Ішкі істер министрлігі азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру науқаны кезінде 4 686 тұрғынның құжатсыз күнелтіп жүргенін анықтады.
2020 жылғы қыркүйек айынан бастап мамыр айына дейін Ішкі істер министрлігі «Адам құқықтарының заңдылығын сақтау жөніндегі халықаралық бюро» және «Сана Сезім» әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп азаматтығы анықталмаған адамдарды анықтау және құжаттандыру бойынша ауқымды сәйкестендіру науқанын жүргізген. Көші-қон қызметі комитетінің бөлім басшысы Ғани Шымырбаев осы науқанның алғашқы қорытындысын жариялады. «Акцияның мақсаты – Қазақстан аумағында құжатсыз немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортымен тұратын адамдар ішкі істер органына жүгінуге құқылы екенін қоғамға жеткізу. Құжатсыз адамдардың көбі ТМД елдерінен жарамсыз паспорттарымен келген немесе 1974 жылғы үлгідегі КСРО паспортының иелері болған», – дейді Ғани Шымырбаев. Науқан нәтижесінде 4 686 құжатсыз адам анықталған. Олардың көпшілігі – Алматы (599), Қарағанды (541), Түркістан (426), Ақмола (326), Жамбыл (350) облысында тұрады екен. Оның ішінде 2 431 адамға ҚР азаматының құжаты, 977 тұлғаға азаматтығы жоқ адамның куәлігі беріліпті. Кейін олар азаматтыққа қол жеткізген. «Құжатсыз тұратын адамдарды анықтау бойынша Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен науқан жұмысы аяқталғанына қарамастан, аумақтардағы көші-қон қызметі құжаттандыру жұмысын тұрақты түрде жүргізе береді», – деді Ғани Шымырбаев.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