Зағамбар ауылының тұрғыны,қоғам белсендісіМадина Сабыр 2-3 жылдан бері әлеуметтік желі арқылы ауызсуға қатысты жанайқайын жеткізіп келеді. Бірақ қанша рет жазып, айтып жүрсе де әзірге нәтиже жоқ. «Екі күннен бері түнгі сағат 3 пен 5-тің аралығында ғана су келіп, таңертең жоғалып кетеді. Су құбырлары кеуіп, қаңырап тұр. Осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік күні қарсаңында республикалық БАҚ-тарда зағамбарлықтар 100 пайыз таза сумен қамтылды деген сүйінші хабар тараған. Бұл ақпарат көзбояушылық болып шықты. 360 млн теңгеге орнатылған ұңғымада су жоқ», – дейді Мадина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шенділер судың болмауына тұрғындарды айыпты санайды
Біз осынау мәліметтердің анық-қанығына көз жеткізу үшін алдымен Төлеби аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне барғанбыз. Бөлім меңгерушісі кезекті еңбек демалысына кеткен соң, бұл сұраққа Серғазы Қалдыбаев жауап берді. Серғазы Дәулетбайұлы Зағамбар ауылына таза ауызсу 2018 жылы берілгенін айтады. Сол жылдың желтоқсан айында мердігер компания «Монолит-Дизайн-2030» ЖШС-інен толық қабылдап алынған. Ал оған дейін 2015 жылы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен Зағамбар ауылындағы жерасты су қорын бекіту үшін «ПК «Геотерм» ЖШС геологиялық іздеу-барлау жұмысын жүргізген. Қорытындысында «Оңтүстік жер қойнауы» Оңтүстік Қазақстан өңіраралық Геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің хаттамасына сәйкес №4990 барлау ұңғымасының дебеті тәулігіне 664,2 м3 болып бекітілген. 2018 жылы республикалық бюджет есебінен 360 млн теңге көлемінде қаржы қаралып, Зағамбар ауылына таза ауызсу беру үшін құрылысы жүргізіліп, жыл соңында тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген.
«2015 жылы «ПК «Геотерм» ЖШС тарапынан бекітілген су қоры қажеттілікті толығымен қамтамасыз етеді деп қорытынды берілген. Алайда жобалық шешіммен бұрғыланған ұңғымадағы су дебеті хаттамада көрсетілген мөлшерден бірнеше есе аз. Қазір су қоры тартылып, көлемі мөлшерден аз шығуда. Бұл мәселені шешу үшін Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан қосымша 9 бұлақ көзінен ауызсу құбыры тартылды. Бүгінде Зағамбар елді мекені толық ауызсумен қамтылып отыр. Дегенмен қыстық және жаздық шілде кезеңдерінде бұлақ суларының 20-30 пайызға тартылуына байланысты тұрғындарға ауызсу кестемен беріліп жатыр. Заң аясында мердігер мекеме «Монолит-Дизайн-2030» ЖШС-ін сотқа беру мүмкіндігі жоқ. Себебі мердігер ауызсу құбырына қатысты құрылыс-монтаждау жұмыстарын толық жүргізген. Ал жерасты су көзін анықтау шараларын жүргізген «ПК «Геотерм» ЖШС-ін біз сотқа бере алмаймыз. Оны тапсырыс беруші Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жүзеге асыра алады», – дейді сектор меңгерушісі.
Міне, «сен салар да мен салар» болған тірліктің соңы енді геологиялық зерттеу жүргізген мекемеге тіреліп тұр. Оның да өзінің айтар уәжі табылар. Ал мұндағылар судың тартылып кетуіне құрылыс жүргізген компанияның еш кінәсі жоқ деген тұжырымға келіпті. Ұңғыманы қабылдап алғанда су болған. Бірақ оның бекітілген мөлшердегі тереңдікті толық қазған, қазбағаны әлі белгісіз.
Сонымен, сектор меңгерушісінің айтуынша, бүгінде Зағамбар ауылында су жеткілікті. Тек көлемі аз. Ал тұрғындар бұлақтан емес, ұңғымадан су ішеміз деп бұлқынып отырған секілді.
Сондай-ақ «Леңгір су» мекемесінің инженері Айтпай Тәжібаев бұлақ көздеріндегі судың тартылып жатуына орай барлық жерде су көздерінің азайғанын растайды. «Зағамбар ауылында қазір су бар. Алайда тұрғындар есігінің алдындағы егісті суарып, су көлемін азайтып отыр. Оларға колонкамен суара салған оңай. Жалпы, ауызсу тек ішу үшін пайдаланылуы керек. Сәл газ колонка жанбай, судың қысымы төмендеп қалса шулап кетеді. Егер олар тек ауызсуға пайдаланса, суымыз жетер еді», – дейді су жеткізуші мекеме өкілі.
Ауылға су келгелі проблема басталған
Ал зағамбарлықтар не дейді? Олардың да уәжін тыңдап көрелік. Рас, ауыл шетіне үлкен-үлкен екі ұңғыма қойылыпты. Өкінішке қарай, Мадина айтқандай салынғанына 2 жылдан енді асқан ұңғымалар қаңырап тұр. Одан әріректе сонау 70-жылдары тартылған бірнеше бұлақ көзі бар. Бүгінде құбыр соған жалғаныпты. «30 жыл бұрынғы өміріміз қандай болса, дәл қазір де солай өмір сүріп отырмыз. Мына халық 360 миллионның пайдасын көріп отырған жоқ. Қайта сол кездегі өміріміз дұрыстау еді. Ең болмаса суымыз сағатымен, уақытымен берілетін. Үйреніп қалғандықтан дер кезінде суды толтырып алып отырушы едік. Ол кездерде ауылда ұзын-ұзын 4 көше болған. Қазір 11 көше. 1 000 шақты түтінде 5 000-ға жуық тұрғын бар. 2018 жылы ауылға таза ауызсу келгелі проблема басталды», – дейді ауыл тұрғыны Ерман Майлыбаев.
Бір қызығы, жаңа салынған ұңғымадан 200 метр қашықтықта арнайы қазылып, құбыр орнатылған бұлақ көзінен су шығып тұр. «Бұл сонау 70-жылдары 250 метр тереңдікте қазылып, құбыр қойылып қалып кеткен. Кейін ауылдың балалары әр нәрсемен бекітіп тастаған болатын. Қазір өзінен-өзі су шығып тұр. Демек, су тартылып кетті дегенге сену қиын. Осынша тереңдікте қазса су шығар еді. 5 мамыр күні аудан әкімінің қабылдауында болып, ауылдағы су мәселесін, мердігер компанияның қазуы тиісті орыннан ауытқып кеткенін және мына бұлақ көзін де айтқанмын. Ұңғыманы осы жерден немесе қасынан қазу керегін айттым. Сонда суға жауапты бөлім басшысына мердігер компанияны сотқа беруді тапсырған. Сөйтіп, арнайы өкіл жібертіп, мына шығып тұрған суды да көріп кеткен. Алайда одан бері 1 айдан асып кетті. Тым-тырыс», – дейді ол.
Мал түгілі адам ішетін су жоқ
Ауыл шетінде Бадам өзенінен өтетін ағын су бар екен. Тұрғындар егістікті сонымен суғарады. Ал шілдеде ол су да тоқтап, одан сайын тамшы судың зары өтеді. Ауыл тұрғыны Жандос Аталбеков үйіне су толтыратын бөшке орнатып алыпты. Алайда бір аптадан бері тамшы су ақпапты. Құбыр кеуіп тұр. Жинап алған су да таусылыпты. «Ауылға ауызсу келген соң ескі құбырдың барлығы бұзылған. Болмаса сол көшедегі ескі құбырдан да аздап су алуға болар еді. Қазір кімнің үйіне баратынымызды білмей қалдық», – дейді ол.
Тіпті, колонкадағы ауа есепшотты да айналдырып жіберетінін айтып ашынды ауылдықтар. Ал колонканы ашып қоймаса тағы болмайды. Себебі тамшы судың қай кезде беріліп қалатынын ешкім білмейді.
Міне, зағамбарлықтардың зары – осы. Ал кабинетте отырған биліктің жауабы мүлдем бөлек. Әкімге, жоғары жаққа берілетін жауаптың түрі жаңағыдай. Алайда аудан әкімі Төлеген Телғараев 5 000 тұрғыны судан қақталып отырғанда жағдайды көзбен көрмей, қалай шыдап отыр екен деген ой келеді.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы