Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау заңнамасына бірқатар түзету енгізуді қарастыратын заңға қол қойды. Соған сәйкес, енді саяси партиялардың Мәжіліске өту межесі 7-ден 5 пайызға төмендетілетін болды. Бұл бастамадан қандай өзгеріс күтуге болады? Бәсеке қыза түсе ме? Саясаттанушыларға осы сұрақты жолдап, сауалнама жасаған едік.
Бір тармақпен барлық мәселе шешіле қоймайды
– Мәжіліске өту межесінің төмендегеніне қарап, палата құрамының қалай өзгеретінін ешкім айта алмайды деп ойлаймын. Оның бәрі сайлауға байланысты. Сол уақытта нақтысын білеміз. Егер әділ өтетін болса, қазіргі үш партиядан бөлек тағы да өзге саяси күштердің енуіне мүмкіндік ашылып отыр. Яғни, меженің 7 пайыздан 5 түсуі мұндай мүмкіндіктерді арттырады. Жалпы алғанда, мұндай өзгеріс не үшін қажет? Біріншіден, пікір алмасу, ой жарысы көбірек болуы үшін. Өйткені Парламент – сөйлейтін, талқылайтын жер. Соның нәтижесінде белгілі бір оңтайлы шешімдер қабылданады. Ендеше мұндай талқылауларға неғұрлым көбірек саяси күштердің қатысқаны дұрыс. Қазіргі Парламент Мәжілісінде отырған үш партия қазақ қоғамындағы ойларды, мүдделер мен пікірлердің толық жиынтығын білдіреді деп айта алмаймыз. Себебі сол отырған үшеуіне де сенбейтін орта жетіп артылады. Яғни, олардың мүдделері партияда көрініс таппаған деген сөз. Негізі, жаңа партиялар құрылып, олар белсенділігін арттырып, сайлау механизмдері әділ болуға тиіс. Міне, бұл дүниелердің іске асуына қоғамның өзі араласуы керек. Жалпы алғанда, осы бір ғана тармақпен барлық мәселе шешіле салмайды. Бұл бір тәсіл ғана. Әйтсе де, қоғамдағы жағдайды оңалтуға оң әсер береді деп ойлаймын. Ал саны қанша болатыны, қаншасы нақты кіретіні саяси үрдістерге, сайлаудың өтуі мен партиялардың тіркелуіне байланысты болады.Саяси партиялар қаптап кетеді деп ойламаймын
– Аталған өзгеріс көппартиялық жүйеге, оның дамуына белгілі бір деңгейде позитив түрде әсер ететін сыңайлы. Өйткені 7 пайыздың өзін Парламентке өткен екі партия 2012 және 2016 жылдары әрең алған еді. Бұдан байқайтынымыз, партиялардың 7-8 пайыз жинауы оңай емес. 5 пайызды дұрыс деп санаймын. Тіпті, көппартиялық жүйені дамыту үшін 3 пайызға түсірсе де артық болмас еді. Мұндай жағдайға қол жеткізу аса қиын деп те ойламаймын. Себебі бізде Президент айтқан ұсыныстар заңға айналатын үрдіс бар. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияларды тіркеу үшін 40 мың емес, 20 мың мүше болғаны дұрысырақ дегені, әйелдерге 30 пайыз квота беру туралы айтқаны партиялық межені 5 пайызға төмендетуді ұсынғанын айтса болады. Меженің төмендетілгеніне қарап, сең қозғалды деп айта алмаймыз. Бұл бір жағы ғана. Өйткені бұл көппартиялық жүйені дамыту, сайлау жағын демократияландыру деген кешенді түрде жасалатын шараның бір механизмі ғана. Сайлау туралы, саяси партиялар туралы заңға толық сараптама жасалып, оның кемінде 10-15 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатқан жоқ. Бар болғаны, Президент айтқан үш мәселе ғана көрініс тапты. Меніңше, бұл ретте саяси партиялар туралы ғана емес, Сайлау туралы заңға да біршама өзгеріс керек еді. Себебі бұл екеуі бір-бірімен байланысты. Саяси партияның билікке баратын негізгі жолы – сайлау. Ал оған жағдай дұрыс жасалмаған кезде нәтиже күту қиын. Керек десеңіз, ауыл әкімдерінің сайлауға қатысуы үшін мемлекеттік қызметте бір жыл жұмыс істеуі керек деген талап қойылды. Бұл – тіпті миға кірмейтін дүние. Сондықтан мұндай заңдарды да қайта қарау керек. Жалпы алғанда, саяси партиялардың жүретін жолына қатысты, билікке апаратын заңдарды қайта қарау керек. Ал енді бірлі-екілі өзгерістен аса әсер бола қоймас. Әлбетте, белгілі бір деңгейде позитив екенін мойындаймыз. Әйтсе де, осыдан соң саяси партиялар қаптап кетеді деген ой болмауы қажет деп ойлаймын. Соның өзінде осы бар мүмкіндікті саяси күштер мен топтар міндетті түрде пайдаланып қалуға тырысқаны жақсы. Осы арқылы халыққа олар шындығында демократиялық партия жасауға бола ма, олар билікке өте ала ма – соны көрсетеді. «Біз жасап едік, әлі де кемшілік бар» дегенді айту үшін де керек.5 пайыздық меже – орташа көрсеткіш
– Мәжіліске өту межесін 7 пайыздан 5 пайызға азайту бастамасы бастапқыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясындағы саяси реформаларды жүргізу барысында ұсынылған болатын. Мұндағы әу бастағы мақсат Қазақстандағы саяси партиялардың, жалпы саяси плюрализмді дамытуға бағытталғаны белгілі. Өйткені саяси үрдістерде неғұрлым түрлі бағыттағы саяси партиялар қатысатын болса, соғұрлым оның ауқымды жүруіне мүмкіндік ашылады. Ал енді әлемдік деңгейде қарайтын болсақ, 5 пайыздық меже – орташа көрсеткіш. Бұған дейін Қазақстан жоғары пайыздық көрсеткіші бар елдердің қатарында болған. Салыстырмалы түрде айтсақ, Түркияда – 10 пайыз. Өзгеріс енгізу арқылы көршілес Ресей, Украина, Латвия сияқты 5 пайызға көшкелі отыр. Ал Армения тіпті жақында 4 пайызға төмендетті. Жалпы, бұл тенденция саяси партиялардың белсенділігіне, жаңа партиялардың пайда болуына түрткі болатыны сөзсіз. Дегенмен Қазақстанның мысалында қарастыратын болсақ, соңғы сайлауға қатысқан алты партияның сапа деңгейіне қарасақ, көптеген олқылық жіберілгенін көреміз. Бұл біздегі саяси партияның белсенділігі төмен екенін көрсетті. Олар тек сайлау алдында ғана емес, екі аралықтағы 5-6 жыл уақыт ішінде әр партия өз платформасында сайлаушылар алдындағы бағдарламаларын кең ауқымды ұсынуын жалғастыра беруі керек. Өйткені электоралдық цикл — толассыз жүре беретін үдріс. Бұл болмаса, партияның беделі түсіп кетеді. Екінші жағынан, сайлаушыларының алдында бағдарламасын орындамауы, қойған мақсаттары мен уәделерін тыңғылықты әрі соңына дейін жеткізбеуінің кесірінен біздегі партиялар сайлау болған кезде дауыс жинай алмай жатады. Сондықтан меже төмендеген күннің өзінде қанша саяси партиялар пайда болса да, Қазақстандағы саяси үрдістерді дамытуға атсалыспаса, қоғамдағы үрдістерге араласпаса, қызметін жандандырмаса, «зомби» немесе ел алдында еш беделі жоқ партия болып қала береді. Тіпті, 2-3 пайыз да жинауы қиын болады. Бұл бастаманы қуантарлық жағдай деп қабылдағанымызбен, осы күннен бастап өзге де саяси партиялар мүмкіндіктерін арттыру үшін өз платформасында, бағдарламасы аясында сайлаушыларымен неғұрлым белсенді жұмысты жалғастыруы керек деп есептеймін.Жадыра АҚҚАЙЫР