Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Видеоконференция режимінде өткен жиынды ашқан Мемлекет басшысы еліміздің электр энергетика саласын дамытудың маңызын атап өтті. Бүгінде энергетиканың Қазақстан экономикасындағы рөлі зор. Президент өз сөзінде энергияны тиімді жұмсауға және үнемдеуге баса мән берді. – Қазақстан – әлемде ең көп энергия пайдаланатын елдердің бірі. Біздің экономика Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда энергияны 3 есе көп пайдаланады. Бұл ретте біздің ішкі жалпы өнім құрылымында қызмет көрсету секторының үлесі басым. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың негізгі қоры мен құрал-жабдықтары Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының және әлемдегі басқа да озық елдердің заманауи стандарттарына сай келмейді дегенді білдіреді, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев тарифтердің әділдігі мен қолжетімділігін маңызды экономикалық және әлеуметтік мәселе деп санайды. Пандемияның кері әсерін төмендету мақсатында осы жылдың 1-тоқсанының соңына дейін барлық тариф түрлері кейінге шегерілді. Сонымен қатар тарифтерді үнемі бір деңгейде ұстап тұру мүмкін емес. Тарифтер дәйекті шығындарды жабуға және саланың дамуына мүмкіндік туғызуы тиіс. – Әдетте тарифтерді қымбаттату мәселесі бастапқыда бизнес пен бюджеттік ұйымдарға жүктелетіні жасырын емес. Жекелеген аймақтарда оның айырмашылығы 400 пайызға жетеді. Мұның нарықтың дамуына кесірі тиіп қана қоймайды, энергияны үнемдеп тұтынуға да еш пайдасын тигізбейді. Энергияны тиімді пайдалану және оны көп тұтынуды төмендету міндеті орындалмай отыр. Егер электр қуаты босқа ысырап болса, онда өте қымбат энергиялық тиімді материалдар мен құрал-жабдықтарды пайдаланудың не қажеті бар?! – деді Президент. Мемлекет басшысы қуат беретін жаңа көздерді жаңғыртудың және іске қосудың маңызын атап өтіп, Алматыдағы екінші ЖЭО-ны газға көшіру жобасына арнайы тоқталды. Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстанды 2050 жылға дейін көміртегіні аз пайдаланып, дамыту тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Үкімет Электр энергетикасын дамыту жөніндегі ұлттық жобаны пысықтауда, еліміздің 2035 жылға дейінгі энергиялық теңгерімі дайындалып отыр. – Қазақстанда негізгі энергия қуатын беретін нысандар, оның ішінде, жылу стансалары 40 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. Сарапшылардың мәліметіне сәйкес, олардың 50 пайыздан астамы тозған. Бұл электр стансаларындағы технологиялық заңбұзушылықтардың артуына әкеп соқтырады. 2019 жылы – 4 010, 2020 жылы – 4 458 заңбұзушылық тіркеліп, оның өсім деңгейі 11 пайызға артқан, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан жаңартылатын және баламалы қуат көздерін дамытуға нақты бағыт алды. – Бұған дейін біз жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 10 пайызға дейін жеткізуді мақсат еттік. Жаңа жағдайларды және қазіргі оң қарқынды ескере отырып, электр қуатын беретін стансалардағы жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізуді міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы. Президенттің пайымдауынша, Қазақстан қуат көздері бойынша бай ел болғандықтан, болашақта жаңа энергетикадағы жетекші орнын сақтап қалуы тиіс. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты жаңартылатын қуат көздерін пайдалануға ынталандыру қажет екенін атап өтіп, «ақылды» қалаларды дамыту аясында күн панельдері мен шағын стансаларды пайдаланудың пилоттық жобаларын жүзеге асыруды ұсынды. Мемлекет басшысы атом энергетикасынан алдын ала бас тарту дұрыс емес деген мамандардың пікірімен келісті. – Бүкіл дамыған әлем атом энергиясына иек артады. Бұл ретте үрейге бой алдыру орынсыз. Дегенмен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын табанды түрде жүргізу қажет. Атом стансаларының құрылысын бастауға асықпаймыз, алайда бұл істі кейінге ысыруға да болмайды, – деді Президент. Мемлекет басшысы өз сөзінде электр желілері компанияларының жұмысын реттеу қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы аталған саланы дамытуға халықаралық инвесторларды тарту маңызды міндет екенін айтты. Президенттің тапсырмасы бойынша Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Еуропаның басқа да мемлекеттерінің инвесторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Оның пікірінше, халық санының артуы және экономиканың өсімі жаңа қуаттарды енгізуді талап ететіні сөзсіз. Алайда мүмкіндіктер шектеулі. Сондықтан экономиканың энергия сыйымдылығын азайту – маңызды міндет. Мемлекет басшысы Үкіметке аталған мәселені бақылауда ұстауды тапсырды.