Еліміздегі кеден қызметінің қалыптасуы мен дамуы тәуелсіздік тарихымен тікелей байланысты. Осы жылдар бойы мемлекетіміздің экономикалық мүддесін қорғау жолында қызмет еткен бұл сала алғашқы қиын жылдары ел табысын еселеуге үлкен үлес қосты. Ол тарихтың алғашқы қадамы 1991 жылғы желтоқсан айынан басталған еді. Осы уақытта Қазақстан Президенті жанынан Кеден комитеті құрылды. 12 желтоқсан күні шыққан №539 Жарлық Президенттің алғашқы тарихи құжаттарының бірі болды. 1991 жылы республикадағы кеден органдары қызметкерлерінің саны небәрі 150 адамды құрады. Келесі жылы комитет Қаржы министрлігінің қарамағына берілді.
Қалыптасу табалдырығында
Қазақстанның кеден қызметінің қалыптасу кезеңі 1983 жылдан басталады деуге болады. Осы жылы сыртқы экономикалық байланыстар жандана түскендіктен, көптеген кәсіпорындар экспортқа жұмыс істей бастады да, Алматы кеден бекеті Ташкенттің құрамынан бөлініп шықты да тікелей Мәскеуге бағынатын органға айналды. Ал 1984 жылы 8 маусымда кеден бекеті кеден қызметіне айналды. Оның штатында 14 адам жұмыс істеді. Бірақ өзгерістер мұнымен тұрып қалған жоқ. 1988 жылы Алматы кеден қызметі Қазақстан Республикасының кеден қызметі болып өзгертілді. Оның алғашқы бастығы Нұрлан Тілемісов болды. 1991 жылы Нұрлан Хайдуллинұлы тәуелсіз Қазақстан Республикасының Кеден комитетінің бірінші төрағасы болып тағайындалады. Қытаймен шекарада бұрыннан бар «Қорғас», «Бақты» бекеттеріне қосымша Талдықорған, Атырау және Шымкент облыстарында кеден бекеттері ашылды.Қазақстан тәуелсіздік тарихының табалдырығын әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекарасы бар ел ретінде аттады. Оның Ресеймен 14 мың, Қытаймен 1,5 мың шақырымды құрайтын шекарасы бар еді. Сондықтан да жас мемлекеттің алдында осындай ұзын шекарада кедендік бақылау орнату қажеттілігі тұрды. Ел экономикасы қиын жағдайда болғандықтан, қоғамдық және әлеуметтік қатынастардағы өзгерістермен қатар елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі кеден қызметінің орны мен рөлін де айқындауға тура келді. Осылайша, көптеген сынақ пен қателіктерді бастан өткере отырып, кеден ісін басынан бастап меңгеруге мәжбүр болған елімізде әр саланың мамандары кеден қызметіне келіп жатты.1991-1995 жылдар кеден қызметінің проблемалары елеулі шиеленіскен, қажетті заңнамалық база қалыптаспаған, білікті кадр құрамы мен жеткілікті қаржыландыру жетіспейтін жайттармен есте қалды. Мәселен, республиканың кеден ісі көп жағдайда бір-біріне қарама-қарсы келетін 200-ден астам әртүрлі құжатпен реттелді. Оның ішінде кеден органдарында кадр және тәрбиелеу жұмыстарының көптеген мәселесі реттелмеді. Бұл жағдайды шешу үшін Министрлер кабинетінің 1992 жылы 19 ақпанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік кеден қызметі туралы» №127 қаулысы қабылданды. Бұл кеден органдарының қызметін регламенттейтін алғашқы нормативтік актілердің бірі еді. Онда кеден қызметі басшысының мәртебесі айқындалып, лауазымдық жалақылары мен дербес атақтары үшін үстемеақы мөлшері бекітілді. Сондай-ақ аталған қаулымен Кеден кодексі қабылданғанға дейін Бас кедендік басқарма кедендік табыстардың 10 пайызға дейінгі көлемін материалдық көтермелеулер мен әлеуметтік-мәдени іс-шараларға жұмсай алатын болып белгіленді. 1993 жылы кеден органдарындағы штаттық бірлік саны 3 мың адамға жеткен болса, 1994 жылы бұл сан 6,4 мың адамды құрады. Ал 1995 жылғы маусым айында №2368 «Қазақстан Республикасындағы Кеден ісі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы қабылданды. Соның аясында кеден органдары лауазымды тұлғаларының қызмет өткеруі туралы ереже бекітілді. Қызмет өткеру тәртібі, дербес атақтарды беру, кандидаттарға қойылатын талаптар регламенттелді. Кеден органдарында кадрмен жұмыстың болашақтағы саясатын айқындайтын кадр және тәрбие жұмыстарының басты бағыттары бойынша бірқатар нормативтік акті қабылданды. Ең алдымен негіз ретінде құқық қорғау органдарында қолданылатын кадр жұмысының жүйесі қабылданды, сондай-ақ басқа мемлекеттік органдардың оң тәжірибесі алынды. 1995 жылы кеден қызметі жалпы сомасы 19 148 857 теңге болатын алым-салық жинаған болса, 1997 жылы бұл көрсеткіш 33 706 710 теңгеге жетті. 1998 жылғы шілдеде қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заң кеден органдарының одан әрі сапалы дамуына әсер етіп, сыбайлас жемқорлық көріністерін заңды түрде шектеуге, кеден органдары лауазымды тұлғаларының арасында қызметтік тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді. Ал 1999 жылғы қабылданған «Мемлекеттік қызмет туралы» заң кеден қызметінің кәсіби және тиімді жүйесі мен бірыңғай кадр саясатын қалыптастырған, өзекті қажеттіліктерге жауап беретін жаңа көзқарастарды айқындаған, кеден үшін елеулі рөл атқарған құжат болды.
Даму баспалдағында
2000 жылдар кеден органдарын реформалаумен ерекшеленді. Үкіметтің 2000 жылғы 22 қарашадағы №1746 «Қазақстан Республикасының кеден қызметін реформалау бағдарламасын бекіту туралы» қаулысы қабылданды. Бағдарламаның басты мақсаты – кеден органдары қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, заңнамалық және құқықтық базасын жетілдіру, кадр саясатын нығайту, құрылымы мен штат санын оңтайландыру. Реформалау нәтижесінде кеден органдары басшылық құрамының лауазымдарына қабылдауға конкурстық жүйе енгізілді. Қайталанатын функциялар алынып тасталып, өкілдіктер қайта бөлінді. Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлерді үнемі оқыту және біліктілігін арттыру туралы қойған талаптарын орындау барысында Астана және Атырау қалаларында Оқу-әдістемелік орталықтарын құрды. Оқу семинарлары мен біліктілікті арттыру курстары шеңберінде лауазымды тұлғаларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру үшін қажетті әдістемелік және оқу базалары ұйымдастырылды. Астана қаласындағы Оқу-әдістемелік орталығына Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік орталығы мәртебесі берілді.2011 жылғы 1 шілдеден бастап Кеден одағы құрылып, Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттері арасында кедендік бақылаудың алынып тасталғаны еліміздегі кеден қызметін дамытудың жаңа белесі болды. Осыған байланысты Қазақстан-Ресей телімінде 580 штат бірлігін босатылып, 32 кеден бекеті таратылды. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін оңтайлы жағдай жасалды, Кеден одағы шекарасының сыртқы периметріне өткізу мүмкіндіктері артты.Саланы жетілдіру бойынша реформалардың тез, әрі терең де батыл жүргені сондай, еліміздің кеден қызметі озық ақпараттық технологиялармен үздіксіз қамтамасыз етіліп отырды. Кедендік рәсімдеу мен қадағалау барысын жеңілдететін, сол арқылы еліміздің мемлекеттік шекарасының өткізгіштік қабілетін арттыратын бұл технологиялар бүгінде кеден органдарын дамытудың шешуші бағыты болып табылады. Осындай жетілдірудің арқасында 2011 жылы 9 айда ғана кеден органдары бюджет кірісіне 840 млрд. 918 млн. теңге түсірді. Бұл оның алдындағы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 354 млрд. теңгеге немесе 73%-ға артық. Осылайша, күйреген экономиканы аяқтан тұрғызуға үлкен үлес қосқан кеден саласы бүгінде қауымдасқан сипатта қызмет етуде. Осы жылдар ішінде аймақтық деңгейден халықаралық деңгейге дейін көтерілуге, дамыған елдердің кедендік озық әкімшіліктерін қуып жетуге қол жетті. Кедендік саясаттың одақтық деңгейде жүргізілуі Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануға ұмтылған бағытының заңды жалғасы. Мұндағы тәжірибенің де ел экономикасы үшін сабағы көп болмақ. Еуразиялық экономикалық одақ құрамында бүгінде Қазақстан соңғы 10 жылда кедендік түсімдерден жыл сайын 300 млрд. теңге көлемінде кіріс көріп келеді.
Нұрлан ҚОСАЙ