Қылмыс әлемінің серкелерін тұсаулаудың жолы қандай?
Қылмыс әлемінің серкелерін тұсаулаудың жолы қандай?
416
оқылды

Қазақстанның криминалитет өкілдерінің ішінде тек екі адамның ғана «вор в законе» деген мәртебесі бар деген ақпар бар: Серік Жаманаев (Голова) пен Айтқали Маймышев (Леха Маймыш). Бүгінде екеуі де бас бостандығынан айырылып, темір тордың арғы жағында кезекті мерзімдерін өтеп жатыр.

«Ұры» немесе «заңшыл» ұғымы кеңес заманында 30-жылдары пайда болды, оның әлемдік криминалитетте баламасы жоқ. Бұл – қылмыстық ортаның ең жоғар­ғы кастасына берілетін мәртебе. Заңды ұры­лардың ықпалы одақтың бүкіл аума­ғы­на жүріп тұрды, тіпті КСРО құлаған ау­ма­лы-төкпелі 90-жылдары ол тіпті күшейіп кет­ті. Бір нақтылай кететіні, заңда «вор в за­ко­не» (заңды ұры) деген ұғым жоқ. Тек Қыл­мыстық кодекстің ұйымдасқан қыл­мыс­қа, террористік және экстремистік қыз­мет­терге қарсы күрес мәселелері жө­нін­дегі заңнамалық актісінде «ұйымдасқан топтардың басшылары арасында жетекші жағдайдағы тұлға» деген анықтама бе­рілген.

Жергілікті криминалитет қалыптасты

Тоқырау жылдарында Қазақстанның өз криминалитеті қалыптасты. Сондықтан сырттан келген «бөтендер» жергілікті беделділердің табанды қарсылығына тап болды. Атыс-шабыс көп болды. Осы кезде «Сары Алмастың», «Баха-фестивальдің», Қаныбектің, Сабыржан Махметовтың, Сабырдың, қылмыс әлемінің ірілі-ұсақты ұлты қазақ басқа да беделділерінің есімдері дүркіреп шықты. Олар туралы халық ара­сында әлі күнге дейін көп әңгімелер ай­тылады. Бұл уақыттарда мемлекеттік мүлік жаппай жан алысқан-жан беріскен бөліске түсіп, елде жекешелендіру процесі қауырт жүріп  жатқан кез. Советтік өндіріс мұра­ларын молынан қамтып қалғысы келген кейбір ірі ойыншылар осындай кезде өзге бақталастарын қаймықтыру үшін «тор­педа­лардың» қызметін пайдаланды. Ал енді нарық өзара бөліске түсіп болып, дүние сабасына түскенде «мафиоздар» заңды бизнеске көшті, бастықпағандары мен керексіз болып қалғандары абақтыға қамалды немесе атылып, асылып кетті. Дегенмен нарықта әлі күнге дейін көлең­келі бизнестің үлесі өте қомақты. Қылмыстық топтар миллиондаған долларды ай­нал­дырды. Республикалық кеден бро­керлері қауымдастығының төрағасы Г.Шестаков Қазақстан мен Қытай арасында заңсыз тауар айна­лымын­да 3 миллиард доллар ақша жүрге­нін айтады. Жалғыз ғана «Қорғас» кеденін қолының жүгіртпесі бар шенеуніктерді былай қойғанда, төрт ірі ҰҚТ (ұйымдасқан қылмыстық топ) «сауып» тұрған. Кейін қылмыстық топтар ұсталып, айыптылар лайықты жазасын тартқанын ақпарат құ­рал­дарынан естіп-көрдік. Бірақ «Қорғаста» көлеңкелі бизнес түп-тамы­рымен жойылды дегенге ешкім сенбес. Кеден нарығынан түсетін, ел бюд­жетін құрайтын ресми салықтар тек фор­малды ғана, ал онда соған пара-пар тағы екі-үш бюджеттің ақшасы көлеңкелі ай­налымда жүргенін айтады білетіндер. Ұйымдасқан топтардың қазынасы негізінен мұнай, түрлі-түсті және металл саудасынан, ақшаны жылыстатудан, есірткі заттарын тасымалдаудан, араб және Еуропа елдерінің бордельдеріне «жанды тауарды» (жезөкше) өткізуден толығып отырады. Кейінгі жылдары республика аумағында құрылыс ерекше қарқын алуына байланысты, одан түсетін үлес те көбейген. Бұған құмар ойын­дардың, кәсіпкерлерге салынатын «салықтардың» және басқа толып жатқан кірістерді тағы қосыңыз.

