«Мерген» фестивальге қатысады
«Мерген» фестивальге қатысады
294
оқылды

Режиссер-дебютант Райымбек Әлжановтың «Мерген» атты қысқаметражды фильмі жанрлық киноларға арналған халықаралық Fantasia кинофестиваліне қатысады. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» хабарлады.

Фильмнің оқиғасы XVII ғасыр­дағы Ұлы даладағы соғыс кезінде өрбиді. Аталған фильмде жас та болса қолына қару алып, отбасын қорғауға бел буған Мерген есімді баланың өмірі баяндалады. Фильмдегі басты рөлді Әлихан Әби сомдайды. Сондай-ақ бұл картинаға Райхан Айт­қожанова және Дулыға Ақмолда секілді танымал актерлер түс­кен. Фильмнің түсіру жұмыс­тары Алматы облысындағы Түр­ген шатқалында және «Қазақ­фильмнің» павильон­дарында жүргізілді. – «Мерген» фильмінің алғашқы көрсетілімі Fantasia кинофестивалінде өтетініне қуаныштымыз. Монтаждау жұмыстары аяқтала салысымен фильмді осы байқауға жібердік. Осы орайда маған қолдау білдіріп, фильмнің шығуына атсалысқан барлық түсіру тобына ерекше алғысымды білдіремін, – деді режиссер Райымбек Әлжанов.  Fantasia халықаралық кинофестивалі биыл 25-рет өткізіледі. Бұған дейін онда Квентин Тарантино түсірген «Беславные ублюдки», Тимур Бекмамбетовтің «Ночной дозор», сондай-ақ «Пункт назначения» франшизасының бір бөлімінің тұсауы кесілген болатын. Айта кетсек, фестивальдің Radical spirit атты қысқа­метражды фильмдерге арналған байқауына қазақстандық кинотуындымен бірге Ұлы­британия, Мексика, Аустралия, АҚШ, Қытай және Оңтүстік Кореяның туындылары қаты­сады. Байқау 5-25 тамызда Кана­дада өтеді. Кинотуындыны Мә­дениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» тү­сірген.

Мейірім ҚАЙРАТҚЫЗЫ