QazVac-тың тиімді тұстары
QazVac-тың тиімді тұстары
213
оқылды

26 сәуірден бастап елімізде QazVac вакцинасы өңірлерге жеткі­зілді. Алдымен Алматы қаласы 6 мың до­заны қабылдап алды. Емхана­лар­да вак­цина салуға арнайы бөлме ашы­лып, азаматтар отандық өнімге сенім білдірді. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қала­сында QazVac вакцинасын егу­ге өтінім көп түседі екен. Шетелдік басы­лым­дар да аталған вакцина туралы оң көзқарас білдірген.

QazVac мутацияланған вирусқа төтеп бере алады

Жалпы, еліміздің әрбір жиырмасыншы тұр­ғыны коронавирусқа қарсы вакцина сал­дырды. Олар отандық вакцина мен «Спут­ник V» арасында таңдау жасай алады. Сол үшін ауруханаларда, сауда орталықтарын­дағы бөлімдерде QazVac вакцинасына ар­налған егу бөлмесі ашылды. Профессорлар мен жауапты қызметкерлер көптің көкейін­де жүрген сұраққа жауап табу үшін барынша мәлімет таратып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, екі компонентті QazVac вакцина­сының тиімділігі клиникалық сынақтардан кейін 96%-ды көрсетті. Осыдан кейін ел ара­сында отандық өнімге сенім білдіріп, атал­ған екпені салдыратындардың саны артты. Сонымен, QazVac вакцинасының қан­дай ерекшелігі бар? Сіз бен біздің «Спутник V»-дің векторлы вакцина екенінен хабары­мыз бар. Жасалу технологиясы бойынша адамға иммунитет қалыптастыруға көмекте­седі. Ал QazVac вакцинасы – белсенділігі жойылған вирустан жасалған вакцина. Бұл вирусқа қарсы екпе дайындауда ежелден қолданып келе жатқан тәсіл. Мамандар да мұның маңызы бар екенін айтады. Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті індетті аурулар зерт­ханасының меңгерушісі вак­цина тиім­ділігін ретімен түсіндіріп берген-ді. Лесбек Құтымбетовтің айтуынша, инак­тивтен­дірілген вакцина жасауда бірінші кезекте аурудың қоздырғышын бөліп шығарған. Қарапайым тілмен түсіндіргенде, вирустық массаны залалсыздандырған. Осылайша, 3 кезеңде жоғары деңгейде тазарту жұмысы жүрген. Бұл не үшін керек десеңіз, вирустық массаның ағза жұмысына кедергі келтірмеуі үшін қажет. Тазарту жұ­мысы біткен соң химиялық жолмен жансыз­дандырылған бөлшек қалады. Бұл өз кезе­гінде адъювант­пен араласып, ағзадағы им­мундық жүйені жандандырады. Айта ке­терлігі, вакцинаның мұндай түрі ағза үшін ба­рын­ша қауіпсіз. Кә­дуілгі вирустың құра­мындағы бөлшектердің бәрі өлгендіктен, вакцина иммундық жүйе­ге тұтас күйінде жетеді. Соның ықпалымен ағзадағы ан­тидене қуатты болады. Қазір отандық вакцина клиникалық сы­нақтың III кезеңінен өтіп жатыр. Ғалым­дардың айтуынша, III кезеңнің ортан беліне жеттік. Алдағы 90 күнде сынақ толығымен аяқталады. Осы жерде «сынақ толығымен аяқталмай жатып, қолданысқа енгізгеннен қауіп жоқ па?» дейтін сұрақ туады. QazVac вакцинасы алғашқы сынағына 44 адам қатысып, артынша қауіпсіз екені дәлел­ден­ген. Сынақ барысында вакцина қабыл­да­ғандардың ішінде Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов пен профессор Лесбек Құтымбетов бар. Ал екінші кезеңінде отандық вакцинаны 200 адам салдырған. Кейіннен еріктілердің қан талдауынан оларда антидене пайда болғаны, тұрақты екені анықталған. Пайызбен есептесек, 50-ге дейінгі тұлғаларда тиімділігі 89% болса, 50 жастан асқандарда 81%-ды көрсеткен. QazVac вакцинасының тағы бір ерек­шелігі сақтау температурасында жатыр. Мәселен, «Спутник V» вакцинасын тасы­малдау үшін -18-20 градусты ұстап тұратын арнайы мұздатқыш қажет. Ал отандық екпені +2+8 градус аралығында сақтауға болады. Одан кейін вирустың мутацияланған түріне қатысты бар бірнеше сауал тууы мүмкін. Мәселен, профессор Сәкен Әміреев инактивтендірілген вакцина толығымен вирионнан жасалғанын және онда ақуыз­дардың барлық спектрі сақталғанын атап өтті. Сондықтан вирустың мутацияланған түрінде QazVac вакцинасынан кейін қалып­тасқан антиденелер вирусты танып, оны залалсыздандырады. Яғни, аталған екпе вирустың кез келген мутацияланған түріне төтеп бере алады.

Шетелдік басылымдар не дейді?

