Сапархан Омаров неден сүрінді?
Сапархан Омаров неден сүрінді?
161
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрлігін екі жыл басқарып, өткен аптаның соңында Президенттің Жарлығымен орнынан босап қалған Сапархан Омаровтың «тұзы жеңіл» ме, жолы ауыр ма, әй­теуір, саладағы ең күрделі мәселелер шаруаларға осы азаматтың министр болып тұр­ғанында бірінен соң бірі ауыр соққы болып тиді. Атап айтқанда, 2019-2021 жылдар ара­лы­ғында өршіп кеткен бруцеллез, сібір жарасы, құс тұмауы, қуаңшылық және ауыл шаруа­шы­лығы өнімдерінің қымбаттағанын көрдік. Сонымен, экс-министр Сапархан Омаров қызметінен неге кетті?

Өз саласын өрге сүйрей алмады

Сонымен, таяуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отыры­сында Ауыл шаруашылығы ми­нистрі отставкаға кетуі қажет де­ген тоқтамға келді. Оның айтуын­ша, елімізде азық-түлік қымбат­тап, елдегі инфляция алғашқы жарты жылда 7,9 пайыз болып, белгі­лен­ген нысаналы дәлізден 4-6 пайызға әлдеқайда жоғары болып шыға келген. Осылайша, пандемия азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан Қазақстанның осал­ды­ғын әшке­релеп берді. «Соны­мен бірге отан­дық ауыл шаруашы­лығы сала­сы­ның ішкі нарықты базалық өнім­дер­мен қамтамасыз ете ал­мауына қатысты сын өте әділ», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту бойынша тапсырма бірнеше рет берілген. Ол мәселе Үкімет отырыстарында да қаралған еді. Өкінішке қарай, жағ­дай жақсы жаққа өзгермей, көкө­ніс өнімдерін сақтау үшін жет­кілікті қуаттар тек Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және СҚО-да ғана бар болып шықты. Осының бәрін ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев Сапархан Омаровты Ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босату туралы Жарлыққа қол қойды.

Мысалы, қазір Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы әлі де «қуаң дала, құмды шағыл, құла түз» болып тұрған аймақтардың жағдайы қиын. Бір ғана Маңғыстаудың өзінде жаппай қырылған малдың саны 3 мыңға жетіп отыр. Ал 1 тонна шөптің орташа бағасы 23-42 мың теңге аралығында. «Нақты іс-әрекет пен кері байланыс жоқ. Сондықтан фермерлер көмек сұрап, тікелей маған өтініш айтып жатыр. Әрине, қуаңшылық – табиғи жағдай. Мұны жақсы түсінемін. Дегенмен бұл – мәселенің бір жағы ғана. Ең бастысы, осындай күрделі кезеңде тиісті министрлік шұғыл және батыл шешімдер қабылдауы қажет еді», – деді Президент.

Бағамдап көрсек, ауыл шаруашылығы саласы Сапархан Омаровқа таңсық та емес. Ол 1996-2007 жылдар аралығында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ында түрлі қызметтер атқарған. Сондай-ақ, 2014-2016 жыл­дары Ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. 2016-2019 жылдар аралығында да Мәжілісте Аграрлық мәселелер комите­тінің төрағасы лауазымын иеленген.

Осылайша, сатылап келіп, 2019 жылы Президент Жарлығымен Ауыл шаруа­шылы­ғы министрі қызметіне тағайын­далды. Бірақ өзі «бес саусағындай білетін» сол агросекторға қатысты сенім үдесінен шыға алмағаны ыңғайсыз-ақ. Шын мәнінде, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылуы, ДСҰ-ға енуі, ЕАЭО-ға мүше болуы отандық ауыл шаруа­шылығы саласы үшін үлкен сын. Өйткені біз үшін ауыл шаруашылығы дегеніміз – ел эко­номикасының негізгі салаларының бірі және қоғамның экономикалық, қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын маңызды фактор.

Індет пен апат салдары ауыр болды

Жалпы, Сапархан Омаровтың Ауыл шаруашылығы министрі ретінде аталған екі жылда ауыз толтырып айтар ерекшелігі болмады емес, болды. Оның бәріне халыққа есеп беру кездесуінде де, БАҚ-қа берген сұхбаттары арқылы да көз жеткізіп отырдық. Әсіресе, сөздерінен астық саласына көбірек мән беретіні аңғарылып тұрды. Мысалы, министрлік лауазымы коронавирус панде­миясы мен әлемде енгізілген шектеу шара­ларына сәйкес келгендіктен, ол қиындық­тың Қазақстан астығының экспортына онша әсер етпегенін айтқанын алсақ та жеткілікті. Айтуынша, маркетингтік жыл қорытындысы бойынша (2019 жылғы шілде – 2020 жылғы маусым) Қазақстан астық эквивалентінде шамамен 8 миллион тонна астық пен ұн экспорттаған. Алайда біздің қолымызда басқа да дерек бар.

Бірінші­ден, биылғы мамырда өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров еліміздің 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық өсу қорытындысын баяндады. Сонда ол «44,8 миллиард теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен нақты көлем индексі 100 пайыз болғанын» жеткізген еді. Одан кейін көп ұзамай әлгі «жабық топырақта өсірілген» сәбіздің бағасы 800, картоптікі 400 теңге көлемінен аспаса, төмендемей қойды. Осындайда әйгілі ойшыл Марк Твеннің «Өмірде өтіріктің үш түрі бар: жәй өтірік, көзіңізді бақырайтып қойып айтылатын бетсіздердің өтірігі және статистика» деген тәмсілі еріксіз еске түседі.

Екіншіден, 2021 жыл Қазақстан малшылары үшін апатты жыл болды. Қуаңшылық қысқан Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан кейін Жамбыл және Алматы облыстарының фермерлері де дабыл қаға бастады. «Қазақстанда 1975 жылғы жағдай қайталанып жатыр» деседі сарапшылар. Алайда Алматы, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Ақтау, Атырау, Орал облыстарында болған ол оқиға ел тарихындағы ең үлкен қуаңшылық еді. Қазір соны сол кездегі Қазақстан Ком­партиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қалай жеңгені туралы видео тарап жатыр. Сонда әр облыста оперативті штаб құрылып, әр ауылдық жерде жауапты адамдарды анықтап, не істеуге, қандай шаралар қолдануға болады, жемнің қай түрі керек екені белгіленген. «Көп түкірсе – көл» дегендей, ел-жұрт бір кісідей жұмыла кетіп, 11 миллион тонна жемшөп, 9 миллион тонна сүрлем, 3 миллион тоннаға жуық сабан дайындаған. Жерасты суларын іздеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, зардап шеккен жерлерге 700-ге жуық жаңа су ұңғымасы нәр бере бастаған. Демек, қазір де әр облыста сондай оперативті штаб құру әдісі өзекті болар еді. Үшін­шіден, Түркістан облысы­ның Жетісай ауданында 78 мың гектар алқаптың 1180 гектарына егілген 20 мың тонна қырыққабат экспортқа шығарылмай, өз ішімізде игерусіз қалды. Кейін амалсыз оның 250 тоннасы еліміздегі барлық балалар үйлеріне және тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратылды. Сонымен қатар 300 тоннасы Алматы қаласындағы базарларға жөнелтілді. Одан бөлек, «тері мен жүнді өңдеп, жеңіл өнеркәсіпті дамытамыз» деген желеумен экспортқа тірі малды сатуға тыйым салынды.

Бір жағынан ол көбіне Өзбекстанға, содан кейін басқа да алыс-жақын елдерге тірідей кетіп, саны әлдеқайда азайып қалған төрт түліктің басын көбейту үшін дұрыс шешім болды. Екінші жағынан 2011-2016 жылдары Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған, қазір Қазақстан ет одағының басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков министрліктің тірі мал экспортына тыйым салу туралы бастамасын сынға алды.

«Ел неге малын тірідей сатып жатыр? Ол біздің ет комбинаттары шетелдік ет өңдеу кәсіпорындарымен бәсекелесе алмай жатыр деген сөз. Өйткені олар біздікілерден жоғары баға ұсынып отыр. Біз кезінде тері экспортына тыйым салған болатынбыз. Сөйттік те, қылшығын шығарамыз деп былшығын шығардық. Тері құнсызданып шыға келді. Бұрын бір мал сойса, иесі терісін сатып қана 10 мың теңге табатын. Қазір теріні ешкім алмайды. Қоқыс қылып, босқа тастап жатыр. Тіпті, оның көзін жою үшін шығындалатын болды. Тері өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етеміз деген талпыныс бекер болды. Малдың ішкі өнімдерінің бәрін солай босқа тастап отырмыз. Өйткені оны ешкім өңдеп жатқан жоқ. Ал шетелдіктер барлығын кәдеге жарататындықтан, тірі малға біздегіден жоғары баға ұсынады», – дейді ол. Төртіншіден, індет өршіп кетті. Мысалы, 2019 жылдың 5 айында 32 мың, ал 2020 жылдың сәйкес кезеңінде 28 мың ірі қара бруцеллез болса, былтырғы 1 маусымдағы жағдай бойынша сол аурумен 51 қолайсыз пункт тіркелген. Мемлекеттік мал дәрігерлік саласы оған қарсы егетін дәрі-дәрмектің сапасыз екенін де жасырмайды. Яғни, мал індетінің алдын алуға қарсы мемлекет тарапынан тиімді жұмыс жүргізілмеген. Ал індеттің кең етек жаюы салдарынан елдегі ірі қара саны да азая түскен. Сондай-ақ, Ақмола облысының Аршалы ауданында аса қауіпті әрі өте жұқпалы сібір жарасы анықталды. Ең сорақысы, ауылдың 4 тұрғыны ветеринарлық тексерістен өтпеген малдың етін жеп, ауруханаға жатқызылды. Содан кейін Қазақстан бойынша сібір жарасының 2 598 ошағы тіркелді. Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында Ресей арқылы келген H5N8 құс тұмауының өршуі де қоса тіркеліп жатты. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою барысында 1,9 миллион құс жойылса, оның 97 пайызы 4 құс фабри­касына тиесілі. Бесін­шіден, дала өрті де ерекше үдеп кетті. Әсіресе, биылғы тілсіз жаудың кесірінен қаншама аймақ жайылымдық, шабындық жерлерінен, тіпті малынан айырылып, ол жағдай ет пен жемшөп бағасының қазіргіден бетер шарықтап кетуіне сеп болғалы тұр. Бұл тақырыпқа келесі нөмірде толығырақ тоқталамыз...

