Жамбыл облысындағы ауылдардың бірінің бұрынғы әкімі 10 млн теңге жымқырғаны үшін сотталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бюджет қаржысын ұрлау — елдің экономикалық қауіпсіздігіне төнген қатер. Бюджет қаржысының ірі көлемде жымқырылу жағдайы көбіне мемлекеттік сатып алумен байланысты. Арам пиғылды мердігерлер кей жағдайда мемлекеттік мекеме басшыларының олардың әрекетіне деген немқұрайлылығын пайдаланып, кейде тіпті олармен сөз байласа отырып, түрлі қылмыстық жолдармен жеке бас байлығы үшін мемлекет қазынасын тонап жатады. Осындай жағдайлардың бірін Жамбыл облыстық экономикалық тергеу департаментінің өкілдері анықтады», — делінген хабарламада.
Байзақ ауданы Бәйтерек ауылының әкімі «Сәулет-2012» ЖШС-мен сыбайласып, Сарыкемер ауылын жарықтандыруға бөлінген қаржыдан 10 млн теңге жымқырған. Бұл ретте тараптар жалған мәліметтерді келтіре отырып, қабылдау-өткізу актісін жасаған, ал атқарылуы тиіс жұмыстар орындалмаған.
«Кінәлі адамдар жауапқа тартылды», — делінген Қаржы мониторингінің хабарламасында.