Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» мекемесінің мал дәрігерлері наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, осыдан 2 күн бұрын барлық қызметкерге қысқарту болатыны туралы ескерту хат келген. Онсыз да жүктемесі көп қызметкерлерге бұл хабарлама тосыннан келген жайсыз ақпарат болған. Одан бөлек, жалақысының аздығына көңілі толмай жүрген мал дәрігерлері наразылыққа шығудан басқа амалы қалмағанын айтады.
– Бізде жүктеме көп. Талап бойынша әр мал дәрігерінде 700-дей қара мал болуы тис. Бүгінде әрқайсымызға жүктелген 1 200-дей қара мал, 2 500-ге жуық уақ мал бар. Одан бөлек, ит пен мысық, тауықты да қараймыз. Егер бізден дәрігерлерді қысқартатын болса, жүктеме бірнеше есеге артады. Қазірдің өзінде зорға үлгеріп жүрміз, – дейді мал дәрігері Әшірбек Жолдасов. Ал осы салада еңбек еткеніне 35 жыл болған мал дәрігері Ержігіт Байданов зейнетке шығуына аз уақыт қалғанын, егер қысқартуға ілінсе, қалай күн көретінін айтып, қынжылады. «Басқа өңірлерде жалақы көтерілді. Біз 10 ай ғана жалақы аламыз. Жыл сайын қаңтар, ақпан айында ақысыз еңбек демалысына жібереді. Еңбек демалысын неге сол кезде алмаймыз? Жұрт еңбек демалысына емделуге және басқа да қажеттіліктер үшін деп молдау ақша алса, біз керісінше еңбек демалысымызға жалақымыздан аз ақша аламыз. Мәселен, мал дәрігерлері 100 мың теңге жалақы алса, еңбек демалысына шыққан айында 80 мың теңге алады. Бәріміз де отбасының асыраушысымыз. Несиелеріміз де бар» деп ашынды ол. Мекеме қызметкерлері осыдан 2 ай бұрын ұжым болып жалақы мәселесін көтеріп, хаттама түзіп, басшылыққа жолдаған екен. Алайда осы уақытқа дейін жауап берілмепті. «Айлығымызды көтеріңіз деп жазған хатымыз жауапсыз қалды. Негізі, заң бойынша жолданған хатқа жауап болуы тиіс қой. Біз еленбей келе жатырмыз. Хаттың жауабын күтіп жүргенде қысқарту туралы хабарлама келіп, есеңгіреп қалдық. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеріп, оларға жағдай жасалып жатыр. Ал Үкімет мал дәрігерлеріне мүлдем назар аудармайды. Соңғы жылдары қаншама жұқпалы аурудың түрі шығып жатыр. Біз солардың алдын алмағанда бүгін не болар еді? Негізінде, қазақ малмен айналысқан, мал шаруашылығы қазақтың атакәсібі ғой. Осы уақытқа дейін көңіл бөлінетін шығар деген үмітпен келгенбіз», – дейді №1 Ақжар учаскесінің мал дәрігері. Мал дәрігері Сапар Сұрымбаев негізінде мал дәрігерлерінде бекітіліп қойған жұмыс уақытының жоқ екенін айтады. «Біз мал жайылымға кетпей тұрып оларды дәрілеп үлгеруіміз керек. Сол үшін таңғы 4, 4.30 шамасында тұрып, жұмысты бастаймыз. Сосын кешкі мал жайылымнан келген кезінде жұмыс қызады. Тәулігіне 8 емес, 10 сағаттай жұмыс істейміз. Мал дәрігерлеріне назар аударылмай жатқан соң жаңадан келіп жатқан жастарға үйрететін, тәжірибе жүзінде көрсететін адам қалмай барады», – дейді ол. Жиналғандар сонымен бірге, мал дәрігерлеріне берілуі міндетті саналатын бірреттік медициналық қолғапты мүлдем көрмегенін де жеткізді. Одан бөлек, шприцтер де үнемі беріле бермейді екен. Жеңісбек Әлішеров мекемеде қолғап пен бетперденің мүлдем берілмейтінін, ол үшін өз қалтасынан ай сайын 5 мың теңгеге жуық қаржы жұмсайтынын айтты. Алайда жауапты тұлғалар бұдан бейхабар болып шықты. Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Манарбек Ержігітов мұны былтырғы пандемия жағдайында осынау медициналық заттардың қымбаттап кетуіне орай мемлекеттік тапсырысқа 2020 жылғы бағамен қойылған қолғап, бетпердені ұтып алуға ешкім қатыспай жатыр деп түсіндірді. Бірақ наразылыққа жиналғандар «былтыр ғана емес, қолғап дегенді ешқашан көрмегенбіз» деп жауап қатты. Шымкент қаласының Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасына қарасты «Ветеринариялық қызмет» мекемесінің басшысы жуырда ғана ауысыпты. Өзін Нұрсұлтан Зейнолла деп таныстырған басшының міндетін атқарушы мекемеге өзі келгелі барлық мемлекеттік сатып алу бойынша құжаттарды қарап отырғанын жеткізді. «Бұл мәселе бойынша меңгерушілермен сөйлескенімде мал дәрігерлеріне қажетті заттар жеткізілді деп отыр. Қызметтік тексеріс жасап анықтайтын боламын», – деді ол. «2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік қызметкерлерінің 25 пайызға қысқарту шараларын жүргізу керек екенін тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында 100 пайыз барлық қызметкерге хабарлама береміз. Мекеменің қызметкерлері арасында түсінбеушілік болып жатқанын естіп, түсіндіруге келгенмін. Біз мал дәрігерлерінің жүктемесі көп болуына орай оларды қысқартпаймыз. Әкімшілік қызметкерлерден ғана қысқарту шараларын жүргізетін боламыз. Мекемеде 102 қызметкердің 12-і әкімшілік қызметте жұмыс істейді», – дейді басқарманың бөлім басшысы Манарбек Ержігітов. Сонымен, мал дәрігерлері қысқартуға ілікпейтін болды. Алайда жалақының аздығы, дәрігерлерді қажетті заттармен толық қамтымау сияқты қордаланып қалған мәселелер мал дәрігерлерінің көңілін күпті етіп отыр. Басшылық «келешекте бұл мәселелерді шешетін боламыз» деп уәдені үйіп-төкті. Дегенмен осы уақытқа дейін бірде-бір мәрте берілмеген, бірақ мемлекеттік сатып алу құжаттарында болатын қолғап мәселесіне ешкім нақты жауап айта алмады. Одан бөлек, ветеринариялық қызмет мекемесі орналасқан ғимараттың жалға алынып отырғаны, бюджеттен бөлінетін қаржының басым бөлігі сонда жұмсалып кететінін айтқан наразы топ билікке осы мәселені де шешіп беруіне үміт артады. Ғимарат мәселесі шешілсе, бөлінген қаржы қызметкерлердің жалақысын көтеруге де септігін тигізер еді. Мекеме қызметкерлері тағы да ешқашан сыйақы, он үшінші айлық дегенді көрмейміз деп шағымданды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы