Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, онда Елбасы белгілеген стратегиялық міндеттер мен Мемлекет басшысының Жолдауында жүктелген тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында бес айда атқарған жұмысы баяндалды.
Брифингтегі алғысөзін облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Президент пен Үкіметтің қолдауының арқасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тек өсім байқалғаны туралы жағымды жаңалықтан бастады. Жалпы, қаңтар-мамыр айларының қорытындысында облыстың экономикалық өсімі 101,6 пайызды құраған. Жыл басынан бері 436 миллиард теңгеге 11 жобаны іске асыру жоспарланса, бүгінде 74,1 миллиард теңгеге 5 жоба орындалған. Ал жалпы негізгі капиталға 421 миллиард теңге инвестиция тарту көзделіп отыр.
– 2021 жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шарасымен 23 200 адам қамтылды. Есепті кезеңде аймақта 16 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 7 300-і – тұрақты жұмыс орны. Осындай жұмыстың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрады.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 69 мыңнан 50 мың адамға, яғни, 19 мыңға дейін азайды. Облыстағы 356 ауылдық елді мекеннің 70-інің тұрғыны атаулы әлеуметтік көмек алмайды. Яғни, мұнда халықтың дені жұмысқа тартылған.
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға өңірдің қолайлы климаттық жағдайы әсер етуде. Яғни, егістік алқаптары мен жайылымдық жерлердің бос жатпауына айрықша назар аударылып отыр. Арнайы әзірленген картаның нәтижесінде пайдаланылмай жатқан 41,1 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 2,1 мың гектары – егістік жер, 38,9 мың гектары – жайылым. Сондай-ақ биыл өңірде егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 768,5 мың гектарға жетті.
42 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті
Өңірде балық өндірісін 2025 жылға қарай 5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланды. Ол бойынша тиісті жұмыс қазірден қарқын алуда. Бүгінде облыс аумағында 142 балық шаруашылығы айдыны болса, форель балығын өсіруге арналған 17 тау учаскесі анықталды.
Бұдан бөлек, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша да жүйелі жұмыс атқарылуда. Оның бір көрінісі ретінде ашылған 29 әлеуметтік дүкенді айтуға болады. Қосымша тағы осындай 12 сауда орнын іске қосу жоспарлануда, – деген облыс әкімі одан әрі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірде жүзеге асып жатқан «Алқаптан сөреге дейін» пилоттық жобасының маңызына тоқталды. Бердібек Машбекұлының сөзіне сүйенсек, бұл бағытқа 1 миллиард теңге бағытталыпты. Аталған жоба аясында азық-түлік тауарларын сатып алуды тұрақтандыру және қамтамасыз ету мақсатында төрт сауда желісі құрылып, оларға өнімдер делдалсыз тікелей жеткізіліп отыр.
Бес ай ішінде облыста 42 ауыл шаруашылығы тауарының жәрмеңкесі өткен. Онда барлығы 460 миллион теңгенің 1 104 тонна ауылшаруашылық өнімі өткізілген. Өнімдер нарықтағы бағадан 15-20 пайыз арзан саудаланған.
Есепті кезеңдегі жүйелі жұмыстың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған. Орташа жалақы биылғы жылдың бірінші тоқсанында 144 мыңнан 176,9 мың теңгеге дейін өскен.
Облыс әкімі баяндамасында «Жамбылдықтардың тұрмыстық табысын жақсарту» жобасының нәтижесіне де тоқталып өтті. Жобаның бес бағыты аясында 9,2 миллиард теңге игеріліп, қазіргі таңда 944 миллион теңге несие қарызы өтелген.
Пилоттық жобаға қатысушылар 21 мың тонна дәнді және мал азығы дақылы, 11,2 мың тонна көкөніс пен бақша дақылы және 12,5 мың тонна ет пен сүт өнімін өндірген. Нәтижесінде, 589 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыссыздар саны 36 пайызға азайған. Сондай-ақ ауылдық округте атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 1 058 адамға азайып, 2 282 тұрғын өзін-өзі жұмыспен қамтыған.
Өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның да жемісін жамбылдықтар айқын сезінуде. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы айрықша қарқын алған. Жыл басынан 204,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл қорытындысымен 651 мың шаршы метр тұрғын үйде қоныс тойы тойланбақ.
Биыл Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 424,8 шақырым жол салынып, жөндеуден өтпек. Нәтижесінде, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жол үлесі 90 пайыздан 93,3 пайызға, ал елді мекен көшелері 77,2 пайыздан 79,2 пайызға жақсарады.
«Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды
Сондай-ақ жыл соңына дейін 44 мың халық тұратын 12 ауылға су құбыры жүргізіліп, тіршілік нәрімен қамтылу деңгейі 88,7 пайызға жетеді. Сол секілді 20 елді мекенге газ тартылып, 83,8 пайыздық меже діттелмек. Бүгінде облыста 23 білім беру ғимаратының құрылысы жүруде. Соның арқасында 1 апатты, 3 үш ауысымды, 2 тозығы жеткен мектептің мәселесі шешімін таппақ.
Коронавирус кеселі жамбылдықтарды да қос бүйірден қысқаны ақиқат. Осыған орай, қазір 150 мың жамбылдық кеселге қарсы вакцина салдырған. Медициналық мамандардың тапшылығын жою үшін облыс орталығынан С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің филиалы жұмысын бастаса, Primary Health Care ұлттық қауымдастығымен ынтымақтастық туралы меморандум аясында 4 озық тәжірибе орталығы құрылып отыр.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының бастамасымен облыстық көпсалалы балалар ауруханасында 120 төсектік «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, онда қазір 620 бала ем қабылдауда. Жалпы, медициналық мекемелердің материалдық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 2,6 миллиард теңге қарастырылған. Баспасөз мәслихатында Бердібек Машбекұлы Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан жобалар жайында да жан-жақты айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыста қолға алынған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында 347 азамат тұрақты жұмысқа орналасып, 445 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. 180 тұрғын қайтарымсыз грант алды. Ал ата-баба дәстүрін жалғап, былтыр жанданған «Асарлатып үй салу» жобасы шеңберінде 99 мұқтаж отбасы баспана бақытына кенелсе, биыл тағы 134 үйдің құрылысы басталып, оның 14-і пайдалануға берілді. Осылайша, жалпы асар әдісімен 2,3 миллиард теңгенің 233 үйі салынатын болады. Сол секілді, «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде табысты түлектердің демеушілігімен 3 STEAM лабораториясы ашылып, 3 спорт кешені бой көтерді. Тағы осындай 4 кешеннің, 6 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарлануда. Жалпы, түлектер тарапынан 2,8 миллиард теңгеге 73 елді мекенде жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Биыл өңірде «Таразға тарту» атты жақсы жоба жанданды. Жоба аясында облыс орталығында 42 нысанда абаттандыру және жөндеу жұмысы жүруде десек, олардың қатарында тұрғын үйлер мен балаларға арналған ойын және спорт алаңшалары, 21 саябақ пен сквер бар. 42 нысанның қазір 5-еуі пайдалануға беріліп отыр, – деді Б.Сапарбаев.
Бұдан кейін Бердібек Машбекұлына журналистер тарапынан сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің дені жастар арасындағы қылмыстың алдын алу, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі, жемқорлықпен күрес, көпбалалы отбасыларға көмек және ағын су тапшылығы сияқты мәселелерге қатысты сауал жолдады. Аймақ басшысы жастар қылмысының алдын алу үшін олардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Ал жайылымдық жер мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын, ағын сумен қамтамасыз ету үшін су қоймаларының құрылысы қолға алынғанын, жемқорлық дерегі бойынша 40 пайыздық төмендеу байқалғанын, ал көпбалалы отбасылар мәселесі әрдайым әкімдік назарында екенін жеткізді. Осы тектес өзге де сауалға Бердібек Машбекұлы тұщымды жауап беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруде әулиеаталықтар әрдайым жұмыла жұмыс атқаратынына сенім білдірді.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы