Бас қаланың оғландары
Бас қаланың оғландары
313
оқылды

Астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сені­мінің айнасы. Арманы мен тілегінің көрінісі. Жастардың, жастықтың қаласы. Жарқын болашаққа апарар жол  да осы қаладан бастау алып жататындай көрінеді. Сол үшін де талмай еңбек етіп, спортта, бі­лім­де топ жарған үздік жас­тардың қатары қалың. Елордада дүние есігін ашып, осы қала­мен бірге өсіп, бірге жетіліп, биіктен көрінген жастар туралы сөз қозғамақпыз.

Болашағын елордамен байла­ныс­тырған жастарға барлық есік ашық деп айтуға әбден болады. Соған сай бәсеке өте жоға­ры, ал ол бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүм­кіндік бар.
Бас қалада дүниеге келгендердің алдының жасы  енді ғана 20-дан асып жатыр. Десек те, бұл оларға әр салада жетіс­тікке жетуге, түрлі додаларда топ жа­рып, еліміздің байрағын биікте­туге еш кедергі емес екенін дәлелдеп отыр.

Солардың бірі – Санжар Таш­кен­бай. Елордада туып-өскен ол Поль­­шада бокстан жастар арасында өткен Әлем чемпионатының чем­пионы. Қазір Санжар 11-сыныпқа көшті, оқуын аяқтағаннан кейін спортқа түбегейлі бет бұрмақ ниетте екенін айтады. Талабы таудай, арма­ны да асқақ. Жарыстар мен чемпио­наттарда байрағымызды көтеріп, еліміздің атын шығарғысы келеді.  Әр жеңістің артында жылдар бойғы жаттығулар, үлкен еңбек, ерік пен мінез тұрады. «Ең бастысы,әр адам өз күшіне сенуі керек», – дейді ол. 

Елорда жастарының спортқа деген құлшынысы мен таудай тала­бы, еңбегі әр жыл сайын еселеніп келе жатқаны да байқалады. Соның ішінде қысқы спорт түрлеріне бала күнінен әуестеніп, сол бағытта елеулі нәтиже көрсетіп жүрген елор­да перзенттері де көп. Елімізде конькимен жүгіру спортының негізі Алма­ты қаласында қаланғаны бар­ша­ға аян, енді осы спорт түрі жаңаша қарқын, жаңаша серпінмен Нұр-Сұл­танда дамып келеді. «Алау» мұзай­дыны қаншама чемпиондарды тәрбиелеп шыға­тыны­на зор үміт бар.  Тимур Мүслімқанов да сондай үміт күттіретін жастардың қата­рында.

– 2001 жылы қыркүйек айында осы Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келдім. Конь­кимен жүгіру спортына 10 жасымнан бастап әуестеніп, қаты­са бастадым. 15 жасымда Қазақ­стан чем­пионы атандым. 16 жасымда спорт шеберіне үміткер болдым, ал 17 жа­сымда спорт шебері дәрежесін алдым.
Жалпы, спорттың бұл түрі бо­йын­ша жыл сайын бәсеке  қыза түседі. Конькимен жүгіру соны­сы­мен де қызық. Қазір сол бә­секе­ге  төтеп беру үшін үзбей жаттығамын. Мақсатым – Әлем чемпионы болып, көк байрағымызды көтеру.
Еліміздегі конькимен жүгіру спорты­ның даму тарихы 1931 жыл­дан бастау алады, сол кезде Петро­павлда «Динамо» стадионы салынды. Одан әрі Алматыда – Медеу спорт кешенінде одан әрі дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Тура осы жерде 200-ден астам әлемдік рекорд орна­тыл­ды. Мұзайдын ұзақ жылдар бойы «рекордтар фабрикасы» мәртебесіне ие болды. Қаншама чемпиондар шық­ты.
Енді, міне бас қаламыздағы, ту­ған қалам­дағы «Алау» мұзайдыны конь­кимен жүгірудің жаңа тынысын ашқандай деп айтуға болады. Әсі­ресе, мен үшін бұл үлкен мүмкіндік бол­ды. Жаңа конькимен жүгіру ста­дионы бар­лық халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес ке­ле­ді және оқу-жаттығу мен ресми жарыстар өткізу­ге қолайлы. Тек бірінші халықаралық жарыс – VII қысқы Азия ойындары кезінде мұнда 9 континенттік рекорд орнатылды.

Халықаралық конькимен жүгіру одағы біздің елімізге, Ұлттық конькимен жүгіру­шілер федерация­сына үш жыл қатарынан (2011, 2012, 2013 жылдары, ал 2015 жылы Қазақ­стан спринттен Әлем чемпионатын өткізді) әлем кубогы кезеңдерінің бірін өт­кізуге сенім білдіргені – еліміздегі конькимен жүгіру спорты­ның табысты дамуының айқын дәлелі деп есептеймін, – дейді Тимур. 

Нұр-Сұлтан қаласы тек саяси астана емес, рухани-мәдени орта­лық­қа айналып келе жатқанын аң­ғару қиын емес. Салынып жатқан театрлар, әртүрлі өнер ордалары осы сөзімізді дәйектей түседі. Соның ішін­де ұлттық өнерге қызығатын, әлемге танытқысы келетін жастар­дың көп болуы көңіл қуантады.
Альбина Ағыбай 2009 жылы елордада туған. Кішкентайынан ал­ғыр, зерек, озат екені байқалған. 3 жа­сы­нан бастап әріп танып, кітапты зуылдата оқыған екен. Шахмат, то­ғыз­құмалақ ойнайды. Одан бөлек, қолөнерге, каратэ үйірмесіне барады. Жетістігі де көп. Жақында Тәуелсіз­дік­тің 30 жылдығына арналған арнайы төсбелгімен марапатталған.
Альбинаның домбыраға деген ықыласы ерекше. Домбыраға Оқу­шылар сарайындағы «Шұғыла» үйір­месі ашылғалы бері қатысқан.
Болашақта елінің өркендеуіне, өсуіне өз үлесін қосып, Димаш сияқ­ты қазақтың атын әлемге танытсам деген арманы бар екенін айтады. Ал туған қаласы Нұр-Сұлтан  әлемнің ғаламат қалаларына айналса деген тілегі бар, сол үшін талмай еңбек­тенгісі келетінін де жасырмады.
Елордада тек спорт, өнер білімде жетіс­тікке жеткен жастар емес, іскер жастардың буыны да қалыптасып келеді. Ол да ел ертеңі  үшін аса маңыз­ды, себебі іскерлік заман талабына айналып отыр. Елорданың іргесі енді қаланған кезде дүние есігін ашқан Данияр Қызыкенов туған қаласында ісін дөңгелетіп отыр.

– Алғашқы бизнесім – асхана ашу болды, ол екі айдай жұмыс істеді. Содан соң жай ғана жақсы тамақтану мекемесін аш­қым келді. Бірақ бургер жасайтын тамақтану орнын ашуға бел будым. Қазір жаңа жобамен, маркетингпен, бейне­продакшн­мен, IT-мен ай­налысамын. Кәсіп ашу кезінде көбі менің жас екенімді көріп, қа­персіздікпен қара­ғаны қиын болды, бірақ керісінше жастарға үнемі көмек беріп, кеңес бергісі келетіндер де бар екені қуант­ты. Кәсіпкерлік мені әрдайым дамуға, жұмыс істеп, бір орында тоқ­тап қалмауға үйретті. Оған қоса, өзіңнің сүйікті ісіңді табу өте маңызды, – дейді елорда құрдасы. 

Қаланың айшықты қадамдарын сара­лағанда онда туып-өскен жастар­дың жетіс­тіктерін назарға алу маңыз­ды. Күн сайын өсіп, көркейіп келе жатқан елорда жастары – қаланың өзіндей жаңашыл, арманы биік, талабы зор.  Әрқайсысы туған қаласы­ның бір кірпіші болып қаланып, елінің өркендеуіне үлес қосуға ниетті.
Мадияр ТӨЛЕУ