Қанша ауылдың «болашағы» жоқ?
Қанша ауылдың «болашағы» жоқ?
844
оқылды

«Жекешелендіру салдары – жұмыссыздық

Жалпы, қазір Қазақстанда 6 322 ауылда 7,7 миллион адам тұ­рады. Бұл ретте урбанизация қар­қынына байланысты соңғы жыл­дары ауыл халқының үлесі тө­мендеп кеткен. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылға қарай ел халқының жалпы саны 20 мил­лион­ға жетеді деп болжап отыр. Бірақ ауыл халқы­ның саны іс жү­зінде қазіргі 41 пайыздан 38 па­йыз­ға дейін құл­дырайтын көрі­неді. «ҚР Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң­ның 8 және 11-бабының 3-тар­ма­ғына сәйкес, облыстық өкілдік және атқарушы органдар халық саны 50 адамнан кем елді мекендер­ді «болашағы жоқ» деп танып, ше­тінен тарату жұ­мысын жалғастыра түспек. Бұл – ұлан-байтақ жері­міз­дің көп бө­лігі тусыраған қу мекенге ай­налады деген сөз. Айта кетсек, нәтижелі жұмыс­пен қамтуды және жаппай кәсіп­кер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасы бекітілген. Соған орай Үкімет «еңбек ресурс­та­рының ұтқырлығын арттыру» деген желеумен экономикалық да­му әлеуеті төмен ауыл тұрғын­да­рын облыстық, аудандық маңызы бар қалаларға, экономикалық өсу нүктелеріне көшіруді көздеп отыр. Себебі кезінде дүркіреп тұрған шалғайдағы ауылдарда қазір тір­шілік нышаны байқалмайды. Көбінде клуб, балабақша, дүкен, медициналық пункттің қаңыраған қабырғалары мен төбешік орны ғана қалған. Ал тұрғындарға керегі жол мен жұмыс десек, ауылды ұстап тұрған жалғыз мектептен басқа екі қолға бір күрек болар басқа нысан да жоқ. Онсыз да қазір «болашағы жоқ» деп танылған елді мекендерде оқушыдан мұғалім көп. Сондай-ақ Кеңес Үкіметі ке­зінде өрісінде мыңғырған төрт түлігі өрген өңірлерде «тышқақ лақ» бағатын жастардың қалмағаны әмбеге аян. Мысалы, бүгінде елі­міздегі аграрлық салаға 2 500 маман жетіспейді екен. Ал ауыл шаруашы­лығы саласы бойынша білім алған 5 мың жастың дені шалғайдағы инфрақұрылымы жоқ ауылда жұмыс істеуге құмбыл емес. Одан гөрі қала, аудан орталықтарының интернетін игеріп, малдың жайы­лымын үйде дронмен қадағалап отырғанды құп көреді. Ұлттық экономика министрлігі болса, ең алдымен ауылдың жұмыс орны емес, демографиялық жағдайы есепке алынатынын алға тартты. «Бұған дейін тұрғындардың бо­нитет балы да жоғары, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары да бар ауылды тастап көшкен талай мы­салы болды. Ондай ауылдарға көп қаржы жұмсаудың қажеті қанша? Сондықтан ең басты көрсеткіш – демография!» деген болатын экс-министр Руслан Дәленов былтырғы Үкімет отырысында. Ал журналист, блогер Өркен Кенжебектің ай­туынша, қазақтың арман қуып қалаға ауысуы тек қана мүмкіндік емес, қатер. «Әлеуметтік және сая­си қауіп-қатер. Себебі қалаға кел­ген қазақтың әлеуметтік мүм­кіндіктері шектеулі. Көбін күтіп тұрған жұмыс жоқ, қара жұмысқа салынады. Ал оның ақысы аз, пәтер жалдауға жетпейді. Осындай күйбең. Перспектива көрмеген соң ашынады. Сондықтан мұны түбіне түсіп, зерделеу керек», – дейді ол. Демек, ауыл жерлері бұлай жыл сайын бос қала берсе, қалалардың мәселесі де ушыға түсетіні сөзсіз. Өйткені ішкі нарықтың басым бөлігін ауыл шаруашылығы өнімі­мен қамтамасыз етіп, экспортқа да елеулі үлес қосып отырған мекен­дердің бәрінің болашағы бар. Өрісі кең өңірлер картасына кейінгі 20 жылда «болашағы жоқ» деген қара таңба салып қоюдың өзі қисынсыз.

