Жамбылда қарасора бизнесі тыйылмай тұр
Жамбылда қарасора бизнесі тыйылмай тұр
201
оқылды

Жамбыл облысында кейінгі жылдары қарасора бизнесімен күрес қарқынды жүргізілуде. Әсіресе, өткен жылы құзырлы сала мамандары даладағы шопаннан бастап қаладағы тұрғынға дейін құрықтап, есірткі бизнесінің жолын барынша кесті. Енді, міне биыл «Қарасора – 2021» жедел алдын алу шарасы ресми ашылып отыр. 31 қазанға дейін жалғасатын науқанда қай бағыттарға басымдық берілмек?

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Тілеген Матке­нов­тің айтуынша, қазір елдің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобының есірткілерін дайындаумен және әкетумен айналысатын адамдарды анықтау, героин трафигі арналарының жолын кесу, синтетикалық есірткіні таратуға маман­дандырылған ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін және есірткі зертханаларын жою бойынша нақты міндеттер айқындалыпты.

Операцияның ашылу орны ретінде Шу қаласының таңдалып алынғаны да кездейсоқтық емес. Себебі өткен жылы Шудан шыққан каннабис тобының есірткілері елдің барлық аймағына тараған. Жамбыл және Қызылорда облыстарының Полиция департаментінде каннабисті тасымалдау барысында пайдалануы мүмкін жергілікті жерлерді, ауылдық жолдарды ескере отырып, патрульдеу бағыттары әзірленген. Құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру орындарын анықтау мақсатында ІІМ мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы бөлімшелерін, күштер мен құралдарды тарта отырып, Қызылорда облысы мен оған шекаралас аумақтарда әуебарлауы жүзеге асырылған. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдің оңтүстік аймақтарында ұйымдасқан қылмыстық топтардың тетрагидроканнабинолдың көп мөлшері бар «Үнді қарасорасын» өсіру жайттары да анықталып, қылмыскерлер құрықталған.

Жалпы, өткен жылғы науқан барысын­да 830 қылмыс ашылып, оның ішінде 383 есірткі сату және 162 сақтау фактісі, 233 қа­ра­сора өсірудің жолы кесілген. Түр­кіс­тан, Қызылорда және Қарағанды облыс­тарында жалпы көлемі 260 гектардан астам 62 плантация жойылған. Салмағы 20 тон­на­дан асатын 53 мың түп қарасора алынып тасталған. Негізгі бөлігі Қызылорда облысына тиесілі. Онда 48 плантация жойылып, 14 тоннадан астам құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленіп отыр. Мәселен, Қарағанды және Қызылорда облыстарының шекарасында тікұшақпен ұшу кезінде Қызылорда облысының тұрғындары анықталып, олар Тойота Land Cruiser көлігімен жасырынуға тырысып, атыс қаруын қолдана отырып қарсылық көрсеткен.

– Жыл сайын полицейлер облыстың құмды аймақтарынан басқа өңірлерге жабайы қарасораны шығару арналарын жабу бойынша операциялар жүргізіп келеді. Өткен жылы «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысы бойынша тек Жамбыл облысы бойынша 574 есірткі құқықбұзушылық анықталды. Оның 139 дерегі есірткі қылмысы, ал 435-і қылмыстық теріс қылық. Есірткі қылмыстарының ішінде есірткіні өткізудің 73 дерегі, 38-і аса ірі мөлшерде сақтау, 3-і есірткі контрабандасы және 25 құрамында есірткі бар өсімдіктерді өсіру дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 2 тонна 867 келі түрлі есірткі құралы тәркіленді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен жергілікті атқарушы биліктің өкілдері бірлесіп, есірткіні өртеу, шабу, жерді аудару, сондай-ақ улы химикаттарды қолдану жолымен жою шараларын тұрақты түрде жүзеге асырып келеді. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жал­ғасады, – дейді облыстық Полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлей­менов.

Міне, осылайша «Қарасора-2021» шарасы ресми түрде бастау алып, алғашқы жиырма күндіктің өзінде өз нәтижесін көрсетті. Атап айтсақ, 1 маусымнан бері 48 құқықбұзушылық анықталып, оның ішінде 17 қылмыс және 31 қылмыстық теріс қылық дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 140 келіге жуық түрлі есірткі құралы тәркі­леніп, шығарылып отыр. Мұндай ауқымда шара­ны өткізу барысында Полиция депар­таменті­нің 80 қызметкері, 22 бірлік автотехни­ка, 114 бірлік арнайы техника және 5 қызметтік-іздестіру иті жұмылдырылған. Сондай-ақ жергілікті жерлерден 20 жедел мобильді топ құрылған. Бір сөзбен айтқанда, биыл есірткі бизнесімен күрес мамандары жұмысты тағы күшейтіп, қылмыскерлерді тырп еткізбей отыр.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы