Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
"Еліміздегі барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Денсаулық сақтау жүйесі қашан да еліміз үшін ең негізгі салалардың бірі. Әсіресе, пандемия басталғалы бері денсаулықтың қадірін бұрынғыдан да артығырақ түсініп жатырмыз. Осы кезеңде ақ халатты абзал жандардың қоғамдағы орны мен атқаратын рөлі қаншалықты маңызды екеніне анық көз жеткіздік.
Жұма күні елордамызда індетпен күрес жұмыстарына зор үлес қосқан медицина қызметкерлеріне арналып «Алтын жүрек» ескерткіші ашылды. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы дәрігерлердің қоғамдағы мәртебесін арттыру үшін «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағын енгізуді ұсынды.
Атақпен бірге материалдық сыйақы да беріледі. Мұның бәрі осы бағытта тер төгіп жүрген мамандардың еңбегіне берілген лайықты баға екені сөзсіз. Барша медицина қызметкерлерін мерекелеріңізбен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! Әрдайым кәсібиліктің биігінен көріне беріңіздер!" — деп жазды Әшімбаев желідегі парақшасында.