайызында жеткен. Біз мораторий жариялауға шешім шығардық, бірақ мен келіспедім. Жекеменшікке қатысты қоғамда үлкен сенімсіздік, үрей бар. Кез келген дүниеде қауіп бар екені белгілі. Ол үшін бір адамға 50-70 гектардан артық жер жекеменшікке берілмеуі қажет. Болды. Бір сөзбен айтқанда, 5 жылдық мораторий қазақ шаруасын тағы 5 жылға тұқырту ғана болмақ. Дос КӨШІМ, саясаттанушы, жер реформасы бойынша құрылған комиссия мүшесі: – Өз басым 5 жылға мораторий жариялау шешімін итжығыс деп бағаладым. Яғни, екі тарап та өз дегенінен қайтпады. Белгілі бір тарап жерді сату мен жекеменшікке беру мүддесінен таймай отырды, ал келесі тарап пен халық оған қарсы болды. Әйткенмен, комиссия тек ұсыныс айтушы екенін ұмытпаған жөн. Шамасы келгенше ұсыныс жеткізді. Барлық жүк айналып келіп Парламентке түседі. Парламент қауқарсыздық танытса, Мемлекет басшысы жауапкершілікті алуы мүмкін. Президентке дейін жеткізе қоймас, Парламенттен үміттіміз. «Жерді сатқызбаймыз, тек қазақстандықтарға жалға беріледі» десе жөн. 2016 жылы 5 жылға мораторий жарияланғанда, сол 5 жылдың аяқталғанын күтіп, жер мәселесін ұмыт қалдырғанбыз. Тағы да соған оралмасақ екен деймін. 5 жылға үміт артып, проблеманы жылы жауып қоя салсақ жарамайды.Мадияр ТӨЛЕУ