Ауыл – мемлекет идеологиясының мәйегі

Ауыл – мемлекет идеологиясының мәйегі

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса, Қазақстан пар­ламентаризмінің құрылға­нына да ширек ғасыр толды. Қазақстанның Парламенті – елдің заң шығару қызметiн жүзеге асыратын, халық аты­нан сөйлейтін ең жоғары өкiлдi орган.

VII шақырылымдағы Парла­менттің Мәжілісінде 2021 жылғы 14 қаңтарда «Nur Otan» партиясы фракциясының алғашқы отыры­сы өтіп, жиынға партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, фракцияның тиімділігін арттыру тұрғысында бірнеше міндет жүк­те­ген болатын. «Nur Otan» пар­тия­­сының 2025 жылға дейінгі «Өз­герістер жолы: әр азаматқа лайық­ты өмір!» атты сайлауалды бағ­дарламасы қолға алынған бар­лық реформаның заңды жалғасы екені даусыз. Осы бағдарлама ая­сында еліміздің барлық өңірінде жергілікті атқарушы орган өкіл­дері­мен бірлесіп Жол картасы жасалды. Бұл Жол картасында халықтың бақуатты өмір сүруі, баршаға тең мүмкіндік, әділдік, бірлік, отбасы институтын ны­ғайту, болашаққа деген сөнбес үміт секілді бағыттар кеңінен қам­тылған. Осы орайда Мәжілістің Аграр­лық мәселелер комитетінің мүшесі ретінде ауыл тақырыбына аз-кем тоқтала кетсем деймін. Бүгінде ел халқының 40%-дан ас­тамы ауылда тұрады. «Nur Otan» пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылдың әлеуетін барынша көтеру үшін ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға жағдай жаса­латынын баса айтқан болатын. Мәселен, 3 500-ден астам ауылды жаңғырту, әрбір елді мекендерге баратын жолдар мен республи­калық маңызы бар күрежолдарды 100 пайызға жөндеу қарастырыл­мақ. Сонымен бірге стратегиялық инвесторлардың қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерін өн­діру және қайта өңдеу бойынша 7 ірі экожүйе құрылмақ. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізудің жаңа форма­лары әзірленіп, жалпы алаңын 2,2 млн гектарға дейін жеткізе оты­рып, 600 мың гектар жаңа суар­малы жер игерілмек. Субсидиялау, осы бағыттағы жетістіктер, егістік алқаптардың жай-күйін зерделеп отыру жолдары заман талабына сай цифрлы жүйеге бағынды­рыл­мақ. Жыл сайын егістікті тиімді өңдеу үшін өсімдіктерді қорғау құралдарын сатып алуға жұм­салатын шығындардың 50%-ы субсидияланады. Ауыл шаруа­шылығы өндірушілерінен тек дәнді және майлы дақылдарды ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің басқа да түрлерін форвардтық сатып алу көкжиегі кеңеймек. Аграрлық ғылым үшін мақсатты индикатор әзірленеді. 2025 жылға қарай ауыл ша­р­уашылығы жалпы өнімінің кө­лемі – 1,3 есе, АӨК-і еңбек өнімділігі – 2,5 есе, ал экспорт 2 есе ұлғайып, өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізіледі. Біз сонда өзімізді елімізде өндіретін отан­дық негізгі азық-түлік тауар­ла­рымен толық қамтамасыз ете ала­мыз. Сөйтіп, біз «ауқатты ауылдар» межесін бағындырамыз. Төрт түлігін түлетіп, егістігін жай­қалтып, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – береке, бүтін бір елдің асыраушысы десек қателес­пейміз. Сондықтан ауыл идеоло­гиясы ұлт пен мемлекет идеоло­гия­сының мәйегі және өркендеу түбірі болып қала бермек. Осы орайда депутат ретінде біраздан бері қызу пікірталасқа ұласып келе жатқан жер тақы­рыбына аз-кем тоқтала кетейін. Президентіміз шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында жариялады. Бұл мәселеде халық та жер тағдыры­ның ертеңіне алаңдаулы. Өз же­ріміз өзгеге емес, өзімізге қызмет етсе екен дейді. Бастысы, барлы­ғы заңды түрде игерілуі керек. Мем­лекет басшысының тапсыр­масымен дайындалған Жер қаты­настары мәселелері жөніндегі заң жобасы Мәжілісте, содан соң Сенатта қаралып, сенаторлар Мәжіліске кері қайтарды. Сонымен қатар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке биыл тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша түбегейлі байлам жасауды және Жер ре­формасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Қазір Жер реформасы жөніндегі ко­миссия Қазақстан азаматтары үшін ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жерлерге жекеменшік құқығын беру мәселесіне қатысты мораторийді тағы 5 жылға ұзарту туралы шешім қабылдады. Атал­ған комиссия ұсынысының не­гізінде арнайы заң жобасы әзір­леніп, көп ұзамай Парламент қарауына енгізілетін болады. Біз халық мүддесі үшін қызмет ететін заң қабылдаймыз деп сенемін.

Бекқали ТОРҒАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі