Сардар Сағадат

Сардар Сағадат

Сағадат Нұрмағамбетов – бар саналы ғұмырын туған елінің қауіпсіздігі мен қорғаныс саласын нығайтуға арнаған әскери қайраткер. Қазақтың зиялы азаматы, қадірменді ақсақалы болды. 18 жасына Кеңес әскері қатарына қа­былданып, соғысқа аттанды. Соғыстан кейін де талай жыл қорғаныс саласында тынбай еңбек етті. Ол – Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Нұрмағамбетовтің есімі ерекше аталатыны да сондықтан.

Батыр ұл 1924 жылы қазіргі Ақмола облысы Ақкөл ауданы Қосым ауылында туған. Әкесі – Қожахмет, анасы – Айса. Сағадат үйдің кенжесі болған. Алдында Сағит деген ағасы бар. Айса Сағадатқа жүкті кезінде күйеуі Қожахмет өмірден озады. Жесір әйел екі ұлын асырау үшін бар күш-жігерін арнайды. Ол жылдары заманның қиын уақыты. Елді ашаршылық жайлаған. 1932 жылы Сағит пен Сағадат аналарынан да айырылып, тұл жетім қалады. Ол кезде Сағадаттың жасы бар-жоғы 7-де еді. Бар ауыртпалық ағасы Сағиттың иығына артылады. Ол кішкентай інісіне әке де, шеше де бола білді. Сөйтіп жүргенде сұм соғыс басталды. Ағасы елді қорғау үшін майдан даласына алғашқылардың бірі болып аттанды. Жалғыз ағасы да Новгород түбіндегі шайқаста қаза табады. Отбасынан ерте айырылған Сағадат ерте есейді. Жастайынан өжет болып өсті. Туыс атасы Әлжанның айтқан жыр-дастандарын сүйсіне тыңдап өседі. Ол мектепте де алғыр болды. Екі сыныпты бір жылда бітіріп, зеректігімен де ерекшеленеді. Ол бала кезінде тарих пәнінің мұғалімі болуды армандаған екен. Бірақ өмір ағысы оны мүлде басқа арнаға салып жіберді.

18 жастағы жауынгер

Сағадат әскер қатарына алын­ғанда 18 жаста еді. Бұл 1942 жылдың шілде айы болатын. Алдымен Түрікменстанда пулеметшілер дайындайтын училищені үздік аяқтайды. Кейін взвод командирі ретінде майдан шебіне аттанады. Кубань, Дон, Молдавия жерінде, Одер, Шпрее өзені бойында жан алысып, жан беріскен шайқастардың нақ ортасында жүрді. 1945 жылдың 17 қаңтарында Польша жерінде жау қорғанысын бұзып өту кезіндегі жауынгерлік тапсырманы да ержүректікпен орындағандардың бел ортасында Сағадат болды. Ол басқаратын пулемет ротасы 2 күн ішінде 120 фашист пен 12 пулемет орналасқан орынды жояды. Варшава қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан Маг­нушев қаласын жау әскерінен тазарту кезінде Нұрмағамбетов жауынгерлерді сауат­ты басқара бі­луімен көзге түсіп, ерекше ерлік көрсетеді. Ол қолына пулеметті алып, жау әскеріне оқты қарша бо­ратады. Осылайша, фашистердің жойқын шабуылына тойтарыс беріп, қаншама жау әскерінің көзін жояды. Сағадат батыр басқарған рота Польшаның Пилица өзенінен өтіп, 35 жау әс­керін өлтіріп, 6 пулемет орналас­қан жерді қиратады. Осынау ұрыстардағы көзсіз ерлігі үшін Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Баты­­ры атағы берілген екен. Онда батырдың жасы – 21-де. Бұл 1945 жылдың 27 ақпаны болатын. «Долг. Честь. Подвиг Сагадата Нурмагамбетова» атты деректі фильмде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Нұрмағаметов қатысқан ұрысты Кеңес Одағының маршалы Жуков бақылапты. Ол Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағын беруге ұсынады. Бұл нақты ерлік еді» дейді. 1945 жылдың 31 мамырында Нұрмағамбетовке Қызыл Ту ордені берілді. Қаһарман соғысты Берлинде аяқтады. Одан кейін 1946-1949 жылдар аралығында Мәскеудегі Фрунзе атындағы Әскери академияны бітіріп, Орта Азиядағы Түркістан әскери округіне полк басқаруға жіберіледі. Кейін әртүрлі штабтық, командалық лауа­зымдарды атқарды. КСРО Қарулы Күштері Бас штабының академиясында курстарда білім алды.

 Қазақтың тұңғыш Қорғаныс министрі

Ол өз естеліктерінде: «1991 жылы Қорғаныс комитетінің төрағасы болдым. Қарулы Күшіміз әлі құрылмаған. Сол кезде кадр мәселесі төңірегінде ойлана бастадық. Себебі өзге ұлттың өкілдері елдеріне кеткісі келді. Оларды ұстап тұра алмайсың. Сол тұста жеке-жеке шаңырақ құрған рес­публикалар өз жеріндегі әскерилерге «Ант қабылдаңдар. Қабылдамасаңдар, кетіңдер» деп өз елдерінің антын қабылдатып жат­қан-ды. Біз Президентпен кеңесіп, елде қалған әскери қызметкерлердің бетін бері бұрдық» деп жазады. Сөйтіп, 1992 жылы 7 мамырда ол Қорғаныс министрі болып тағайындалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік алған кезде елдің әскерін басқаратын бір генерал іздеп, жалғыз Нұрмағамбетовті таптым» дейтіні де сондықтан. Жаңа құ­­­­­рыл­ған Қарулы Күштер саласына қажет мамандар жоқтың қасы. Бәрінен жаңадан даярлау керек. Не істеу керек? «Жаңадан құрылғалы тұрған Қарулы Күшімізге қажетті мамандарды «қайда даярлаймыз?» деген сұрақ туындай бастады. Сонда біз қайттік, Ресейдің Бас штабымен республикаға кадр даярлау жөнінде шарт жасастық. Ресей әуелі келісім бере қойған жоқ. Біз тү­­­гілі Украина мен Белоруссияны да жолатпады. Не керек, түбінде келісімге келіп, жыл сайын 40 офицерді әскери академия­ға, 250-300 офицерді әскери училищеге оқуға қабылдайтын болды. Менің жіберген сол офицерлерімнің көбі қазіргі кезде генерал шенін алып, жоғары лауазымдарға ие болып отыр. Академияларға оқуға қазақ­­тың офицерлерін іріктеп, елдің мүддесі үшін қызмет етер, қол бастар деп жібердім. Үміт ақталды» деп жазады сол кездер туралы Сағадат Нұрмағамбетов өз естеліктерінде. Қазақстанның Қарулы Күштері осылай құрылған. Алғаш құрылған кездегі қиындықтар туралы Қарулы Күштер саласында жүрген генералдың көбі жыр қылып айтады. Тәуелсіздік алған тұста қорғаныс саласының кірпішін қалау кез келгенге де оңай соқпағаны анық. Сол қиындықтардың басы-қасында Сағадат Нұрмағамбетов жүрді. Жетімдіктің тауқыметін де, соғыс­тың қасыретін де көріп өскен қазақтың қаһарман ұлы өткен күндері туралы: «54 жыл армияда болдым. 54 жыл дегеннің не екенін білесіз бе?! Соғыста, одан кейін күні-түні әскермен бірге далада жүрдім. Армияда достық сезімі күшті болады. Соғыс кезінде окопта, оқтың астында тұрғанда сенің қасыңда досыңнан басқа ешкім болмайды, соған арқа сүйейсің». «Әскерде әділеттілік болу керек, бө­­ліну дейтін сұмдық болмауы керек. Ауыл­­дан келген жап-жас балаларға же­кі­ріп, ұрысып сөйлеу – ең үлкен кемшілік әрі мәдениетсіздік. Армия қазір қазақ тіліне көшуде. Командирлер мемлекеттік тілді жетік біліп, әскерді қазақша сөйлетуі керек!». «Егемендіктің алғашқы жылда­­рын­­да біздің әскери училищеге сол кездегі подполковник Абай Тасболатовты бастық етіп тағайындадым. Оған: «Жігіттерді өсіресің және көбіне қазақтың баласын ала­­­­сың» деп міндет жүктедім. Қазір онда 95 пайыз қазақ жігіттері оқиды» деп жазады. Қазір қазақ баласы Отан қорғау жолында аянбай міндетін атқарып жүрсе, Нұрмағамбетовтің арманының орындалғаны. Оған 1994 жылдың 23 мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді. 1995 жы­лы қараша айында армия генералы ата­ғымен отставкаға шығып, Қазақстан Президентінің кеңесшісі болды. 1971-1994 жылдары республика Жоғарғы Кеңесіне бірнеше мәрте депутат болып сайланды. Үкімет қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілді. Оның жауынгерлік және қайраткерлік өмір жолындағы ерліктері мен еселі еңбектері ескерусіз қалған жоқ. Бірнеше рет марапатталып, көптеген КСРО наградаларымен, Қазақстанның және шет елдердің ордендеріне ие болған. Халық Қаһарманы Алматы, Нұр-Сұлтан, Донецк қалаларының және Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы атанған. Соғыс пен әскер тарихын зерттеген кез келген адам Нұрмағамбетовті айналып өтпейтіні анық. Ол 21 жасында Кеңес Одағының батыры атағына ие болып, одан кейінгі саналы ғұмырын Тәуелсіз елдің әскерін жасақтауға арнады. Мем­­­лекеттің қорғанысы мықты болмай, Тәуелсіздікті баянды ету мүмкін емес. Сол қор­­­­­ғанысты мықты етудің жолында аянбай еңбек еткен Сағадат Нұрмағамбетов қандай марапатқа да лайық тұлға.  

Айым БЕКТҰР