Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті. Президент ауылдардың, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтердің басшыларының тікелей сайлауы саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіретін маңызды әрі тарихи оқиға екенін атап өтті, — деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Шын мәнінде, ел тарихында осындай сайлау алғаш рет ашық әрі әділ өткізіліп отыр. Халық тарапынан ешқандай шағым түспеді. Мұндай сайлау болған емес. Біз сайлауды біреуге ұнау үшін емес, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін өткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл сайлау ауылдағы ағайынға өз әлеуетін толық пайдаланып, елді мекендерді дамыту үшін жаңа мүмкіндік беретініне тоқталды.
Президент әкімдердің сайлауалды жұмыстарына оң баға беріп, олардың қызметіне табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев олардың халық сенімін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенім білдірді.
Жиын соңында жаңадан сайланған әкімдер Мемлекет басшысына өз бастамасын жүзеге асырғаны және еліміз бен ауылдарының игілігі жолында еңбек етуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.