Ислам Каримов атындағы ғылыми-ағарту мемориалды кешені төрағасының орынбасары, академик Тұрсынәлі Қузиев Facebook парақшасында Өзмемфилармониясы әйелдер ансамблінің майдандағы суретін жариялады. Суретте КСРО халық әртісі Роза Бағланова бар.
2011-2013 жылдары Өзбекстанның Мәдениет министрі болған Тұрсынәлі Қузиевтің айтуынша, суреттің артқы жағында «Солтүстік-Батыс фронт, Валдай-Торжок ауданы, 1942 қазан» деп жазылған. Ары қарай «Өзмемфилармониясы әйелдер ансамблі алғы шепте әуе байланысы командирі, полковник Токарев Борис Кузьмич, әуе байланысы комиссары, Совет Одағының батыры Таряникпен бірге» екені көрсетілген. Фотосуретке назар аударсақ, 1-қатарда Роза Бағланова, Раима Хакимова, Муқаддас Изамова, Хадиша Хакімова, Ғани Ағзамов бейнеленген. Олар сол тұста майдангерлерге арнап ән салған әнші-актерлер еді. Роза Бағланованың бейнесі бар бұл сурет әншінің өмірін зерттеушілер үшін бағалы естелік. Сондай-ақ Тұрсынәлі Қузиев суреттегі Григорий Аверьянович Таряник (1913-1979) гвардия полковнигі, Солтүстік-Батыс фронттың 260-жақыннан бомбалаушы әуе полкі комиссары, 4-гвардиялық бомбалаушы авиациялық Борисов дивизиясын басқарғанын жазған. Роза Бағланованың соғыстан кейін Өзбекстаннан елге оралғаны белгілі. Қазақстанның (1955) және бұрынғы КСРО халық әртісі (1967), Халық Қаһарманы (1996).А. ЖАНАСЫЛ