Трансұлттық топтардың топшысы сынды

Қай елде де сыбайлас жемқорлық пен криминалитет ауыз жаласып кететіні түсінікті. Посткеңестік мемлекеттер осы кеселдермен хал-қадірлерінше әралуан күресіп жатыр. Мәселен, Украина «воріне» мәртебесі бар 557 қылмыс серке­леріне санкция жариялады. Оларды енді елге кіргізбейді, мүлкі бұғатталады. Ал ке­зінде Грузия билігіне келген жас саясаткер – Ми­хаил Саакашвилидің қылмыстық эле­ментпен күресін тіпті феноменге балауға тұрарлық. Оның «Заңда жалғыз мен» деп айтқаны қанатты сөзге айналды. Одақ кезінде «заңды ұрылардың» отаны болған гүржі елінен қылмыс әлемінің серкелері алыс-жақын шетелдерге тым-тырақай қашты, олардың біразы Қазақстанға қарай ауды. Қылмыстық ортада қатаң сақталатын жазылмаған заңдары бар. «Короналанған ұрылар» зонада отырса да, еркіндікте жүрсе де жергілікті жерлердегі криминали­тетті өз бақылауына алды. Қылмыскерлер еге­мен елдердің мемлекеттік шекарасын мойындамады. Трансұлттық топтар ықпал аймағын кеңейту және есепсіз пайдаға кенелу үшін табиғи қазба байлығы мол қазақ жеріне де көздерінің сұғын қадады. Ал енді трансұлттық қылмыстық қа­уым­дастық пен жергілікті криминалитет­пен ауыз жаласып кетсе, бұл мемлекет тұ­рақ­тылығы үшін тіпті зор қауіп. Оперативтік деректерге сенсек, тәуел­сіздік жылдарында посткеңестік елдерден 40-тан астам «ұры» Қазақстанды өздерінің ықпал аймағына айналдырмақшы болған. Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметі поли­цейлермен бірлесе отырып, бұл әрекет­тердің бәрінің жолын кескен. 2013 жылдан бастап «ұрылар» әлеміне қақырата соққы бере бастады. Қылмыстық топтардың топшысын оңдырмай сындырды. Республика аумағында екі жыл ішінде трансұлттық қылмыстық топтардың бедел­ділері саналған 60 адам тұтқынға алынды. Олардың ішінде 22 жыл түрмеге кесілген – грузин «ұрысы» Бондо Стуруа да бар. Ол Қазақстанда «положенецтерді» тағайын­дап, колониялардың тәртібін бақылады, сотталғандар мен олардың туыстарынан ақша жинаған. 2016 жылы тұтқындалып, мал-мүлкі тәр­кіленіп, 21 жылға бас бостандығынан айырылған шымкенттік «сыра королі» Тоқтар Төлешовтің де ісін осыған жатқы­зу­­ға болады. Оған посткеңестік ұйым­дас­қан қылмыстық топтарды қаржы­лан­дырды, мемлекеттік құрылым­ды күшпен өзгертпек болды деген айып тағылды.

Оперативтік деректерге сенсек, тәуел­сіздік жылдарында посткеңестік елдерден 40-тан астам «ұры» Қазақстанды өздерінің ықпал аймағына айналдырмақшы болған. Алайда ұлттық қауіпсіздік қызметі поли­цейлермен бірлесе отырып, бұл әрекет­тердің бәрінің жолын кескен.

Онымен бірге қылмыскерлермен қам­қорлық жасап жүрген құқық қорғау орган­дарының бірталай жоғарғы шенділері де ұсталды. Қазақстанның аумағында транс­ұлттық қылмыстық топтар үшін «крими­налды кассаны» жинайтын бірқатар «ұры­ға» халықаралық іздеу жарияланды: М.Джан­гвеладзе («Мераб Сухумский»), К.Көлбаев («Қамшы») және С.Ахметов («Самара»). Сондан бері «ұрылар идеясын» тарату­шылар біздің елімізді айналып өтетін. Тек 2018 жылы 1 тамызда республиканы дүр сілкіндірген тағы бір суыт хабар тарады. ҚР ІІМ мен ҰҚК бірлескен операциясы барысында атыс қаруы мен есірткі затын сақтады деген күдікпен 1986 жылы туған Әзербайжан азаматы Орхан Алиев тұтқындалды. Кейін анықтай келгенде, ол посткеңестік елдер арасында криминалдық әлемнің көшбасшысы, өмірінің 22 жылын темір тордың арғы жағында өткізіп, тек 2017 жылы қазан айында бостандыққа шық­қан, «Лоту Гули» лақап атымен таны­мал «заңды ұры» Надыр Салифовтың адамы болып шықты. Оның Қазақстанға келу­дегі мақсаты біздің елде Салифовке бағы­нышты қылмыстық топтарды қалып­тастыру бо­ла­тын. Салифовты Ресейдің, Украинаның, Латвияның, Швецияның және тағы бірқатар мемлекеттің құқық қор­ғау органдары ең қауіпті қылмыскер деп таныған. Ол 2020 жылы сыбайлас­тарының бірінің қолынан қаза тапқаны естеріңізде болар. Әлбетте, қылмыс серкелерін темір торға қамау оңай іс емес. Олар қылмысты басқалардың қолымен жасайды. Мәселен, алыс жерде жүріп, Қазақстандағы қыл­мыс­тық ортаны бақылап отыруы мүмкін. «Ұры­ларға» халықаралық іздеу жариялау да олардың ісіне аса көп кедергі келтіре қой­майды. Дегенмен жоғарыда айтып өткен шаралардан кейін трансұлттық топтар Қазақстанға аса жолай қоймайтын болған. Қазақстан ІІМ Криминалдық полиция департаменті таратқан ақпаратқа қараған­да, елдегі криминогендік жағдай толық ба­қы­лауда. Бүгінде ІІМ-нің деректер қоры­нда жүздеген қылмыстық беделдінің, экс­тремистік-террористік ұйымдардың және қарулы құрылым мүшелерінің мә­ліметтері жинақталған.

Дәулет АСАУ