Әлемнің бірқатар басылымы QazVac вакцинасы туралы мақала жариялады. Мысалы, Норвегияның Steigan.no ақпарат­тық-сараптамалық порталы екпенің да­йын­далу процесін тәптіштеп жазған. Вак­ци­наның дәстүрлі технологиямен өн­діріл­генін, бірқатар ерекшелігін атап өткен. Маңызды элемент ретінде екпені сақтау үшін ең төмен температура қажет емесін, тоңазытқыштағы қалыпты температура жеткілікті екенін жазған. Мұның көпшілікке, соның ішінде кедей мемлекеттер үшін қолжетімді бола­тынын айрықша нұсқаған. Отандық вакцина туралы ақпарат бер­гендердің ішінде Ұлыбритания, Франция, Испания елінің әйгілі басылымдары да бар. Атап айтқанда, The Guardian, Le Figaro, EUreporter, Euroactive, Anadolu, Mena, TACC және тағы басқалары. Сондай-ақ ТМД елдерінің, Азия, Еуропа, Таяу Шығыс­тың ұлттық және жергілікті басылымдары да матерал жариялап жатыр. Мысалы, The Guardian басылымында ақпарат 26 сәуір күні шыққан. Ақпаратта бастапқыда вакцина атауының QazCovid-in деп аталғаны, кейіннен QazVac деп өзгер­тілгені жазылған. Ел ішінде 50 мың дозасы өңірлерге жеткенін, оны Биоло­гиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында дайындалғаны көрсетілген. Еліміздегі коронавирус жұқтырған адам саны мен қайтыс болғандар саны жайында да ақпарат берген. Денсаулық сақтау ми­нистрінің вакцина салдырғанын, Үкіметтің вакцина дозаларын көбейту үшін Түркиямен келіссөз жүргізуге кіріскенін атап өткен. Франция басылымы Le Figaro таратқан ақпарат мәтінде де жоғарыдағы мәлімет қамтылған. Ал Индонезияның republika.co.id порталындағы мақалада Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцина жасап шы­ғар­ған бесінші мемлекет екеніне баса назар аударған. Денсаулық сақтау министрі Алек­сей Цойдың алғашқылардың бірі болып отандық өнімді қолдағаны да тілге тиек болған. Швейцарияның swissinfo.ch басылымы еліміздің вакцина жасау үшін клиникалық сынақты өткен жылдың мамырында баста­ғанына ерекше тоқталған. Зерттеулердің 96% тиімділік көрсеткенін, алдағы уақытта ай сайын 500-600 мың доза вакцина өндіру жоспарланғаны туралы хабарлаған. Қай басылымды алып қарасақ та, тиімді тұстарын айтып, оң пікір білдірген. Маман­дар да пандемиямен күресте қандай вакцина болмасын пайдасы барын атап өткен. Әлемдік ақпарат көздері Қазақстанның өз аумағында «Спутник V» вакцинасын шыға­рып, QazVac вакцинасын егуді бастағанын ко­ронавируспен күрестегі нық қадам деп отыр.

Вакцина паспорты сатылып жатыр ма?

Вакцина туралы мәлімет берген соң осы ақпаратқа да тоқталғанымыз жөн. Өйткені «Алматыда вакцина паспорты сатылып жатыр» деген ақпарат қоғамда толқу ту­дырды. Қаладағы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы электронды паспорт сату жайында деректі тексеріп жатыр. Басқарма барлық медициналық ұйымдар, ақпараттық жүйелер мен мәліметтер базасы тексеріле­тінін хабарлады. Егер бұл ақпарат растала­тын болса, заңнамаға сәйкес іс құқық қорғау органдарына жіберіледі. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимыл­дамайды» демекші, бұған «Еуразия» теле­арнасы жасаған сюжет дәлел бола алады. Сюжетте арна журналисі арадағы делдалмен келісіп, жеке куәлігі мен мекенжайы туралы мәліметті мессенджерге жіберетіні таспа­лан­ған. Артынша журналист паспорт құнын сұрайды. Делдал вакцинаның екі дозасын алғаны туралы паспорт 15 мың теңге тұ­ра­тынын айтады. Нақтылау мақсатында қойған «eGov порталынан вакцина алғаным туралы мәлімет шыға ма?» деген сұраққа делдал «осыған дейін паспорт жасатқан тұлғалардың құжаттарын жібере аламын. Вакцинаның бірінші сатысын бүгін, екіншісін 18 мамыр салдырды деп жазамын. Содан кейін порталда вакцина паспорты шығады» деп жауап берген. Вакцина паспортын сатып алу бағасы қаладағы емханаларға байланысты өзгереді-міс. Арна таратқан ақпаратта, баға 5 мың мен 25 мың теңге аралығында деп көр­се­тілген. Ал паспортқа қол жеткізгісі келе­тін­дер шетелге еркін саяхаттауды, жұмыста вакцина салдыру жайы қозғалмағанын қалайтын тәрізді. Одан кейінгі нұсқа – халық вакцинаның тиімділігіне сенбей, бойын ала қашады деген сөз. Мамандар пандемиямен күресте қо­ғамдық иммунитет қалыптастыру керегін жиі айтады. Елімізде қоғамдық иммунитет пайда болу үшін халықтың 60%-ы екпе салдыруы тиіс. «Екпе салдырғандар қоғам­дық орында медициналық бетперде кимей жүруіне болады» дейтін жігерлендіру амалы қарастырылып жатқан сыңайлы. Өйткені АҚШ-та вакцина салдырғандар көшеде бетперде тақпаса да болады. Десе де амалға қарай әрекет етуді емес, денсаулықты сақтауды ойлаған дұрыс-ақ.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