«Балық мектебі» салаға қажетті мамандар даярлайды
«Балық мектебі» салаға қажетті мамандар даярлайды
497
оқылды

Жетісу жерінің атауы айтып тұрған­дай, өңірде айдынды көлдер мен асау өзендер жетерлік. Соған сай облыстағы балық шаруашылығының экономикаға қосар үлесі де қомақты. Алакөл, Балқаш көлдері мен Қапшағай су қоймасында балық аулауды кәсіп етіп, тоғандарда, өзендерде балық өсіріп табыс табатындар бала-шағасының нәпақасын осы саладан айырып отыр.

Қазір Алматы облысында балық шаруа­шылығының мамандарын даярлайтын «Балық мектебі» жұмыс істейді. Өткен жылдың маусым айында ашылған білім беру мекемесі бүгінге дейін 70 маманды оқытыпты. Мектептің негізін қалаушы – «Есік» форель шаруашылығының жетекшісі, ихтиолог Мар­лен Тұрсынәлі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау мамандығының түлегі Испанияда біліктілікті арттыру курсынан өтіп келіп, Қазақ балық шаруашылығы ғылы­ми-зерттеу институтында зертханашы болып жұмыс істеген. Осы салада біраз тәжірибе жи­нап, 2015 жылы жеке шаруашылығын ашты. Қазір «Есік» форель шаруашылығында 10-ға тарта балық түрін өсіреді. Мұнда жылына 300 тоннадан астам өнім өндіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, отандық балық кәсібіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – маман тапшылығы. Сондықтан да өзінің бастама­сымен осыдан бір жыл бұрын «Балық мектебін» ашыпты. «Негізгі мақсатым – балық шаруа­шылығындағы кәсіби мамандар санын арттыру мен еліміздегі осы саламен айналысатын шаруа қожалықтарының санын 100-ге жеткізу. Бір жыл ішінде біз 70 маман оқыттық, олардың  оннан астамы жеке кәсібін ашты. Сабақ­тарымызда балық туралы түсініктен бастап, оны тамақтандыру, өсіру, емдеу, көбейту жол­дарын жан-жақты түсіндіріп, теориялық  біліммен бірге тәжірибелік сабақтарды да өткіземіз», – дейді Марлен Тұрсынәлі. Орталықтағы оқу мерзімі – 10 күн. Осы уақыт ішінде қатысушыларға балық өсіруші, ихтиопотология, балық шаруашылығының экономикасы, балық шаруашығын жобалау, балық шаруашылығының гидротехникасы сияқты мамандықтар бойынша білім беріледі. Курсты сәтті аяқтағандар арнайы серти­фикат­тарға ие болады. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының Еңбекшіқазақ аудандық филиалының директоры Бақытгүл Дүйсебекова өздерінің тарапынан оқу орталығына жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғанын айтады. Оқу орта­лығы­мен ақпараттық-түсіндірме жүргізу бағытында тығыз байланыс орнатылған. Қатысушыларға кәсіп ашу, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес беріледі.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы