Баға, қайда барасың?
Баға, қайда барасың?
157
оқылды

Базардағы Бағаны ұстап тұрудың амалы қандай?

Базардағы саудагерлер мұндай бағаны бұрын-соңды көрмегенін айтады. Мәселен, бір жылдың ішінде өсімдік майының бағасы 2 мың теңгеге  қымбаттаған. Яғни, сауда орындарында  5 литр өсімдік майының құны – 4 200 теңге. Осылайша, елімізде жыл басы­нан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 6,3 пайызға қымбат­таған. Мысалы, картоп 138%-ға, сәбіз 145%-ға, өсімдік майы 116%-ға, пияз 110%-ға, қант 109%-ға, қарақұмық  бағасы 107%-ға көтерілген. 10 маусым күні өткен Үкі­мет оты­рысын­да Сауда және интеграция ми­нистрі Бақыт Сұл­танов өсімнің себебін тәп­тіштеп түсіндірді. Ол мұның себебін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқару органдары жыл сайын қайталанатын құбылыспен тиісінше күреспегенінен іздейді. Мәселен,  елі­міз­де қазір тапшы картоптың 19 пайызы экспортталады. Өндіріс болса 1,9 млн тоннаны құрайды. Министрдің айтуын­ша, өткен жылы 360 мың тонна картоп экспортқа шығарылған. Одан бөлек, маусымаралық кезеңде картопты им­порттау да мәселе тудырып отыр. Осы тұста былтыр баға неге мұнша қымбаттамағаны жа­йын­да сұрақ тұрар. Жауабы біреу – былтыр картоп экс­портына тыйым салғаннан баға тұрақ­тан­ған. Ал биыл картопты төмен баға­мен экспортқа шы­ғарғаннан өнім қоры азайған. Олқылықтың орнын толтыру үшін Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна картоп импорт­тал­ған. Байқап қарасақ, импорт­талған тауар бағасы отандық  өнімнен үш есе қымбат. «Жергілікті әкімдіктер ішкі нарық­тағы картоп сұранысын қамта­масыз ете алмай отыр. Тұрақ­тан­дыру қорлары да өнімнің жеткілікті қорын сатып алма­ған. Сәбіз бойынша жағдай одан да күр­делі. Өткен жылмен салыстырғанда өнім қоры 5,3 пайызға азайған», – дейді ми­нистр.

Сонда бағаны тұрақтандыру қоры «жемқор» ма?

Шенеуніктер бұл жолы да өндіріс көлемін ұлғайтуға қара­ғанда қазына ақшасын жұмсау­ды таңдады. Айталық, бұған дейін күнделікті тұтынатын өнім бағасын тұрақтандыруға 32 млрд теңге бөлінген.  Үкімет биыл да бағаны тұрақ­тандыру үшін арнайы қорларды толық­тыруға субсидия көлемін ұлғай­туды жоспарлап отыр. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов бағаны тұрақтандыру 50 млрд теңгеге көтерілетінін, моно­полия­мен күрес жұмысының жүріп жатқанын мәлімдеді. Шекті баға енгізу мен мемо­рандумдар жасалып жатқанын хабарлады.  Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін арнайы 24 көтерме тарату орталығын салу жоспарда бар екен. Ал экономист Сапарбай Жобаевтың  айтуынша, себепті елімізде өнімді қайта өңдейтін зауыттардың азынан іздеудің қажеті жоқ. Бұған себеп бола­тын жағдай жетерлік. Мысалы, азық-түлік бағасы қымбат­тауының объективті және субъ­ек­тивті себебі бар. Негізгісі, өндіріп жатқан өнімнің, азық-түліктің өзіндік құнының кө­беюі. Мәселен, нан не сүт өн­дір­сек те, соған кететін мате­риал­дар, еңбекақы, коммунал­ды төлемдер бағасының өсуі себеп. Яғни, елімізде жыл сайын 6-7 пайыздық инфляция бар. Сол үшін азық-түлік баға­сының 6-7 пайызға өсуі қалып­ты жағдай. Екінші­ден, кейде бағаның өзгеруіне маусымдық жағдай әсер етеді. «Әрбір облыстық әкімдік­терде осындай маусымаралық бағаның кө­терілуіне жол бермеу үшін алдын алу қорлары бар. Яғни, 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің қорын жинауға бюджеттен ақша бөлінген. Бірақ біздегі қордың жұмысына көп жерде көңіл толмайды. Ашық айтар болсақ, жемқорлық, бас пайдасын халықтың мүддесінен жоғары қою бар. Сонымен қатар шетелде бағаның өсуі әсер етеді. Мәселен, бұған бензин, транспорт бағасы әсер етеді. Мысалы, өсімдік майы. Өнімді бізде де өндіреді, шетелден де алады. Ал өсімдік майының әлемдік бағасының өзі 40-50 пайызға өсіп кетті. Нәтижесінде, бізде де өсімдік майы­ның бағасы өсті. Сондық­тан мәселенің бәрі өнімді қайта өңдеу зауыттардың аздығында емес», – дейді экономист.

Өсім жыл соңына дейін жалғаса ма?

Мәліметтерге сүйенсек, қымбат­таған тағамдардың қатарында көкөніс, ұн, сиыр еті, шай, жұмыртқа, күнбағыс майы бар. Мамырда баға айтарлықтай өскен. Жалпы алғанда, тамақ өнімдері бір жылда 10 пайызға қымбаттаған. Сондай-ақ экономист Сапарбай Жобаевтың айтуын­ша,  жыл соңына дейін картоп, сәбіз және басқа көкөніс пен жеміс бағасының өсімі өнім өндіру көлеміне байланысты. Бірақ сәбіз, картоп бағасы біраз төмендеп, тұрақтанады. Екін­ші­ден, ет, сүт, жұмыртқа бағасы инфляция деңгейінде өседі. Ал өсімдік майы бағасы осы қа­лыпта тұрады.Егер бен­зин бағасын 5-9 % өссе, басқа бағалар да өседі. Айлық және зейнетақы қоры қаржысын қолдану өскен сайын барлық баға өседі. Тұрғын үй бағасымен қоса басқа бағалар өседі. Жоғарыда айтқанымыздай, Сауда және интеграция минис­трлігі азық-түліктің қымбат­тауын қоймадағы қордың тау­сылуы­мен түсіндіреді. Олардың сөзінше, жақында оңтүстікте өскен өнімдер нарыққа шығып, баға барынша тұрақталады. Ал бұған көптің сенгісі жоқ. Өйткені жұрт ин­фляция көлемі артып, жағдай қиындай берсе, нан сатып ала алмай қаламыз ба деп алаң­дайды. Байқасаңыз, өткен жылы 80-90 теңгеге сатылған нан биыл 120 теңгеге бір-ақ көтерілді. Дүкен сөре­сіндегі батон нанның бағасы 200 теңге. Шынында да, баға, қайда бара­сың?

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