Тағы талай мекенді құртпақпыз

Сонымен, «болашағы жоқ ауыл­дардың» басым көпшілігі Қы­зылорда, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында болып тұр. 2012-2019 жылдар аралығында сондай 500-ге жуық ауыл жойылған. Ал қазір ауылдың 3 477-сі ғана «келешекте даму әлеуеті бар» деп танылса, қалған 2761-і 1 миллионға жуық тұрғындарының аузындағы тәтті естелік болып қала бермек. Дерекке сүйенсек, соңғы 5 жылда СҚО-да 635 ауылдың 38-і жойылды. Ал 2000 жылдан бері өңірде 118 ауыл иесіз қалған. Биыл тағы 112-сі есептен шығарылу алдында тұр. Тіпті, жалғыз тұрғыны қалған 3 ауыл бар. [caption id="attachment_145237" align="alignnone" width="1193"]инфографика ауыл © инфографика: Елдар Қаба[/caption] Бұл солтүстік өңірдің ауылда­рына ғана тән жағдай емес. ШҚО-ның Қытаймен шекаралас аймақ­тарындағы елді мекендер де осы күйді бастан кешіп отыр. Былтыр облыс әкімдігінің қаулысы мен мәслихаттың шешімі бойынша, Зайсан ауданының Сарытерек ауылдық округіндегі Жаңабаз ауылы Көгедай ауылына, Айна­бұлақ ауылдық округіндегі Талды, Сарытұмсық ауылдары Айнабұлақ ауылына, Кеңсай ауылдық окру­гінің Саршы ауылы Кеңсай ауы­лына қосылды. Сондай-ақ Семей­дегі тұрғын саны аз Караөлең, Социалистік Қазақстан ауылдары жабылып тынды. Бұл ретте «иесіз жердің жау шақыратынын ескер­сек», шекаралас ауылдардың бос қалуы ұлттық қауіпсіздік тұрғысы­нан да өзекті. Өкінішке қарай, сол жойылған ауылдардың алдын алу бағытында ешқандай жұмыстар жүргізілмеген. Ал көршілес Ресейде «болашағы жоқ ауыл» деген ұғым жоқ. Себебі орыс билігі демогра­фия­лық карта арқылы өзге елден көшіп келіп жатқандарды шекараға жақын, тұрғыны аз өңірлерге апа­рып орналастырады. «Осы «бо­лашағы жоқ» деген қара таңбаны ойлап тапқан кім екен? Ауылды өркендетуге миллиардтаған қаржы қарастырылып, бөлініп, игеріліп жатыр дейміз. Ендеше ауыл неге аяқ астынан «болашағы жоқ» болып қалды? Бөлінген миллиард­таған қаржыға не салынды, неге әлі күнге жол жоқ, таза ауызсу толық жеткізілмеген? Миллиардтың ізі қайда? Адам өмірінің негізгі проб­лемасы – жол мен су. Осы екеуі қолға алынып, шешімін тапса, ауыл өмірінің тіршілігі жүдемейді, өшпейді. Басқа елдердің қатарында өсіп, болашағын жоймайды. Мем­лекет ауылға бөлінетін қаража­тын нақ осы екеуін шешуге бағыттауы керек. Біздің мемлекеттің мүмкін­дігі бұған әбден жетеді деп ойлай­мын. Ал «болашағы жоқ» дегенді желпілдете берсе, әрине көп ауыл­дың көрі қазулы. Бұл – ауылды жою деген сөз. Ол қиын емес, бірақ жалпы елдің болашағын ойлаған мемлекет оған бармауы керек», – дейді ауыл шаруашылығының құр­метті ардагері Болат Сағындықов. Сонымен қатар 2020 жылы БҚО-да тағы 4 ауылдың жойыла­тыны белгілі болса, 2019 жылы Ақ­мола облысында 12 ауыл жабыл­ған. Бір жылда ақмолалық ауыл тұрғындарының 8 675-і қалаға қо­ныс аударыпты. Соның салдарынан облыстық прокуратураның тексері­сінен кейін 1 миллион 500 мың гектар жердің бос жатқаны анық­талды. Атбасар, Егіндікөл, Ерей­ментау, Жақсы, Қорғалжын, Це­линоград аудандарында жабылған, әлі де жабылуға шақ тұрған елді мекендер баршылық. Сондай-ақ табиғаты тамылжыған Бурабай ауданына қарасты Крупская ауылы жойылса, Ұялы ауылында 7-ақ үй қалған. Сондай-ақ қазір Зеренді ауданына қарасты Ақтас, Қызыл­қайнар, Заречный, ХVІІ партсъезд ауылдары жоқ десек, Қостомардың 200 үйінен 50-ге жуығы, Қара­шіліктің он шақты үйі қалған. Қостанай облысының әкімдігі де өңірде «болашағы жоқ» 598 ауыл бар екенін мәлімдеді. Оның ішінде кезінде үйір-үйір жылқы, отар-отар қой, табын-табын сиыр баққан 380 үйден 50-ден астамы ғана қалған, мемлекет қорғауындағы тарихи жәдігерге бай, қойнауы алтын, бор сынды қазынаға толы Екідің елді мекені де бар. Сондай-ақ Наурызым ауданында халық саны 500 адамға кеміп, 2 ауылы жабылған. Онда бұрын жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсірген Өлеңді жұрты да соңғы 10 жылда екі есе азайған. Жергілікті орта мектепте кезінде 500 бала оқыса, қазір 9 жылдық болып қалған білім ордасында небәрі 56 оқушы қалыпты.

