Сарапшылар күзде баспана арзандайды деп болжап отыр
Сарапшылар күзде баспана арзандайды деп болжап отыр
216
оқылды

Елімізде тұрғын үй бағасы жылдан-жылға өсуде. Оның бірнеше себебі бар дейді сарапшылар.

Бірінші – құрылыс материалдарының қымбаттауы. Жыл басынан бері арматура 100 процентке, минплита 53 процентке, кабель өнімдерінің түрлері 30 процентке, керамикалық кірпіштер 44 процентке қымбаттаған. Осының салдарынан тұрғын үй бағасы 10-15 процентке тағы өсті.

"Бағаның өсуіне карантин және құрылыс материалдары бағасының қымбаттауы секілді түрлі факторлар әсер етті", – дейді жылжымайтын мүлік агенті Дана Асқарбекқызы.

Сарапшылардың айтуынша, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін алу мүмкіндігі және тұрғын үй алуға қолайлы ипотекалық бағдарламалардың көбеюі де бағаның шарықтауына әсер еткен. Бұл бағдарламалардың уәкілетті өкілі болып табылатын банк қызметкерлері де мұны растайды. Зейнетақы жинағын алуға құқылы 720 мың азаматтың 280 мыңы тұрғын үй жағдайын жақсартуға ниет білдірген.

"Көптеген адам сол ақшаға үй сатып алып жатыр. Толық сатып алуға жетпеген жағдайда бастапқы жарнаға пайдаланып жатыр. Енді осы бірыңғай зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалуға мүмкіндік туғандықтан үйге деген сұраныс, несиеге үйді рәсімдеуге деген сұраныс көбейді", – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ бизнесті дамыту басқармасының бас маманы Марина Орынбаева.

Мамандардың айтуынша, екінің бірі үйді мемлекеттің қолдауымен алады. Сұраныс артқан сайын бағаның көтерілуі заңды дейді. Бірақ баспана құны біртіндеп түсіп келеді. Мәселен, биыл қаңтарда жаңа тұрғын үйдің бағасы 3,8% өссе, қолданыстағы үйдің бағасы 7,2% артқан. Ал маусым айында жаңа үйдің бағасы 0,9%, ал қолданыстағы баспана бағасы 1,2% тең келген. "Осы жылдың басында, яғни, қаңтар мен ақпан айында баға біршама қымбаттады, ал қалған 3 айда өсім бәсеңдегені байқалған. Бірақ бәрібір 0,3-1 процент өсім болып тұрған", – дейді Ұлттық статистика бюросының ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы. Қазір үкімет құрылыс заттарының ақысын арзандатумен айналысып жатыр. Бұл тұрғын үй нарығын біршама тұрақтандырады дейді сарапшылар. Сол болжамға сенсек, қыркүйек айында үй арзандайды. Бұл жайында "Астана" арнасы хабарлады.