Израиль кинодокументалисі Ханох Зееви түсірген фильм қара ағаштан жасалған ескі сандықтан басталады. Оны Райнер Хёсске (Rainer Höß) әке-шешесі қалдырған, ал оларға аталары сыйға тартқан. Бұл сандықты бірнеше ондаған жыл бойы ашпаған сияқты. Райнер Хёсс онда отбасының жәдігерлері мен әке-шешесінің бала күнгі суреттері сақталғанын білетін. Ол сандықты ішінде газ камералары, крематорийдегі мәйіт, тікенек сым темірлер мен барақ суреттері бар деген қорқынышпен ашатын. Соғыстан кейін асылып көз жұмған Райнердің атасы Рудольф Хёсс (Rudolf Höß) Освенцимдағы комендант болған. Райнер Хёсстің қатты қорыққанына қарамастан, Иерусалимдегі Холокост Яд Вашем мемориалына берген заттардың ішінде бұлардың ешқайсысы болмады. Нағыз отбасылық идиллия: дәлізде күлімсіреп тұрған балалар, күтім жасалған бақ, кішкене сырғанағы бар бассейн... Райнер Хёсс осы суреттерді көрген соң, бала кезінде әкесінің күліп жүріп ойнаған Освенцимдегі комендант үйіне барып келгендей күй кешкен. Осы бақ пен лагерь арасын екі жүз метр жер мен биік қабырға ғана бөліп тұрған. Қабырғаның ар жағындағы крематорий құбырлары да, барақтар да көрінбейтін еді.
Өткеннің екі есе ауыртпалығы
Райнер Хёсстің әкесі ешуақытта балалық шағы туралы айтпаған. Ол бақта ойнап жүргенде қабырғаның ар жағында екі жарым миллионнан астам адам көз жұмған. Алайда Райнердің әкесі бұл туралы ештеңе естігісі де келмеген. [caption id="attachment_135524" align="alignnone" > Сурет: waralbum.ru[/caption] Басқа ұлтшыл концлагерь — Плашув бастығы, Амон Геттің қызы (Amon Göth) Моника Хертвигтің анасы сияқты. Гауптштурмфюрер СС-ті бүкіл әлемге «Шиндлер тізімі» фильмі танытты. Ол күн сайын таңертең балконға шығып еврей тұтқындарды ермек үшін ататын. Қолында баласы бар әйелдерге мылтық көздегенді жақсы көретін: ол үшін бір оқпен екі адамды өлтіру мүмкіндігін білу қызық еді...Моника жасөспірім шағында анасынан әкесі туралы сұраған кезде: «Ол туралы айтылғанның барлығы өтірік. Плашув еңбек-түзету лагері болды. Ол жерде ешкімді өлтірген емес» деп жауап беретін. «Онда балалар болды ма?» — деп сұрап қоймайтын Моника. «Ешқандай балалар, ешқандай қариялар болған емес! Мен саған еңбек лагері деп айттым ғой! Ол жерде еңбектенді!». «Онда Амонды неге өлім жазасына кесті?» (Фильмде 65 жастағы Моника осы әңгімені еске алып отырып әкесін әке демейді, тек есімімен атайды). «Бәлкім өз еркінен тыс бірнеше еврейді өлтірген болар...» — деді анасы жауап бергісі келмегендей. «Бірнеше?! Қанша сонда? Екі? Бес? Жүз?..».«Біздің артқан ауыртпалығымыз екі есе, — дейді Геринг немересі Беттина Зеллерс (Bettina Sellers). — Біз ең ұлтшыл басшылар мен өз әкесінің жасағандарын ой елегінен өткізе алмаған әке-шешенің жүгін арқалап келеміз». Өткенін қабылдап, ауыр жүктен арылу үшін көп уақыт қажет болды. Шамамен төрт онжылдық бұрын Беттина Германиядан кетіп, хиппилермен бірге Еуропа мен Американы аралады, кейін АҚШ-та тұрақтады. Ол үлкен қалалардан жырақта тұрады. Күйеуімен ажырасқан соң, Геринг тегін қайта алмауы үшін күйеуінің тегінде қалды. Отыз жасында туған ағасы сияқты зарарсыздандыру отасын жасатты.
«Геринг ұрпағы болмауы үшін», — дейді Беттина.[caption id="attachment_135525" align="alignnone" > Сурет: jewishnews.timesofisrael.com[/caption]
Сәтті күн
Оккупацияланған Польшаның ұлтшыл губернаторының ұлы Никлас Франк өткенді басқаша түсіндіреді және режиссердің Беттина Зеллерс-Герингтің монологын Никлас Франктың мектеп оқушыларымен кездесулерімен байланыстыруы кездейсоқ емес. Ол өзінің «Әке» кітабынан үзінділер оқып отыр. Ең әсерлі бөлімдердің бірінде әлсіреп қалған әскери тұтқындарды қалай есекке отырғызып, кейін олардың қалай жерге құлағанын баяндайды. Оларды қайта отырғызатын, қайта құлайтын...«Қалай күлгенімді білсеңіздер! Көзімнен жас аққанша... — деп еске алды Никлас Франк. — Ауа райы тамаша болып тұрды. Әкем екеуіміз какао іштік. Күн ойдағыдай өтті!».Никласқа кішкентай кезінен «Өткенді қазбалау қажет емес» деп жиі айтатын болған. Өткенді?
«Әкемді Нюрнбергте өлім жазасына кесті, ал мен өмір бойына тұтқындалғандай күйдемін, — дейді Никлас Франк. — Өмірімнің соңына дейін оның әрекеттері үшін ұялып өтетін боламын».Әкесі туралы кітап жазып, қатыгез ұлтшылдық кезеңі туралы баяндау үшін мектептерді аралауды бастағанында ең үлкен ағасынан басқа бауырларының бәрі байланыс үзген. Ол табуды бұзды: ата-анаға деген махаббатқа сатқындық жасады. Бірақ ата-ана қандықол қылмыскер, құбыжық болса ше? [caption id="attachment_135526" align="alignnone" > Сурет: pikabu.ru[/caption]
Соңы жоқ оқиға
Ханох Зееви лентасының бас кейіпкерлерінің кінә сезімінің тереңдігі қайран қалдырады. Олардың кінәсі неде?«Үлкендердің бойындағы жамандық маған дарыды деп айта алмаймын, — дейді ұлтшыл қылмыскерлердің бірінің немересі Катрин Гиммлер (Katrin Himmler). — Мен ол үшін жауап бермеймін. Бірақ мен оның тегін алдым. Студент кезімде Германиядан екенімді білдірмеу үшін шетелде жүріп немісше сөйлемеуге тырысатынмын».Катрин Израиль азаматына тұрмысқа шықты. Күйеуінің атасы ұлтшылдардың қолынан қаза тапқан. Махаббатпен шықты, тегі маңызды болмады. Никлас Франк әкесінің былықтарын жария еткен кітап жазып, әлі күнге дейін жастарға ұлтшылдықтың қандай қасірет әкелуі мүмкін екенін түсіндіруде. Райнер Хёсс көзіне жас алып отырып кешірім сұрады. Бұл фильмнің соңғы сахнасы. Хеппи-энд? «Барлық оқиға — бақытты аяқталуы мүмкін емес. Тіпті соңы жоқ оқиғалар бар», — дейді Хёсспен Освенцимге бірге барған Израиль журналисі Эльдад Бек. Дереккөзі: dw.com