Байқоңыр One Web-ке қызмет етеді

Байқоңыр One Web-ке қызмет етеді

Бүкіл әлемді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге арналған ірі халықаралық жоба – One Web ғарыштық аппараттары «Байқоңырдан» ұшырылады. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар осы мақсатта ұшырылатын «Союз-2» зымыран-тасығыштарының бөлінетін бөліктерінің Қостанай аумағына құлауын рет­тейтін құжатты құптады.

Жиында Мәжіліс Қазақстанның Ресеймен ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастығын дамытуға бағытталған екі ратификациялық заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдады. Соның бірі – көрші қос елдің үкіметі арасындағы «Поляр маңындағы орбиталарға солтүстік бағытта ғарыш аппараттарын ұшыру үшін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Союз-2» типіндегі тасымалдағыш зымырандарды ұшыруды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің түсіндіруінше, бұл келісім дүниежүзін ортақ әрі ұшқыр интернетке қосуға бағытталған One Web ірі халықаралық жобасын іске асыру мақсатында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыш аппараттарын ұшыру кезінде Қостанай облысындағы зымыран-тасығыштар бөліктері құлайтын ауданды Ресейдің пайдалануын реттейтін құқықтық базаны құрады. Сондай-ақ «Байқоңырды» коммерциялық ұшырумен жүктеуге мүмкіндік береді. Бұл Байқоңырдың барлық инфрақұрылымының тыныс-тіршілігіне оң әсерін тигізуі тиіс. Бұған қоса, депутаттар Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялайтын заң жобасын құптады. Хаттама Ресей Федерациясының «Байқоңыр» кешенін жалға алу мерзімін 2050 жылға дейін ұзартады. Мәжіліс төрағасы зымырандар апатынан келген экологиялық және материалдық шығынды өтеудің нақты тетігін әзірлеу қажет екенін қаперге салды. Әйтпесе, Ресей бұрынғы апаттар үшін де сол бойы өтемақы төлемепті. Бұл мәселе Қостанай облысында аспаннан «Союз-2» бөліктері құлайтын жаңа ауданның айқындалуына орай өзекті бола түседі. Нұрлан Нығматулин «Шығынды өтеуді қандай құжат анықтайды» деп сұрады. Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықовтың айтуынша, жеке келісім бар, соған сәйкес Ресей тарапы келтірген шығыны үшін төлемақы төлеуін кепілдендіреді. Алайда тәжірибе көрсеткендей, бұл процедура ұзақ жылдарға созылып кетеді. Сондықтан Нұрлан Зайроллаұлы экологиялық шығынның орнын толтыру тетігі тиісті құжаттарда бекітілуі тиіс екенін нықтады. – Біз серіктесімізбен бірге ма­териалдық шығынды өтеу туралы нақты келісіп алуға тиіспіз. Кепілдіктер нақты жазылған. Бірақ бұл кепілдіктер өмірде жүзеге асуы үшін не керек? Бірлескен құ­жат се­рік­тес­тері­мізбен бірге пы­сық­­­талуы қажет, – деді Мә­­жіліс төра­ғасы әзірлеушілерге.  

Айхан ШӘРІП