Заңсыздыққа жиі жол берілген

Сапархан Омаров Мәжіліс депутаты болып тұрған 2017 жылы Қазақстанда мамандандырылған аграрлық банк құруды ұсынып, агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту бойынша сауатты саясат қажет екенін айтқан болатын. Сондай-ақ, аграрлық сала мамандарымен жиі кездесулер өткізіп, озық тәжірибені қолдану шеңберінде көптеген жұмыс жүргізді. Бірақ соның бәрін министр кезінде жүзеге асыруға не кедергі болғаны түсініксіз. Мысалы, ол биыл ауыл шаруа­шылығын мемлекеттік қолдау көлемі 366 миллиард теңгеге жетті деп еді, ал Үкімет сағатында сенатор Нұрлан Әбдіров сол қолдаулардың нәтижесіз болғанын мәлім­деді.

Оның айтуынша, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында белгі­ленген индикаторларға қол жеткізу көр­сет­кіштері төмен. Жалпы, елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдері ішкі нарықты тек 60 пайызға қамтамасыз ете алады екен. Қалған сұраныс импорт есебінен жаб­ылады. Негізінен бізге ірімшік, сүзбе, сары май, ет және қант әлі сырттан тасы­малданып жатыр.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы бойынша қозғалған қылмыстық істердің 54 пайызы субсидияларды заңсыз бөлумен байланысты. Соңғы 5 жылда уақытылы берілмейтін субсидия ережесі 47 рет өзгерген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Марат Ахметжановтың айтуынша, сол аралықта шаруаларға 1 триллион теңгеден астам жеңілдетілген несие берілсе, оның жартысынан көбі заңсыз жолмен рәсімделген. Ал сол 5 жылдың соңғы 2 жылында да Сапархан Омаровтың министр болғанын ескерген жөн.

Төлеутай РАХЫМБЕКОВ, экономика ғылымдарының докторы:

Ауыл шаруа­шылы­ғындағы қазір­гі жағдай ешкімге оңай соғып жатқан жоқ. Азық-түліктің, бірінші кезекте же­міс-көкөніс бағасы­ның өсуі, жемшөп жетіс­пеушілігінен мал­дың қырылуы Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігі жұмысындағы сәтсіздіктермен түсін­діріледі. Бірақ бұл мәселелердің Сапархан Омаров министр болғанда ғана бастал­мағанын ескеру керек. Бұл ретте 2013-2016, содан кейін 2018-2019 жылдары Қа­зақ­стан­ды ғана емес, көрші елдерді де сиыр етімен қарық қылмақ болған сәтсіз жобаның бас­тама­­шыларын еске алған жөн болар. Олар мамандардың ескертуіне қара­мастан, АҚШ-тан Қазақ­стан­ға 1 миллион бас ірі қараны импорт­тамас бұрын, оларға арнал­ған жемшөп базасын құру, саланы жоғары немесе орта арнаулы білімі бар ка­др­лармен қамтамасыз ету, елде жетіс­пейтін малшы­лар, мал жемдеушілер, механи­затор­лар мәселесін шешу дегендей алғышарт­тармен байыпты жұмыс істеу керек болатын.

Егер жемшөп дақылдарын реттеуді 2013-2014 жылдары бастаса, онда қа­зір­гі жаппай мал өлімі болмас еді. Сон­дық­тан бұл тұр­ғыда Сапархан Омаров кінәлі емес. Негізгі кінәлілерді ауыл шаруашылығы саласына ерте келгендердің арасынан іздеу керек.

Еркеғали БЕЙСЕН