Мектеп құны – 1 теңге!

«Мектеп» демекші, соңғы 5 жылда Қазақстан ауылдарында 260-тан астам мектеп жабылған. Ол туралы «Атамекен» ҰКП төрағасы Абылай Мырзахметов айтты. Ал соңғы 20 жылда жоғарыда аталған СҚО-да 302 мектеп жабылып, бас­тауыш және орта мектепте оқи­тындар саны 8 мыңға азайған. Енді мектеп ғимараттары аукционға қойылып, 1 теңгеге сатылып жа­тыр. Иә, 1 теңгеге! Өйткені ол жер­лерде оқитын ешкім жоқ. Жергі­лік­ті өзге ұлт өкілдері жаппай та­рихи Отанына, қазақ жастары қалаға қоныс аударып, ауылда тек қарттар қалған. Сонымен, СҚО Жамбыл ауданына қарасты Үлгі ауылында қазір 18 адам ғана тұрады. Осыдан 10 жыл бұрын 235 тұрғыны болса, тұрмысы тәуір жылдары ондағы халық саны 400 адамнан асқан. Ауыл мектебін бағалаушылар ең қарапайым стандарттар бойынша есептегенде, кем дегенде 3,7 мил­лион теңге болады деп шешкен. Бірақ биліктің берекесіздігі салда­рынан шошайып жалғыз қалған ғимаратты жұрт неғылсын?! Енді сарапшылар «аукцион шарты бо­йынша сауда-саттық тым төмен­деген жағдайда мектепті 1 теңгеге сатып алуға болады» деген ұйға­рым­ға келіп отыр. Соның өзінде 1 тең­­гесін қиятын ешкім табыл­мады. Сол ауданға қарасты 372 адам­нан 13-і ғана қалған Рождественка ауылында да екі қабатты, ауданы 1 264 шаршы метр үлкен мектеп сатылымға шығарылды. Оның да сметалық құны 9,4 миллион теңге болғанмен, ең төмені 1 теңгеге баға­ланды. Сонымен қатар 20 жыл бұрын 260 тұрғыны болып, 2018 жылы жойылған Ақбалық ауылын­дағы аумағы 562 шаршы метр мектептің бастапқы бағасы – 1,7 миллион теңге. Ал Есіл ауданының Новоузен­ка ауылында аумағы 3 327 шаршы метр болатын үш қабатты мектептің сметалық құны – 27,2 миллион теңге. Ол мектеп салынған 1983 жылы ауылда 950 адам болса, қазір 30 тұрғыны қалған. Қысқасы, бұл екі мектеп те 1 теңгеге өтпей жатыр. Облыс басшылығының мәлі­метінше, түрлі этнос өкілдері өңір­ден тарихи Отанына жылына 10-15 мың адамға дейін көшіп кеткен. «Мек­тептердің есігіне құ­лып са­лынды. Ауылдар да жабылып жа­тыр. Қазір облыста 300-ден астам болашағы бар ауыл қалған», – дейді СҚО әкімдігі.

Еркеғали БЕЙСЕН