Үкімет елдегі интернет желісінің 100 пайызға жақындап қалғанын айтып жылда жұбатады. Бүгіннің өзінде елді мекендердегі жұрт айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып отырған көрінеді. Алайда өткен жылы қашықтан оқу үрдісіне көшкенде жоғарыда айтылған сөздің қаншалықты шындыққа жанасатынын көзбен көрдік.
Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин биыл алты ай ішінде Қазақстандағы интернет трафигі 7 900 петабайтқа дейін артқанын айтты. Бұл былтырмен салыстырғанда 15 пайызға көбейген. Бір жыл ішінде елімізде мобильді ғаламтордың жылдамдығы бойынша Speedtest Global Index рейтингіндегі алатын орнын 15 сатыға жақсартып, 80-орынды иеленген. Қазақстан бекітілген интернет жылдамдығы жөніндегі рейтингте 65-орында тұр. Ал интернет желісі қазақстандық сегментінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру мен дамытудың 2008-2012 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданғаны бар. Құжатта 2006 жылғы жүргізген зерттеулерге сәйкес, интернет желісіне қосылған мектептердің саны 95% болғаны көрсетілген. Оның ішінде 6 095 ауылдық мектептің 5 785-і немесе 94%-ы ғаламтордың қызығын көреді екен. Сырт көзге әдемі деректер бұлар. Сымсыз байланысқа жауапты саланың қазіргі және бұрынғы басшылары 2012 жылдан бері елдің барлық аймағына ғаламтор желісі тартылып, цифрландырудың сыйын көрсетуге сөз беріп келеді. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алдыңғы басшысы 2020 жылға дейін Қазақстанның кез келген жерінде интернет ұстайды деп еді. Қазіргі министр келесі жылға шегерді. Бәрінен бұрын 15 жыл бұрын 94% ғаламтормен қамтамасыз етілген ауыл мектептерінің еліміздің қай аймағында екені қызық. Өйткені былтыр ғана министр Бағдат Мусин 500 ауылда орнатылған ғаламтор желісі сын көтермейтінін өз аузымен айтқан. «Интернет» деген аты бар, бірақ заты жоқ 500 ауыл тұрғанда жыл аяғына дейін сымсыз желіні 1 200 ауылға жеткізу мүмкін еместей көрінеді.Әдеттегі байланыс жоқ
Жақында министр Бағдат Мусин Қарағанды маңындағы Баймырза ауылындағы байланыс сапасын көру үшін елді мекенге екі рет барған. Таңертең және кешке жүргізілген өлшеулер ауылдағы байланыс сапасының төмендігін көрсеткен. Ауыл аумағында Теле-2 базалық стансасы орнатылса, екі метр қашықтықта Қазақтелекомның оптикасы салынғанына қарамастан Tele-2 мобильді интернеттің орташа жылдамдығы секундына 0,34 мегабит, Beeline мүлдем ауламайды, ал Kcell-ге тек 60 жағдайдың 24-інде ғана қосылу мүмкін болған. Осы іссапар туралы министрдің әлеуметтік желідегі жазбасына 164 адам пікір қалдырған. Олардың дені елдегі интернет сапасының төмендігін, ал кейбір жерлерде жақындармен байланыс орнатудың қиындығын айтып шағымданған. Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола мен Қарағанды облыстарының тұрғындары ведомство басшысын ауылдарына қонақ болып қайтуға шақырыпты. Үш жыл бұрын тартылған оптикалық сым қажетке жарамай жатқанын, енді бірі интернеттен бұрын ауыл халқы естіп-білмеген ұялы байланыстың қызығын көруді армандап жүргендерін айтады. «Бір өзіңіз бүкіл облысты биыл аралап бітпейсіз. Өзіңіз тұрып жатқан елордадан 15-20 шақырым алыстасаң, интернет емес байланыс жоқ. Біздің Үкімет қандай цифрландыру туралы айқайлап жатқанын түсінбеймін. Бізде әдеттегі байланыс жоқ», – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Жанат Кәкімжанов. Ал ірі мегаполис саналатын Алматыдағы Алатау ауданы Дархан шағынауданы Жалағаш көшесінде мүлдем интернет жоқ көрінеді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Аппаз ауылында WhatsApp хабарламасы жарты күн жүреді екен.Сымсыз желі сын көтермейді
Бес жылдан бері тұрғындар саны 250-ден асатын ауылдарға интернет жеткізу жобасы қолға алынды. Қазір 928 ауылдың 60-қа жуығында базалық станса орнатылған. Бірақ сымсыз желінің сапасы сын көтермейді. Байланыс саласының маманы Гүлім Жанайдарова біздегі базалық стансаның өзі стандартқа сәйкес орнатылмайды деп отыр. «Мысалы, олардың арақашықтығы 100, 200 метр болу керек болса, бізде олардың арасын 500-600 метр ұзартып тастайды. Осыдан кейін интернет ұстамайды. Қаланың қақ ортасында интернет нашар деп жатады. Өйткені жобалаушылар базалық стансаны 4 қабатты үйдің төбесіне орнатады. Оның қасындағы 10 қабатты үй сигнал өткізбейді. Сосын жаңағы айтқандай аралары ұзақ. Бір базадан бір базаға сигнал бармайды. Шуылдап дұрыс естілмейді, бұрмалау коэффициенті бір-бірін көрсетпейді. Екіншісі оптикалық жүйе деп аталады. Ол да ауылды жерлерде дұрыс орнатылмаған. Қаражаттың жеткіліксіздігінен стандартқа сәйкес жасалмайды. Әйтпесе Еуропа елдерінің барлығында оптика тартқан. Жақында Польшада болдым. Кез келген жерде интернет зуылдап тұр. Ол жақта да оптика тартылған», – дейді Гүлім Жанайдарова. Кез келген қазақстандық қалаған жерінде ғаламторға қол жеткізіп, әлемдегі соңғы жаңалықтан құлағдар болып жатса, қуанасың, әрине. Дегенмен әлемдік рейтингтегі орыннан бұрын онлайнға қолжетімділікті арттыру маңызды болып тұр. Өйткені елдімекендердің 99%-ы сапалы интернетпен қамтамасыз етілгенімен, қаланың ортасында келіп жатып-ақ ғаламтор қатып қала беретіні рас. Ал шалғайдағы ғаламторға қолы жетпеген мыңнан аса ауылдың бірқатары байланыс аясынан тыс жерде өмір сүріп отыр. Екі жылдан бері онлайн сабақ өту үшін ұстаздар жарым түнде жаяулатып, оқушылар білім алу үшін тал-терекке өрмелеп кеткенін білеміз. Ал 2020 жылдың соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар 1 250 ауылға оптика тартылатынын айтқан министрлік бұл міндетті келесі жылға қалдырды. Елде қауіпті індетпен ауырғандар саны күн сайын артып келеді. Баласының амандығы үшін бас ауыртқан ата-аналар қашықтықтан оқу үрдісі қабылданар болса, былтырғы көрініс тағы қайталана ма деп қауіптенеді.Жадыра МҮСІЛІМ