Еліміздегі Жаны ашымастың қасында...
Не үшін? Бұл сұрақтың жауабын қоныс аударушылармен тілдескен кезде таптық. Қызылорда облысынан 2019 жылы Айыртау ауданына қоныс аударған Гүлнәрдің әңгімесіне құлақ түрсек, бір жарым жылдың ішінде олардың отбасына ешқандай жағдай жасалмапты. «Оңтүстіктегі 170 мың теңге еңбекақымды, өз бизнесімді, 300 мың теңге табысымды тастап, Саумалкөлге көшіп келсем, дәл сондай табыс таба аламын ба?» деген сұрағына аспаннан құймақ жаудырған жергілікті шенеуніктер жеме-жемге келгенде жібі түзу жұмыс та тауып бере алмаған. Аудандық мәдениет үйінде хореограф болып жұмыс істеген Гүлнәрдің 100 000 теңге еңбекақысының жартысы пәтер жалдауға жұмсалған. 6 жан болып көшіп келген көпбалалы отбасының жалғыз табысы сол болған соң жолдасы бүгінде Нұр-Сұлтан қаласынан жұмыс іздеуге мәжбүр. Інісінің де көрген күні сол. Ақырында Гүлнәр бұл жұмысты тастап, Қызылордадан бір-ақ шыққан. Қазір балалары демалыста болғандықтан, уақытша сол жақта табысы жоғары жұмыс істеп жүр. Қоныс аударушыларға үй берілетініне қарамастан, Саумалкөлде неге пәтер жалдады дегенге келсек, оларға арналып салынған үйдің құрылысы толық аяқталмапты. Ит байласа, тұрғысыз айдаладағы үйден гөрі олар мектептің жанынан пәтер жалдағанды жөн көрген. Өйткені бағдарлама бойынша салынған үйлер ауылдың қиыр шетінде орналасқан әрі ол жерге не жол салынбаған, не дұрыс жарық та тартылмаған. Оның үстіне, жарық тартудағы олқылықтардың кесірінен үнемі жарық өшіп, қараңғыда күнелтуге мәжбүр болған. «Су үйдің ішінде болады» деп уәде бергенімен, атымен жоқ. Санитарлық торап тартылмаған. Ол-ол ма, тіпті үйдің құрылысы да аяқталмапты. «Әне-міне жұмыс тауып береміз, көктемде үйдің құрылысын аяқтаймыз деді. Ақырында түк те жоқ. 27 жыл бойы колледжде мұғалім болған ініме: «ауданда 3 колледж бар, содан жұмыс тауып береміз» деген мамандар оған бір жерде экономист болуды ұсынды. Ондай жұмыс қолынан келмейтін болған соң келіспеп еді, өзін кінәлі етіп шығарды» деп ағынан жарылды көңілі қалған келіншек. Ал Қызылжар ауданындағы Чапаев ауылында тұратын Жанат есімді жігіт қыс бойы құрылысы аяқталмаған үйде тұруға мәжбүр болған. Жаңадан салынған үйлердің суық болғаны сондай, қоныс аударушылар сыртқы киімін шешпестен, пальтомен ұйықтапты. Есік-терезелеріне 5 сантимердей мұз қатқан. Ол шенеуніктердің немқұрайдылығына қатты күйінеді. «Көктемде күн жылынған соң жөндейміз» деп шығарып салған әкім-қаралар ағайындарымыздың қыстан қалай шығатынына жаны ашымаса керек. Күнде комиссия келгенімен, өзгерген ештеңе жоқ. Әрі көктем шыққан соң да шала салынған үйлерді жөндеуге ешкімнің желкесі жар бере қоймапты. Тек Президенттің тапсырмасынан кейін ғана жұмысқа кірісе бастаған екен. Қазір жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, Жанат отбасымен көршісінің үйінде тұрады. Алдағы уақытта ауылдағы басқа мәселелер де шешіледі деген үмітте. 2019 жылы Арыс қаласындағы апаттан соң Қызылжар өңіріне көшіп келген Серік Әлтаевтың айтуынша, қоныс аударушылардың мәселесі Президенттің құлағына жеткеннен кейін қазір барлық жерде жаппай жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. «Бұған дейін біздің көтерген мәселелерімізге бәрі немқұрайды қарап келген еді. Адамның жағдайын ойлаған жоқ. Енді Президенттің құлағына жеткен соң өздері келіп, кем-кетіктерді жазып алып, жұмыс істей бастады», – дейді Серік Өтебайұлы.Іс насырға шапқан соң ғана қозғалды
Айыртау аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Нұрболат Галимовтың айтуынша, қазір Саумалкөлдегі үйлерге су тартылып жатыр. Ол үшін үй иелері ақша төлеуі тиіс екен, бірақ соған қарамастан, Нұрболат Мергенұлының сөзіне сенсек, үйлерге су тегін кіргізіліп жатқан көрінеді. Шілде айында септик орнатылмақ. Жол да жөнделіпті. «2019 жылы салынған 32 үйдің 28-інде қазір қоныс аударушылар тұрып жатыр. Былтыр бой көтерген 53 үйдің 23-інде адамдар бар, қалғандарына биыл орналастырамыз. 2 жылдың ішінде біздің ауданнан екі отбасы ғана көшіп кетті» деп есеп берді. Ал еңбекақыға қатысты біздің өңірде жалақы аз екенін айтып ақталып, 80-90 мың теңгенің жұмысын ғана ұсына алатынын жеткізді. «Өзім директор бола тұра, алатыным 120 мың теңге, олардың 300-400 мың теңге жалақы туралы сұранысын біз қанағаттандыра алмаймыз», – деді ол. Айта кету керек, биыл қоныс аударушыларға бөлінетін квота саны едәуір көбейді. Биылдың өзінде Қызылжар өңірі оңтүстіктен 2 500-ден астам адам немесе 700-ден астам отбасын қабылдамақшы. Соның 162-сі, яғни 500-ден астам адам осы күнге дейін қоныстойын тойлап үлгерді. Салыстырмалы түрде айтсақ, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, былтыр бұл өңірге 590 отбасы немесе 1 765 адам қоныс аударып, өңірлік квотаға енгізілген болатын. Оларға барлық тиісті жәрдемақы, көшуге және тұрғын үй жалдауға немесе сатып алуға, бір жыл бойы коммуналдық төлемақыға арналған субсидия төленді. Олар негізінен Түркістан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан көшіп келді. Тіпті, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларын тастап, Қызылжар өңіріне қоныс тепкендер де баршылық. Бағдарламаның көздегені тұрғындарды жұмыспен қамту екені белгілі. Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының баспасөз хатшысы Назерке Тасқұлованың айтуынша, былтыр 540, биыл 109 жұмысқа жарамды адамның екі қолына бір күрек табылды, ал 160 адам өз кәсібімен айналысуды жөн көрген екен. Оңтүстіктен келген ағайынға облыста ұсынылатын бір мыңнан астам жұмыс орны бар көрінеді. Өңірде, әсіресе мал дәрігерлері, агрономдар, мұғалімдер, дәрігерлер, зоотехниктер, жүргізушілер және механизаторлар тапшы. Сондай-ақ құрылысшы мамандығына да сұраныс көп. Жаңа мамандық меңгеруге ниет білдірген адамға бюджет қаражаты есебінен қайта даярлау курсынан өту мүмкіндігі қарастырылған. Жеке ісімен айналысамын деушілерге жер телімдерін беруге, несие ресімдеуге мүмкіндік бар.Биылғы меже – 2 мың баспана
Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес, қоныс аударушыларға арнап биыл екі мыңнан астам баспана бой көтермек. Қоныс аудару бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 691,7 млн теңге, соның ішінде көшу субсидиясын төлеуге 252,9 млн теңге, баспана жалдау шығындарына 353,5 млн теңге, жұмыс берушілердің субсидиясына 85,3 млн теңге қарастырылған. Айта кету керек, қоныс аудару субсидиясы биыл мамырдан бастап екі есеге ұлғайтылды. Бұған дейін 35 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жәрдемақы төленіп келсе, енді оның көлемі 70 айлық есептік көрсеткішке жеткізілді. Бұл дегеніңіз –204 мың теңге. Тағы бір өзгеріс: бұрын қоныс аударушылар бір жылдан соң ғана келген жағына қайта көшіп кетсе, мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылай көмекті қайтармайтын, биылдан бастап 5 жыл тұрақтамаған адам мемлекеттің көмегін қайтарып беруі тиіс. Мұндай шаралардың не себепті қолға алынғаны түсінікті. Себебі бағдарлама қолға жаңа алынған кезде берілген барлық жәрдемақыны қалталарына басып, кетіп қалушылар көп еді. Мұндай үрдісті саябырсыту үшін осындай амал ойлап табылса керек. 2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келген 22 отбасы, яғни 77 адам қайтадан кетіп қалған болатын. Бір жылға да шыдамай көшіп кеткендер алған жәрдемақыларын өз еркімен қайтарды. Былтыр келгендердің қаншасы тұрақтағанын жылдың соңындағы мониторинг көрсетеді. Серік Әлтаевтың ойынша, бұл – қалыпты жағдай. «Тіпті, Шымкент қаласына маңайдағы ауылдардан көшіп келгендер де сіңісе алмай, қайтадан кетіп жатады. 100 пайыз сіңісу мүмкін емес. Дегенмен соңғы кезде отандастарымыздың тек 5-10 пайызы ғана оңтүстікке кетіп жатыр. Бұл – жақсы көрсеткіш», – дейді Серік Өтебайұлы. Бүгінде 15 шақты белсенді қатарында бағдарламаны насихаттау жұмысымен айналысып жүрген азамат қайта көшуге ниет білдіргендерді райынан қайтару үшін тамырын басып көргенге ұқсайды. Бірақ «моральдық тұрғыдан олардың ойын өзгерту мүмкін емес» деген қорытындыға келген. Оңтүстіктен келген ағайынның кері көшуі өз алдына, бүгінде облыстың тұрақты тұрғындарының да басқа жаққа көшуі азаймай отыр. Облыстық Статистика департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері 2 000-нан астам адам қоныс аударыпты. Ал облысқа көшіп келушілер саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, керісінше 17,3 пайызға азайған. Эмигранттардың басым бөлігі (99,7 пайызы) Ресейге барып тұрақтаған. Өкініштісі сол өңірімізден жұмысқа қабілетті, білікті мамандар кетіп жатыр.Мектеп түлектері көрші елде білім сапасы жоғары деп санағандықтан, Ресейге барып оқығанды жөн көреді. Олардың соңынан кетіп жатқан ата-аналары қаншама?! Айтуларынша, Ресейде зейнеткерлерге көрсетілетін қолдау көп, денсаулық сақтау саласы жақсы дамыған, емханаларда Денсаулық күні өткізіліп тұрады, тегін тексерілуге мүмкіндік бар-мыс. Осындай және өзге де себептерге байланысты солтүстікқазақстандықтар саны азаюда. Тағы да статистиканы сөйлетсек, 2021 жылғы 1 сәуірде облыстағы халық саны 542,5 мың адамды құрады. Әрине, көші-қонның оң сальдосын қалыптастыру үшін облыста атқарылып жатқан шаралар да жоқ емес. Бірақ олардың нәтижесі қандай боларын уақыт көрсетеді.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы