Өскемен қаласында жол апатына ұшыраған жәдел жәрдем көлігі аударылып қалды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 30 маусым күні Жібек маталар комбинаты ықшамауданында болды. Жедел жәрдем мен Toyota Ipsum көліктері соқтығысқан.
«Арнайы жарық шамдарын қосып келе жатқан жедел жәрдем көлігі Өтепов көшесінен Сәтпаев даңғылы бойымен Жібек жолы көшесіне қарайғы бағытта келе жатып, реттелген жол қиылысында қызыл жанып тұрған бағдаршамнан өтіп кетті. Ал сол кезде Toyota Ipsum автокөлігі бағдаршамның жасыл түсіне өткен. Осылайша, екі көлік соқтығысып қалды», - делінген хабарламада.
Жол апатының салдарынан жедел жәрдем көлігі аударылып қалды. Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.