Таңдаулылар тартысы: мемлекеттік тілді білу міндет
Таңдаулылар тартысы: мемлекеттік тілді білу міндет
237
оқылды

Елімізде Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу ал­ғаш рет 2019 жылы ұйымдас­тырылған еді. Нәтижесінде, 300 адам таңдалды. Биыл Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталмақ. Ал талап өзгерді ме? Алғашқы іріктеуден өткендер қазір не істеп жүр?

Кадр резервінен нәтиже бар ма?

Қазір Президенттік жастар кадр резервіне іліккен 300 адамның 102-сі – жеке, 98-і  квазимемлекеттік секторда қызмет атқарып жүрсе, қалғаны  мемлекеттік қызметші атанды. Олардың ішінде 12-сі – маңызды саяси қызметте жүр, «А» корпусында біреуі бар. Кейбірі жергілікті билікте әкім орынбасары, басқарма басшысы болып жұмыс істеп жатыр. Әйтсе де, оларды кез келген уақытта лауазымды қызметке Пре­зиденттің өзі тағайындауы мүмкін. Қаласа әкімдер мен министрлер де қол астына шақыра алады. Президент Әкімшілігінің де ұсыныс білдіруге хақы бар. Басты міндет – мемлекеттік бас­қаруды жаңарту. Жазда бұл резервке тағы бір іріктеу болмақ.  Яғни, бұл жолғы іріктеудің талабы бұрынғыдан өзгеше.

Бұл жолы не өзгермек?

Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің төрағасы Анар Жайылғанова жаңа пулға 50 адам таңдалатынын хабарлады. Яғни, бұл жолы резервке енетіндер саны едәуір қысқарады. Іріктеу қағидалары да қатаңдатылды. Атап айтқанда, үміткерлердің жасы мен жұмыс өтіліне байланысты талаптар өзгерді, тапсырмалар жаңар­тылды. Сонымен қатар кандидаттарды тексеруге ҰҚК, ІІМ және салық қызметкерлері атсалысатын болады. Үміткерлердің жасы 40-тан аспауы керек, жалпы жұмыс өтілі 10 жылдан кем  болмауы, соның ішінде басшы­лық лауазымда кемінде екі жыл қызмет атқарғаны да назарға алынады. «А» корпусының мемлекеттік қызмет­керлері, министрлер мен комитет төрағалары, сондай-ақ 2019 жылғы іріктеу резервіндегілер конкурсқа қатыса алмайды.  Сонымен қатар бұл жолы іріктеу мемлекеттік органдардың шынайы қажеттілігіне байланысты өткізілмек. Және қазақ тілін білу де міндеттеліп отыр. Өткен іріктеуде мемлекеттік тілге мән берілмеді деген мәселе де талай айтылған болатын. Осыған байланысты саясаттанушы, Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның пікірін білдік. Оған қоса алдыңғы іріктеудің қандай игілігі болғанын сұрап көрдік. – «Мемлекеттік тілге мән берілмеді ме?» деген сұраққа келер болсақ, ол кезде қазақ тіліне қатысты талаптар болды, бірақ нақты қандай болғаны есімде жоқ. Бірақ бұл жолы міндеттеліп жатыр. Меніңше, ол – дұрыс. Себебі ел алдында жүретін азамат болғаннан кейін, мемлекеттік қызметке дайын­далғаннан кейін мұндай талапқа сай болуың керек. Мемлекеттік қызметті «майшелпек» деп ойлайтындар бар. Шын мәнінде, олай емес. Бұл – үлкен жауапкершілік, өзінің талаптары бар. Сондықтан мейлі қазақ болсын, мейлі өзге этностың өкілі болсын, осы жолды таңдады ма, онда қазақ тілін білуге міндетті. Мұны Президент те айт­қан. Яғни, қорытындылап айт­қанда, мемлекеттік тілді білу – артық­шылық та, кемшілік те емес, қара­пайым талап болу керек, – дейді ол. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайыл­ғанова іріктеудің атауы да өзгеруі мүмкін екенін хабарлады. Жоғарыда атап өткендерді сараласақ, түбегейлі өзгеріс байқалмайды. Аты ауысса да, заты сол сыңайлы. Дегенмен тілге қойылатын талап тек қағаз жүзінде қатаңдатылмаса болғаны.

Іріктеу кезеңі қалай өтпек?

Кадр резервіне өтінімдерді қабылдауды көктемнің соңына қарай бастау жоспарланған болатын. Үміткерлердің санына шектеу қойылған жоқ.  Тестілеу және тексеру кезеңі 2021 жылғы маусым мен шілде аралығында өтеді. Эссе жазудың орнына енді жағдаятқа байланысты мәселені шешу кезеңі болады. Ол тамызға жоспарланған. Құзыреттілікті, оның ішінде тілдік құзыреттілікті бағалау – қыркүйек, қазанда өтпек. Ал әңгімелеу қарашаға қалдырылды. Желтоқсанда Президент жанындағы Кадр саясаты жөніндегі ұлттық комис­сияның отырысы ұйым­дастырылады. – Бұл жолы алдымен онлайн тест болады, содан кейін өткен жылдың тәжірибесін ескере отырып, тексеру жүргізіледі. Бүкіл кезеңде аудио тексеру болады. Сонымен қатар іріктеудің бірқатар кезеңдері оффлайн форматта өтеді. Барлық құжаттарды МКК, ІІМ, ҰҚК-ге арнайы тексеруге жібереміз. Тапсырмалар жаңартылады, бір-біріне көмектесе алмайды, – дейді Анар Жайылғанова. Сонымен қатар Мемлекеттік қыз­мет істері агенттігі мемлекеттік қыз­меткерлердің барлық құжат айналымы цифрланатын I-Kyzmet жеке ақпарат­тық платформасын іске қоспақ. Дәл осы базада кадр резервіне іріктеуді ұйымдастыру жоспарланып отыр. Не десек те, бастама жас маман­дарға жоғары мемлекеттік лауазымды қызметтерде жұмыс істеуге үлкен мүмкіндік береді. Қазақ тіліне қойы­латын талаптардың қатаңдатылуы да көңіл қуантады. Тек орындалуында олқылық болмаса болғаны дейміз.

Мадияр ТӨЛЕУ