«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Қазақстандағы жұмыссыздар арасында зерттеу жүргізді. Оған Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларындағы мобильді жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер қатысты.
Олардың мәліметінше, Жұмыспен қамту орталығына хабарласқандардың 56 пайызы басшылық қызметке баруды қалайды. Хабарласқандардың тек 14 пайызы қара жұмысқа баруға дайын.
Соған қарамастан еліміздегі еңбек нарығына негізінен колледж түлектері, не болмаса білім алмаса да жұмысқа епті адамдарға сұраныс көп.
«Біз 25 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерімен сөйлесіп, олардың кадрға деген сұраныстарын зерттедік. Нәтижесінде, тек 10,5 мыңы, бұл яғни, 41 пайыз ғана сұраныста. Ал шамамен 79 пайызы адамның жұмыс біліктілігіне қарайды», - дейді Ұлттық палата төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев.
Айтар болсақ, биылғы бірінші тоқсанда карантиндік шектеулерге байланысты 12 мыңнан астам адам жұмысынан айырылды. Бұл туралы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы жариялады. Олардың мәліметінше, жұмыссыздар саны - 451 мың 300 адам. Біздегі жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Ал 2021 жылдың сәуір айындағы жағдайы бойынша, жұмыспен қамту органдарында жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны – 215 мың адам.