Қазір аяқастынан шығынға ұшырап, күйзеліске түспеу үшін барлық мүлікті жылжымалы және жылжымайтын Елді міндеттеу «жыртықты» жамай ма?
Биыл «мүлікті сақтандыру міндеттелуі мүмкін» деген сыбыс шықты. Сондай заң жобасы қарастырылып жатыр екен. Алайда ол заң қолданысқа енсе, сақтандыру компаниялары арқылы рәсімделуі тиіс үй-жайдың төлем мөлшері белгісіз. Тек үйде неғұрлым өрт шығу қаупі жоғары болса, сақтандыру ақысы да соғұрлым көбірек болатыны айтылған. Бірақ Төтенше жағдайлар министрлігінің бұл бастамасы жұрттың көңілінен шықпады. «Онсыз да салық төлейсің, отын да, тамақ та қымбат. Жұмыс жоқ. Жасымыз зейнетке жетпеген, балалардың жалақысына қарап отырмыз. Олардың жалақылары өте төмен. Немерелеріміз бар. Сондықтан ол заңға қарсымыз», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Раушан Әпендина. Елдің сенімі сол қалтаға түсетін салмақтан бұрын, жалпы сақтандыру жүйесінің өзіне аздау болып тұр. Неге десеңіз, баспанасы өртенсе, оған түрлі сараптама жасатып, миллиондаған ақшаны бірден бере салуы неғайбіл сақтандыру компаниясының алдында кінә өзінен емес екенін дәлелдеп шығуы шарт. Ал онсыз да тұрмыс тауқыметін тартып жүрген адамға ол оңай шаруа емес. Қаржы мамандары болса, бұл мәселені «бюджет жыртығын жамаудың амалы» деседі. Төтенше жағдайлар саласына қаражат жетіспегендіктен, министрлік оның есесін сақтандыру арқылы алғысы келеді-міс. «Қызметкерлердің жалақысы мен төтенше жағдай саласына қажет қаражатты елдегі бүкіл баспана санына бөле салады. Сөйтіп, есебін шығаруы мүмкін. Тек ә дегеннен елдің наразылығын тудырмас үшін аз мөлшерде қоюы ықтимал. Дегенмен мемлекеттің әлі нақты жоспары жоқ сияқты», – дейді қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов. Ал биліктегілердің уәжіне сүйенсек, дамыған елдерде бәрі сақтандырылады. Сондықтан жалпы оны міндеттеген дұрыс көрінеді.Ірі қара үшін ілкімді жоба сияқты
2020 жылға дейін төрт түлік тек мүлік ретінде есептелгендіктен, оны сақтандыру фермерлерге ұнай қоймаған еді. Малдары жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақтандыру төленетін. Сол себепті олардың дені бұл қызметті керек етпеді. Амал жоқ, сосын шетелдік сақтандыру компанияларына Қазақстанның агроөнеркәсіп саласына арнап, «ірі қараны сақтандыру» шартын әзірлеуге тура келді. Мысалы, Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы қазір елімізде 212 мыңнан астам шаруа қожалығы бар екенін алға тартып отыр. Оның 50 мыңға жуығы мал өсіріп, бордақылаумен айналысады десек, енді жаңа шарт бойынша ірі қараны аурулардан және басқа да қауіп-қатерден сақтандыра алатын жағдайға жеттік. Агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру саласының операторы – «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ. «Біз жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу фермерлерге тәуекелдерден қорғануға, жобаларды қаржыландыратын компанияларға салған қаражаттарын қорғауға мүмкіндік береді деп есептейміз», – дейді қордың басқарушы директоры Асқар Қалиев. Ол айтып отырған тәуекелдер қатарына негізінен инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы кіреді. Бұл ретте мал шаруашылығындағы сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Нақты айтқанда, сақтандыру шартын жасасқан соң сақтандыру сыйақысы сомасының 50 пайызын фермер, қалған 50 пайызын мемлекет төлейді. Асқар Қалиевтің айтуынша, осы мақсатқа биыл республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінген. Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтің айтуынша, бізге енді жетіп жатқанмен, бұл – әлем елдерінде бұрыннан бар тәжірибе. «Қауіп-қатер мен індеттен сақтандырудың болмауы себепті, біз осы уақытқа дейін мал бағатын фермерлердің санын біршама азайтып алдық. 50 мыңға да жетпейді. Мысалы, 2016 жылы Аустралиядан әрқайсысы 3 мың доллар тұратын асылтұқымды сиырларды елге әкелеміз деп жүріп, өлтіріп алдық. Фермерлер шығынға батты. Сақтандырудың осы түрінің қажеті сол кезде сөз болған еді», – дейді ол. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қазір мал шаруашылығы саласында 2 117 бас ірі қараның сақтандырылғанын жеткізді. Бірақ бұл ведомствода әлі күнге дейін жыл сайын түрлі ауру мен өзге де қауіп-қатерден қанша малдың өлгені туралы нақты деректер базасы жоқ. Салдарынан фермерлердің шығыны да қисапсыз болып тұр.Құрғақшылық қаупі егінге де төніп тұр
ТЖМ жылжымайтын мүлікті сақтандыруды міндеттегісі келсе, 2020 жылдың басынан бері жекелеген өңірлерде ауыл шаруашылығы дақылдары мен ірі қараны ерікті агросақтандыру механизмі жұмыс істеп тұр. Соның арқасында мал және өсімдік шаруашылығы саласындағы құрғақшылықтан және артық ылғалдың салдарынан сақтандыру өнімдерін субсидиялау қағидалары бекітілген. Бұрын сақтандыру төлемдері субсидияланса, енді сақтандыру сыйақылары субсидиялануда. Сондықтан жауапкершілік ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздеріне жүктеліп отыр. Олар егіс алқаптарын ылғалдың жетіспеушілігінен биыл 15 сәуірге дейін онлайн режимде сақтандырды. Тағы бір айта кетер жайт, қазір сақтандыру жағдайы туындаған фактіні спутниктік деректерге сүйене отырып, ақпараттық жүйе айқындайтын болған. Ол тәсіл сақтандыру төлемдері механизмінің ашықтығын қамтамасыз етеді деген сенімге ие. Одан бөлек, биыл Маңғыстау облысы мен Қызылорданың Арал ауданында қуаңшылық болғаны белгілі. Ал ауыл шаруашылығының сарапшылары ол екі жер ғана емес, көктемнің соңы мен жаз айының басында еліміздің көптеген өңірінде құрғақшылық болатынын болжаған еді. Топырақ ылғалы жетіспеушілігінен еккен егіннің тез көтерілуіне кедергі болу қаупі бар әлі. «Өткен жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндіретін 56 мекеме егіс алқабын құрғақшылықтан сақтандырған. Фермерлер алған сақтандыру төлемі 535 миллион теңге болды. Ал биыл агросақтандыру шығындарын субсидиялауға 3,3 миллиард теңге бөлу жоспарланды», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Асқар Қалиев. Оның айтуынша, ылғал тапшылығынан сақтандыру 3 кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең – 15 мамырдан 14 маусымға дейінгі, екінші кезең – 15 маусымнан 14 шілдеге дейінгі және үшінші кезең – 15 шілдеден 14 тамызға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл ретте алқаптарды қандай кезеңдер бойынша сақтандыратынын фермерлердің өздері таңдайды. Сақтандыру сомасын есептегенде де егіс алқабының бір гектарына 40-80 мың теңге аралығындағы көрсеткіштің қаншасын жұмсайтынын өздері анықтайды. Қысқасы, сақтандыру нарығы кеңейіп келеді. Тек оның ерікті сипатынан гөрі міндетті түрі көбейетін сыңайлы.Еркеғали БЕЙСЕН