«Конституциялық соттардың және оларға теңестірілген органдардың шешімдерін орындау: теория және практика» тақырыбында халықаралық онлайн семинар өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Венециялық комиссиямен бірлесіп, Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің Орталық Азиядағы құқық үстемдігі жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған бірлескен бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырды.
Конституциялық кеңестің төрағасы Қайрат Мәми іс-шараны аша отырып, конституциялық әділет органдарының қызметі Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Бұл миссия орындалуы құқық үстемдігін бекітудің міндетті шарты болып табылатын конституциялық бақылау органдары шешімдерінің маңызын айқындайды.
Венециялық комиссияның президенті Джанни Букиккио өзінің құттықтау сөзінде конституциялық соттар демократиялық қағидаларды қалыптастырады, өйткені олар конституцияда бекітілген қағидаттар мен нормаларға түсінік береді, бұл барлық мемлекеттік органдардың Негізгі Заңды түсінуіне және қолдануына бағыт береді, – деді. Олардың шешімдерін тиімді орындау адам құқықтарын қорғауды жақсарту үшін маңызды және тиісінше басқаруға ықпал етеді.
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссон Еуропалық Одақ пен Еуропа Кеңесінің аталған бағдарламасының негізгі ережелеріне назар аударды.
Форумда Конституциялық Кеңестің мүшесі Унзила Шапак, Өзбекстан Республикасы Конституциялық Сотының Төрағасы Мирза-Улугбек Абдусаломов, Қырғыз Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Меергуль Бобукеева және Тәжікстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Джамшед Джамшедзода баяндама жасады.
Венециялық комиссияның сарапшылары - Болгария Конституциялық Сотының судьясы Филипп Димитров, Чехия Конституциялық Сотының судьясы Катерина Семачкова, Молдова Конституциялық Сотының бұрынғы төрағасы Александру Тэнасе және Грузия Конституциялық Сотының бұрынғы төрағасы Георгий Папуашвили өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарға қатысушылар аталған тақырып бойынша тәжірибе алмасып, бар проблемалар мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Қазақстандық тарап қарастырылып отырған салада ұсынылатын заңнамалық бастамалар туралы айтып берді. Олар Конституциялық Кеңестің қаулыларын орындау үшін заң жобаларын әзірлеу, соттың және өзге де шешімдерді қайта қарау, оларды қолданысқа енгізу тәртібі мәселелеріне қатысты болды.
Чехия өкілі билік арасында сенім бар шынайы демократиялық мемлекетте конституциялық соттың шешімдері оларда берілген түсіндіру бөлігінде де, оларды тиімді орындау мағынасында да сақталатынын атап өтті. Жаңа заңнаманы әзірлеу кезінде оның құқықтық ұстанымдарын ескеру адам құқықтарын қорғау үшін маңызы зор.
Грузиялық сарапшы конституциялық бақылаудың тиімділігі көп жағдайда конституциялық шешімдердің орындалу нысанына, көлеміне және сипатына байланысты екенін түсіндірді. Конституциялық шағым берген адам үшін конституциялық соттан тиімді қорғау алуға мүмкіндігі болуының өмірлік маңызы бар. Осылайша, конституциялық шешімдерді жүзеге асыру Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Семинар жұмысына Парламент депутаттары, Жоғарғы Соттың судьялары, Президент Әкімшілігінің, Бас прокуратураның, Әділет министрлігінің басшы қызметкерлері және Қазақстанның ғылыми қоғамдастығының өкілдері қатысты.